Ақсәуле Әбітай: Менің апам…

Тик-тик-тик. Оятқыштың үні құлақ етімді жеп, екі-үш сағат бұрын  ғана ұйқының есігін ашқан санамды тағы да сергелдеңге салған соң амалсыздау көзімді тырнап ашып, таңның уақыты болса да қараңғылықтың құшағында тұрған сыртқа көз тастадым.  Бөлме іші жылы төсекті қиматындай суық. Құқықтың қисынын тауып сабақ айтып, экономиканың  элементтерін шемішкеше шақпасақ та, оқуға баруымыз керектігі ақиқат. Әр күн осылай басталады. Семестр біткенше ең алдымен оятқыштың үнін қайта естіместей болып кетеміз. Ол бейшарада да жазық жоқ, бірақ таң алдындағы тәтті ұйқыдан бұзғаны үшін «таз ашуын тырнадан  аладының» кебін киіп, біреуден өш алу керек қой.  «Оқу» атты көкемізді жазғыра алмайсың, ауылдан ала дорбамен қоса шешеміздің  жүрегінің бір бөлшегін арқалап, оқимыз деп келген өзіміз. Оятқышта да кінә жоқ. Бәлкім, оның орнына шешемнің сөзін естігенде басқаша болар ма еді. Әй, қайдам, мектеп кезінде де атып тұрған күнім есімде жоқ. Сол кезде ең алдымен «қарағым, тұрсайшы» деген қарт әжемнің сөзін еститінмін.

Менің әжем. Басынан ақ шаршы орамалын тастамайтын, бір уыс қана болып, көне диванда отыратын сары кемпір біздің әулеттің тарам –тарам болып таралған ұрпағының уықтарын бір шаңыраққа біріктіріп отыратын жан секілді.

Мен балабақшаға барған жоқпын. Тәлімхан әжем балаң санамда қазақи тәрбиенің  негізін қалыптастырып кетті. Әке-шешім күнұзақ үкіметтің жұмысымен жүргенде үйдегі сары кемпір ең маңызды жұмыс біздің тәрбиеммен айналысып отыратын. Бәкене бойлы, кіп-кішкентай ғана апамның сан жылғы тылдағы еңбек пен балалары үшін тағдырдың  тұтқиыл шабуылдармен күресінің нәтижесін жүзіндегі әжімдерден оқисыз.  Екі анадан тараған үш бауырдың ең үлкені менің апам ана ауылға екі інісін аттандырса да әлі тауы шағылған емес. Екі анадан  20 ғасырдың 27-ші жылы өзі айтқандай  «қауын-қарбыз піскенде»  дүние есігін ашқан әжемнің 40 жылғы өмірінің күні мектеп тақтасының алдында, түні оқушы дәптерлерін тексеріс  үстінде өткен.  Атама қосылғаннан кейін құтты ордаларын Ақкөлдің ортасына тіккен. Атамды көрген емеспін. Мен түгілі  әкемнің өзіне әкесін көрудің бірнеше жылы ғана бұйырған екен. Қалған төрт бала мен тоқал тамның орнын құлатпай отыру апамның еншісіне қалған.  Жиреншенің жары Қарашаштан бастап, Есенейдің ел бастаған Ұлпанына дейінгі  қазақ әйелдері туралы талай кітапты кеміріп, талай түндерді тамсанумен өткізгенмін. Тек Мүсірепов жасаған қазақ әйелдері галереясының тірі экспонаты көзалдымызда жүргенін  сезбеппін ол кезде.  Апам жататын бөлменің  қабырғасында атамның суреті ілініп тұратын үнемі. Әкеме қарағандар сол кісінің ұлы екендігін жазбай таниды.  Атам  өзі әскердің темір тәрбіне көнсе де, мінезін сол тәртіпке көндіре алмаған жан деседі.

Қазір апамның сол қуаты қайтып, күші кеміген. Өңі әжімге  толып, аяғын әзер басады. Тек жанарындағы нұр мен мейірімнің табы әлі кете қоймаған. Ес біліп, алғаш рет мектепке барған сәттен де әжем менің тәрбиешімнен ұстазыма айналды. Анам маған «сабағыңнан қалма» деп таңертең ерте жұмысына жөнеледі.  Сыртта ұйытқып Ақкөлдің қарлы бораны соғып тұрғанда  пештің жанындағы жылы төсекті қию оңай ма? Ақ көрпе астынан апама қараймын.  «Осындай суық күнде адам сабаққа бара ма екен? Жат, жата бер. Өзім-ақ үйден оқытамын» деген сөзін естігеннен кейін,  директордың өзі келіп  мектепке шақырса да бармайтындай боламын.  «Апа, сабақ оқитын кітабым жоқ. Ертеңгі тапсырманы білмеймін» деймін көз жасымды көлдете.  Сүт пісірім уақыттан соң көрші үйдің баласынан 5-6 дана кітап әкеліп тастайды. «Апа, есеп қиын екен» тағы қыңқылдаймын мен. 40 жыл мектепте ұстаз болғандығының естелігіндей  болған көзілдірігін киіп,  кітабыма шұқшияды. Аздан соң «бері кел, қарап түсініп ал» дейді. «Мама қашан  келеді? Бүгін мектепте не қызық болыпты? Осы біздің сағатты неден жасайды?»деп санамдағы сан түрлі сауалға жауап іздеп , өз әлемімде отырған маған оны түсіну қайда? «Апатай, рахмет» деймін де өзім шығарғандай дәптерге көшіре қоямын.

Іңір қарайып, кеш батқанда күнұзақ сыртта жүріп, әке-шешеммен дастархан басында бірақ табысамыз. Енді менің кезегім туады. Ақ шәугімді алып,  құлдыраңдай  жүгіріп келіп апамның қолына су  құйып дөңгелек үстел басына әкелемін. Түнде апаммен жарыса жүріп, төсек саламын. Таластың көкесі сонда басталады. Інім екеуміз  «апа маған қарап жат, жоқ бері қара» деп әжемізді екі жаққа тарта бастаймыз. Әр түн сайын қайталанатын бұл дауды ешбір әділ соттың өзі шешіп бере алмайды.  Тек апамыздың  аузынан естіген қазақ ертегілерінің кезекті сериясы  ғана тоқтау болады.  Бүгінде   кішкентай сіңлілерім «Маша и медведьтің» кезекті бөлімін көріп отырғанда, әжемнің сол ертегілері есіме түсіп, егіліп кете жаздаймын.

Әлі күнге дейін жоғалмаған қара шапаны мен көнетоз қара мәсісі, ақ орамалы мен қыжым көйлегі ғана жарасып тұрады өзіне. Қыздары базарлыққа әкелген көйлегі мен анам сатып алып берген қамзолдары да ала дорбаны толтырып тұр.  Тек сол қара шапаны ғана өзіне жарасып тұрғандай. Әжемнің қара шапаны мен үшін сол бір алаңсыз балалық шақтың символы іспеттес. Сенің қара шапаның мен алақаның суықтан ғана емес, менің кемпірқосақ түсіне боялған  балалық шағымды мына өмірдің қара  жолақтарынан қорғап тұрғандай екен ғой.

Жылына бірнеше рет  немере-шөберелер жанына жиналып, апа-апалап жатады. Алыстан келгендеріне айналайын-ай деп елжіреп,  «бұлар кішкентай күнінде» деп  мың бір түндей таусылмас  ұзақ хикаясын айтып жатқанда ішімді жалын жалап өткендей болады кейде. Зейнетақы алған сайын келіні мен  ұлынан тығып,  қол орамалға түйген қағаздарын беріп жататын. Қара таяғын сүйретіп жүріп бізбен бірге қора тазалап, бірге кешкі малдың алдынан шығатын, тек жалғыз ұлдан ғана тараған үш немеренің меншікті апасы болып үйренген жанды өзге туысқа бергім келмей тұратыны рас.  Бір мені атап шақыру үшін  бар немеренің атын түгендеп барып соңында  «Әй, Сәуле» дейді. Қартайып қажыған соң, бізге масыл болмайын дей ме, ұзақ уақыт  үндемей отыра береді. Кәрілік алқымынан  алып тұрса да, жастықтың жетегіндегі біздің қамымызды ойлап тұратын апамның ақ жүрегі-ай.

Әкем әжемді қатты құрметтейді. Үйге келген бетте, апаларың қалай деп сұрап,  шешесінің бөлмесіне кірмей, ішке өтпейді.  Әкемнің бүгінгі табысы – әжемнің атамыздың аманатын орындағаны. Әжемнің еңбегі еш кетпес үшін әкем «оқыңдар» дегенді сан рет қайталайды.  Отбасымызда «оқу-ертеңгі жейтін наның, болашағың»деген қағида да сол тәрбиенің жемісі.

Барлығы көне диванда бір уыс болып отыратын сары кемпірдің арқасы. Өзге қатарластарым, «апамды көрген жоқпын» дегенде мен әлі күнге дейін ауылға барған сайын «айналайынын»аузынан тастамай күтетін ақ әжем үшін шүкіршілік айтамын.

Қазір апамның жанары суалған, кейде арттағы күндер елес бере ме, өз-өзінен әлденені  еске түсіріп, сөйлеп кетеді.  Сол баяғы көне диванда отыратын сары кемпір.  Тек ауылға барғанда таңертеңгі «қарағым, тұрсайшы» деген үні мен жүректегі мейірім ғана өзгермеген. Ауыл мен әжем синонимдес сөздер.   Жердің қай бұрышына барсам да  туған жерге деген  мәңгілік сағыныш  пен апама деген өлшеусіз махаббат қана мені нағыз құндылықтарды бағалауға үйретеді.

Автор: Ақсәуле Әбітай

Total
50
Shares
Previous Post

Кірпік пен қас қалай пайда болды?

Next Post

Əкем бай болсын демеңіз, бар болсын деңіз…