Маусым 18, 2021
Banner Content
Бөлісу

Пандемияның білім беру жүйесіне жасаған ықпалы зор. Оқшауланған әлемдегі ұстаз бен шәкірттің байналыс жасау формасы да өзгерді. Қоғам қарым-қатынас жасаудың жаңаша деңгейіне өтті. Осы құбылыстардың орын алуы, визуальды әлемнің құндылығын арттырғандай. Экран өнері – келешектегі өзекті қарым-қатынас тілі. Қазақстандағы кино және медиа саласына арнайы мамандар даярлайтын «Тұран» университеті, «Кино және телевизия академиясы» факультеті, «Кино өнері» кафедрасының меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты Анар Секеевамен осы өзекті мәселелер жайында сұқбаттасқан едік.

 

Оқу жүйесінде пандемияға қатысты көптеген өзгерістер орын алды. Онлайн оқыту мен қашықтықтан басқарудың артықшылықтары бар ма?

Ең бірінші уақытты үнемдеу мен дұрыс игеруге бейімделдік. Басты мақсатқа назар аудару алдыңғы орынға шықты.

Студенттердің жеке ізденуге мүмкіндігі артты. Ұстаздардың да шығармашылыққа ден қоюға еркіндігі бар. Жолға кететін уақыт үнем.

Оқшауланған әлемде әр адам өзінің өмірлік мақсаттары мен мұраттары жайында ойлануына мүмкіндік алғандай. Пандемиялық жағдай тіршіліктің мағынасын жаңа деңгейде іздеуге жол ашты.

Бірақ, қалай болғанда да ұстаз бен шәкірттің аудиторияда жүздесуі, тілдесуі, жанды қарым-қатынасқа жетер ештеңе жоқ.

 

Білім беру сапасын арттыруда қандай жаңашылдықтар орын алуда?

Білім алу – қай ғасырда да өзектілігін жойған емес. Білімсіз адам – бағдаршамсыз адасып қалған жолаушыдай.

Келешекте білім беру жүйесінің тәсілдері өзгеруі мүмкін. Бәлкім, виртуальды – цифрланған әлемнің жаңа жүйесі құрылатын болар.  Ақпараттар легі өте көп. Ізденген адамға білім алу тетіктері қолжетімді.

Жоғарғы оқу орындарының басты айырмашылығы – кәсібилікке баулу, білім алуда жүйелілікке, тереңділікке жетекшілік ете отырып үйрету. Осы тұрғыда, «Кино және телевизия академиясы» факультеті Тұран кино академиясы болып жаңғырып, құрылымы қайта жасақталып жатқандығын ерекше атап өткіміз келеді.

Визуалды өнердің келешегі зор. Цифрланған жүйенің барлығы дәл осы өнер түрінің шеберлігі мен мүмкіндігіне сүйенетін болады. Сол үшін Тұран кино академиясы осы саланың заманауи тәсілдерін тереңінен оқытып, жан-жақты білімді мамандар даярлауды мақсат етеді.

 

Мемлекеттің мәдени-өркенниетілік деңгейін көтеруде өнер саласының алатын орны ерекше. Осы салаға мамандар даярлауда ұстанымдарыңыз қандай?

Мәдениет пен өнер мемлекеттегі ең маңызды сала. Адамның ішкі мәдениеті, жеке әдебіне, қабілетіне қарап сол ұлттың руханиятына баға беруге болады.

Өнер саласына мамандар даярлауда осы жауапкершілікті сезінеміз. Кафедрамызда «Режиссер», «Операторлық өнер», «Актерлық өнер» мамандықтары бойынша мамандар даярлап шығарамыз.

Ең бірінші, мамандарды даярлайтын ұстаздардың шеберлігіне мән береміз. Олардың өз саласының кәсіби маманы ғана емес, сол салада беделі болуы да маңызды.

Ықпалды деген ұстаздарды сұрыптап аламыз. Себебі, келешек мамандардың қалыптасуында оны оқытып, тәрбиелейтін ұстаздың ұстанымы үлкен рөл атқарады.

Кафедрамыздағы ұстаздар тек қана дәріс оқумен ғана шектелмейді. Мемлекетіміздің кино және медиа саласында үлкен жобалардың жүзеге асуына ықпал жасап отырған іскер мамандар.

Атап айтар болсақ, қазақ кино өнерін насихаттауға арналған «Ел арна» телеарнасындағы «Ашық көрсетілім» бағдарламасының орысша және қазақша нұсқаларының екеуінің де жүргізушілік тізгінін кафедрамыздың профессорлары, білікті кинотанушы мамандар Гүлнар Абикеева мен Гүлзат Көбек ұстап отыр.

Әлемдік кинематографтың жауһарларын насихаттауға арналған «Абай» телеарнасындағы  «Соңғы муза» жобасының бас режиссері кафедамыздың ұстазы Алмаз Әбдіков. Операторлық шеберхананың ұстазы Марс Умаров «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсірілген «Тәуелсіздік тарландары» атты 10 сериялы деректі фильмнің бас операторы ретінде қатысса, ал, Александр Костылев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты масштабты жобаның роликтерінің топтамасын түсіруге жетекшілік жасап отыр.

Халықаралық кинофестивальдерде фильмдерімен әлем назарын өздеріне аудара білген режиссерлар Жаңабек Жетіруов, Нариман Төребаев, Серік Абишевтің есімдерін де мақтанышпен атай аламыз.

 

Даярланатын мамандықтардың өндірістегі өзектілігі мен қажеттілігін саралап, тұжырымдар жасап отырасыздар ма?

Әлбетте. Себебі, әр мамандықтың өндірістегі сұранысы мен қажеттілігін жыл сайын зерттеп отыру маңызды. Диплом алып шыққан маман жұмыспен қамтылғаны ең басты мәселе. Уақыт талабына сай кей мамандықтардың өзектілігі жойылып, керісінше, жаңа салаларды игеруді талап етеді.

Әр дәуірдің өз талабына сай жаңаша қажеттіліктері туындап отыруы заңды құбылыс. Көптеген мамандықтар тоқырау кезеңдерінен өтеді. Құндылығы жойылады. Жаңа арналарға жол ашу қажет болады.

Журналисттің орнына – блогер, актерлік шеберлікке – тиктокерлер бәсекеге түсіп, телеарналардың ақпарат беру жылдамдығын – әлеуметтік желілер жаулап жатқан құбылыстарға көз жұмып қарауға болмайды. Бұл, әр мамандықтың келешегіне қағылып жатқан – «дабылдар».

Басты тұжырым, кәсібилік ешқашан маңыздылығын жоймайды. Білімді мамандар қашан да жетекші рөлдерді атқарады.

 

Білім беретін жоғарғы оқу орындарының саны мен сапасына деген жеке көзқарасыңыз қандай? Қандай өзгерістерді қажет етеді?

Сан бар жерде сапа болады. Мемлекеттік те, жеке оқу орындарының да өзіндік атқаратын міндеті бар. Таңдау мүмкіндігінің көп болғаны қашан да маңызды. Қазақстанның барлық аймағындағы талапкерлер санаулы ғана оқу орындарына тәуелді болмауы керек. Бір саланы оқытатын бірнеше оқу орны болса, білім беру тәсілінің ерекшелігіне қарай салыстыру мүмкіндігі артады.

Әлеуметтік сана ғана емес, тұрмыс деңгейі де тең емес. Осы айырмашылықтарды қашан да ескеруіміз керек. Мемлекеттік грант 100% талапкердің барлығын қамтуға жетпейді. Ешкімнің жеке құқы тапталып, білім мен мамандық алу мүмкіндігі шектеліп қалмауы маңызды.

Ең басты қалайтын өзгеріс – берілген білімнің көрсеткіштері мемлекеттің барлық саласының гүлденуіне, өркендеуіне, дамуына нәтиже берсе, бұл жоғарғы оқу орындарының мамандар даярлаудағы миссиясының сауатты жүзеге асқандығы болып есептеледі.

 

Сұқбаттасқан: Руна Байболат


Бөлісу
Banner Content

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

19 − seven =

kkKazakh
kkKazakh