Тамыз 11, 2020
Banner Content
Бөлісу

­

«Ibatyr» жобасының кейіпкері – танымал спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен.

 

Ермұхамед аға, әңгімені қазақ комментаторларынан бастасақ, оларға айтылатын сын бұрыннан көп қой. Ал өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз?

— Сынға мен өте жақсы қараймын және маған сын айтатын адамдар бар. Олар Несіп Жүсіпбаев, Амангелді Сейтхан, Ғалым Сүлеймен, Шалқар Естен, Жандос Бәйділдә сияқты спорт журналисттері. Осындай жақсы араласатын және комментаторлықтың қыр-сырын білетін адамдар сын айтып тұрады. Оларды мен өте тамаша қабылдаймын. Ал ғаламтор бетінде әр кім әр нәрсені жазады ғой, бірақ ондағы пікірлерді көп қабылдай бермеймін. Өйткені олардың айтқандары сапасыз, нашар сын болып жатады. Ондайды сын деп емес, халықтың пікірі деп айтуға болады.

­­— Өзіңізге сын көзбен қарайсыз ба және эфирден соң қайта тыңдап, өз жұмысыңызға анализ жасайсыз ба?

— Әрине, бұрын эфирге шығып жүрген кездері өзіме сын көзбен қарайтынмын. Сонымен қатар эфирді тыңдайтынмын. Шынын айтқанда, бәрін көру қиындау, дегенмен үзіп-үзіп болса да қарап, анализ жасадым. Соңғы жүргізген эфирлер өте тамаша деп едім. Комментаторлық сала өзіме ұнайды. Комментатор болса, мына мендей болсын деймін.

Менің ойымша, қазақ тілді мамандар эмоциясын көрсетпейтін және бейтарап болмайтын секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

— Жалпы қазақтың бітімі, болмысы сондай ғой. Яғни, сабырлы және болмашыға айқайлап шулайтын халық емеспіз! Байсалды жүргізетініміздің себебі сонда десек те болады. Жалпы қазақ комментаторлары арасында эмоциясы жақсы, тек айқайлап жүргізетін мен шығармын?! (күліп). Сол қырымды да халық жақсы көріп, бағасын жақсы беріп жатады.

Ал бейтараптыққа келер болсақ, негізі соған тырысамыз. Бірақ Алматының комментаторлары Рауан Оқас, Есей Жеңісұлы деген сияқты азаматтар «Қайратқа» жанкүйерлігін байқатып қояды.

Өзіңіз комментаторлар мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеу деген секілді ой бар ма?

— Комментаторлар мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеу деген ой бар. Бірақ оған керемет бір ұмтылып тұрған, құлшынып тұрған жігіттерді көріп жүрген жоқпыз. Әрине, бар ғой, дегенмен өте аз. Оған шынын айтқанда, мүмкіндік те жоқ. Өйткені «Ермұхамед аға, сіз секілді комментатор болғым келеді» деп Атыраудан, Ақтаудан, енді біреуі Семейден жазады. Оның барлығының басын қосудың жолын білмей жүрмін… Оның үстіне уақытым да жоқ. Десе де мұның да түбі шешімі болады деп сенемін.

Егер телеарнаға комментаторлар керек болып, дайындап беруге өтініш жасаса қарсы болмаймын.

Қазір Жерар Гоудың ұлттық құрамаға келуі жайында түрлі өсектер қаптап кетті. Бұл жайында не айтасыз? Жалпы өзге ұлттың футболшыларын қашанғы жарылқаймыз. Сарапшы ретінде айтыңызшы, біздің қандастар ғана алаңға шығатын кезді қанша күтуіміз керек?

Жерар Гоу сияқты ойыншылар негізгі ұлттық құрамаға керек. Ол өте мықты шабуылшы, ондай шабуылшы әлі Қазақстан да болған жоқ! Тамаша гол соғады және бомбардир болған. Бірақ оның бір проблемасы – жасы 31-ге келді. Ол құжатын жөндеп боламын дегенше 32-ге таяп қалады. Жасы келген соң, жылдамдығы да азая бастайды дегендей… Сондықтан оны Ұлттық құрамаға алу өте кеш! Ал жалпы тұрғыдан алсақ, шетелден ойыншы алып, алаңға шығаруға қарсы емеспін. Құрамаға бір-екі ойыншы алуға болады. Өйткені атақты Бразилия, Германия сапында да шетелдік ойыншылар болды. Сондықтан ол адам шошырлық нәрсе емес, футболдағы заңды құбылыс.

Ал біздің қандастар алаңға шығуын қанша күтеміз десеңіз, негізгі онсыз да олар алаңда жүр ғой (күліп). Жалпы ұлты қазақ футболшалардың жағдайы керемет! Өте қомақты қаражат алады, бірақ бір-бірімен бәсеке жоқ. Өсу, даму дегенді қойып, бір деңдейде тоқтап қалған. Ол да дұрыс емес!

Жас балаларға футбол мектебінде жағдай қаншалықты жасалған және олар талантты қарай ма, әлде атақтылардың балаларына мойын бұра ма?

Салыстырмалы түрде қарасақ, жас балалардың футболдағы жағдайы керемет деп айта алмаймыз. Ресей, Түркия немесе  басқа да көрші елдің балаларымен салыстырған кезде, өте төмен деңгейде келе жатыр. Оны мойындауымыз керек! Біздің Футбол федерациясы осы тұрғыдан керемет бағыт ұстанып жатыр деп айта алмаймын. Оны елдің бәрі біледі. Нәтижелері керемет болса, сайт беттерінде тұрар еді, соған сүйеніп айтар едік.

Ал таланттыларды қарайма әлде атақтыларды қарайма дегенде бізде атақты ойыншылар жоқ қой. «Оле Бразил» деген жобаларда сіз айтпақшы, футболда танымал болған адамдардың балалары таныс арқылы кеткен еді. Бір қуанатын жағдай – «Оле Бразил» жобасымен кеткен 25 баланың біреуі де футболшы болмады. Ол жобаның сәтсіз шыққандығына қуаныштымын, өйткені сондай жемқорлық пен былыққа батқан жоба еді.

Отандық ойыншылар Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат секілді шетелдік клубтарға ауысуына қалай қарайсыз?

Иә, Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, Георгий Жуков сияқты ойыншыларымыз өте көп ауысты. Көбінде шетелге ауысатын «Қайраттың» ойыншылары, бұл – өте тамаша құбылыс. Меніңше, оған Қайрат Боранбаевтың үлесі өте көп болды. Енді Айбол Әбікен, Нұралы Әліп секілді жас футболшылар солардың артынан кетіп, Еуропа да ойнауы тиіс деп ойлаймын.

Қазіргі замандас, ізбасар жігіттердің намысшылдығын қалай бағалайсыз? Соңғы кезде азаматтардың босаңдауы жиі сөз болады. Неліктен?

Иә, соңғы кезде азаматтардың босаңдауы жиі сөз болады. Негізі жігіттерде құр намыс ғана бар, бірақ білім жоқ. Қарапайым білім болмаса, құр намыстың не керегі бар?

Қазақ футболшыларына жанкүйерлер «Намысы жоқ, жігерсіз ойнайды» деп айтып жатады. Мысалы, «Бельгиямен» кездесуде намыс болмады деп қалай айтасыз? Ондағы жігіттердің қолына қылыш берсең, жауға шабатындай намыстары болды, тек шеберлік пен білім жоқ! Футболда солай, сол секілді ғылымда да, медицина да сондай жағдай деп айтуға болады. Асқар Жұмәділов ағамыз айтпақшы, «Сөз бен істің арасы 1000 километр», құр намыспен ұрандай беру, білімсіз болсаң ешқайда апармайды.

Біздің «Ibatyr» айдарының негізгі мақсаты – қазақ ерінің образын жаңғырту. Сіздің ойыңызша, қазіргі жас буын еліктеуге тұратын қазақ азаматының прототипі кім дер едіңіз?

Жалпы еліктейтін ер азаматтар бар! Мысалы қандай адамға еліктеуіміз керек десек, білімді, ақылды, өз саласын жақсы білетін, сөзі мен ісі жұптасатын адамға. Ондай адамдар әр салада бар деп есептеймін. Мысалы, Асқар Жұмаділдаев – қандай керемет адам, неге сондай азаматқа еліктемеске? Қазіргі жас математик, физиктер, ғылымға ұмтылған жандар ол кісіні үлгі тұту керек.

Ал музыка саласынан, Қайрат Байболсынов, Ерлан Рысқали сияқты керемет жігіттер бар. Кейде бірінші күні клип түсіріп, екінші күні жоқ болып кететіндерге еліктеп жатады, ол дұрыс емес. Әр салада үлгі тұтуға тұрарлық қазақтың бір-бір тұлғасы бар.

Сұхбатыңызға көп көп рахмет. Сізге алда шығармашылық табыс тілеймін!

Авторы: Айнат Болатбекұлы

Фото: Жеке мұрағаттан


Бөлісу
Banner Content
Тегтер: , , , , , , ,

1 Comment

Нураддин 14/05/2020 at 19:26

Келисем

Пікір қалдыру

four × two =

kkKazakh
kkKazakh