Мамыр 26, 2020
Banner Content
Бөлісу

Талант – жылмен дамитын табиғи қасиет. Қанмен келген өнер қандай болса да өз иесін тастап кетпесі хақ. Сен қаламасаң да, тағдыр түрлі жолдармен сол талантыңды ашып, өзгені табындырады. Ол да өзін актер боламын деп ойламаған-ды, ал қазір халықтың кадрдағы сүйіктісіне айналып келеді.

Менің бүгінгі кейіпкерім – жас актер, «Бір тоқсан», «Сарбаз» сериалдары арқылы көрерменге жақсы таныс Ермек Тұрғанбеков. Кейіпкеріміз түсірілім алаңында жүргендіктен, телефон арқылы сұқбаттастық.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Ермек. Сізді көпшілік «Бір тоқсан» сериалы арқылы тани бастады. Мектептегі қызықты сәттерді еске түсіретін туынды, көрерменнің бәріне сол шақты еске алдырады. Өзіңіз де мектептегі кезіңізді еске алып, қандай оқушы болғаныңызды айтып беріңізші?

Ермек Тұрғанбеков: Сіздерге де қайырлы кеш. Мектептегі шақтарымды есіме алсам, негізі жақсы оқушы болдым. Сол кезде белсенділердің бірі болып, мектептің президентті де болғанмын. Әрине, оны сол кездегілер ғана білетін шығар?! Мінезімнің Аманға да ұқсайтын тұстары болды (күліп). Бірақ сабаққа, мұғалімдерге деген қарым-қатынасқа келгенде кейіпкерім екеуміз екі түрліміз.

Қарашаш Есенбай: Бала кездегі арманыңыз актер болу ма еді, өнер жолын таңдауығызға не түрткі болды?

Ермек Тұрғанбеков: Жоқ, менің «актер боламын» деген арманым болған жоқ. Негізі дипломат болуды армандап, ҚазҰУ-де оқимын деп ойлайтынмын. Он бірінші сыныпқа дейін сол мамандыққа түсуге дайындалып жүрдім. Бірақ тағдырдың жазуы басқаша болды. Мектеп бітіретін жылы Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ беретін бір кісі мені көріп, «Биыл бізде дикторлар мен актерлерді қабылдайды. Келіп тапсырып көр!», – деді. Диктор мамандығына төрт жылда бір рет ғана талапкерлер қабылдайды екен. Сонымен тек байқап көру үшін барған едім, бағым жанып түсіп кеттім…

Қарашаш Есенбай: Десе де кино әлемінде он жеті жасыңыздан бастап жүрсіз. Қалай келген едіңіз?

Ермек Тұрғанбеков: Иә, киноға ең алғаш мектеп бітіріп жатқан кезде шақырды. Сол кезде «Анаға апарар жол» фильмінің эпизодына шақырды. Байқасаңыздар, ең соңғы эпизодта мен оқушы болып ойнағанмын.

Қарашаш Есенбай: Жақында бір актердің сұқбатынан «Киноға түсу кәсіби актердің хоббиі ғана» дегенді оқыған едім. Ал, сіз қалай ойлайсыз?

Ермек Тұрғанбеков: Иә, солай айтуға болатын шығар?! Себебі кинодағы жұмыс тұрақты емес! Бірде бар, бірде жоқ… Бір киноға түскесін, келесі киноға бір жылдан кейін шақыру болуы мүмкін дегендей ғой. Сондықтан «хобби» деген сөзбен келісемін.

Қарашаш Есенбай: Талантты режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Актер өз дәрежесінде болуы үшін сериалға түспеуі керек» дегенін естігенмін. Бұл туралы ойыңыз қандай? Өзіңізді бірнеше сериалдан көріп жүрміз. Сериалға түсуге ұсыныс келгенде рөлді саралайсыз ба, әлде әзірге өзіңізді қалыптастыруға жұмыс істеп жүрсіз бе?

Ермек Тұрғанбеков: Сериалға актерден басқа кім түседі? Сериал да туынды, шығармашылық жұмыс, ол жерде қаншама адам еңбек етеді. Актер кәсіби болса, кез келген түсірілімге жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан бұл орайда сериалдың дәрежесін түсіруге болмайды. Келісемін сапасы жақсы да, жаман да сериалдар бар. Тек ақша үшін түсуге келісе салуға болмайды. Негізі актерге талғампаз болған дұрыс деп ойлаймын. Өз басым сериал ұнаса қарсы болмаймын, ал ұнамаған сериалға мүлде түспеймін.

Қарашаш Есенбай: Болашақта қандай рөлдерді ойнауды армандайсыз? Театрда қызмет ету ойыңызда бар ма?

Ермек Тұрғанбеков: Болашақта тарихы тұлғаның рөлін сомдағанды армандаймын. Оның оңай жұмыс еместігін, үлкен жауапкершілікті талап ететінін түсінемін. Ал, театрда қызмет ету ойымда бар, бірақ қазір емес. Бәлкім дайын емеспін, не жан дүнием тартпай тұрған болар?! Дегенмен актердің түбі баратын жері – театр.

Қарашаш Есенбай: Кеше хабарласқанымызда түсірілімде екеніңізді айттыңыз, құпия болмаса қандай жоба?

Ермек Тұрғанбеков: Иә, қазір түсірілімдемін. Бірақ қандай жоба екенін айта алмаймын. Уақыты келгенде бөлісермін.

Қарашаш Есенбай: Парақшаңызға қарасам, көбі сізді қатал, бұзақы секілді көретіндей. Өйткені «Сіз де күлесіз бе?» дегенге саятын пікірлерді көзім шалды. Жалпы өмірде мінезіңіз қандай?

Ермек Тұрғанбеков: Өмірде қарапайым қазақтың баласымын. Ешкімнен асып-тасып жатқан жерім жоқ. Мінезім де қарапайым, бөліп жара айтатын жері жоқ (күліп). Қарашаш Есенбай: Жанкүйер қыздардың көбі білгісі келетін сұрақ шығар, Ермектің сүйіктісі бар ма? Ермек Тұрғанбеков: Жоқ, әзірге басым бос.

Қарашаш Есенбай: Өзіңізге қандай қыздар ұнайды, нендей қасиеттерді жоғары бағалайсыз?

Ермек Тұрғанбеков: Өзіме қарапайым, сыпайы, әзілге жақын, қыздар ұнайды. Керек болса мені дұрыс жолға салатын, ақылы бар қыздарды бағалаймын. Орысша айтқанда, мен диктатор емеспін. Сондықтан болашақта жарыммен ақылдасып шешім қабылдағым келеді.

Қарашаш Есенбай: Түсірілім алаңындағы қызықты оқиғаны айтып беріңізші.

Ермек Тұрғанбеков: Қызықты сәттер өте көп болады. Менің есімде қалғаны «Бір тоқсан» сериалындағы мұғалімнің артына қағаз жапсыратын кезім. Қағазды бірнеше дубль бойы жабыстыра алмадым. Себебі оны қаттырақ басу керек, ал мен шынымды айтсам ұялдым. Сол жеріне қатты ыңғайсызданған едім. Ал, одан кейінгі сахна Түлектер кешіндегі Заринамен түсетін сахнам. Оның не туралы екенін біліп отырған шығарсыз (күліп).

Қарашаш Есенбай: Иә, түсіндім… Осындай қызықты сәттеріңіз көп болсын. Сұқбаттыңызға рақмет!

Дереккөз: ERNUR.KZ


Бөлісу
Banner Content
Тегтер: , , ,

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

five × five =

kkKazakh
kkKazakh