“Миымда жарылыс болды”: 10 жыл бала тәрбиесімен үйде отырған журналист-кәсіпкер қазіргі жетістіктерінің құпиясымен бөлісті

«Әлемдегі ең таңдаулы мамандық – ана болу» дейді. Ол да ең бірінші ана деген статусымен мақтанатынын айтады. Бұл күнде өзінің жолын қалыптастырып, журналистикада, қоғамда, бизнесте бәсі жоғары болып келеді. Оған дейін он жыл келіндік міндетін атқарып, ата-ененің көңілінен шыққан соң ғана «мидағы бомбаларды» жаруға келген.

Менің бүгінгі кейіпкерім – үш баланың анасы, журналист, қоғам белсендісі Анаргүл Қыдырсиыққызы.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Анаргүл ханым. Сізді мен ең бірінші журналист ретінде таныдым. Кейін ана, кәсіпкер, белсенді деген сияқты қырларыңызбен түрленіп кете бересіз… Десе де бала тәрбиесімен 10 жыл үйде отырғаныңызды айттыңыз. Біз білетін Анаргүл тынымсыз, жаңашылдық пен өзгеріске ұмтылып отыратын адам ғой. Ал көбінде тынымсыз адамға үйде отыру қиын деп жатады. Сол жылдары энергияңызды қайда бөлетін едіңіз?

Анаргүл Қыдырсиыққызы: Мені жан-жақты қырымнан танығаныңызға рақмет. Иә, он жыл бала тәрбиесімен үйде отырдым. Кейбір адамдар соны менің «жанды жерім» деп қарайды, тіпті онысын ашық айтатындар да бар. Бірақ мен үйде босқа, тегін отырдым деп ойламаймын, ата-енеме келіндік қызмет атқарып, бала тәрбиледім, келген жеріме сіңістім. Он жыл көп уақыт емес… Ал, қазір ешкім мені он жыл отырғызып қоя алмайтын сияқты, өйткені миымда жарылыс болып жатыр (күліп). Ойлаған мақсаттарыма жету үшін «Тек алға» деген ұранмен ілгері жылжып келе жатырмын.

Қарашаш Есенбай: Мұны сұрап отырғаным, қазір жастар баланы дүниеге алып келіп, 40 күн күтінбей-ақ жұмысқа кірісіп кететін болған ғой. Бұл жайт бала мен анаға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

Анаргүл Қыдырсиыққызы: Қазіргі жастардың баладан кейін дұрыс күтінбеуі өзінің жағдайына, сана-сезіміне, мүмкіндігіне байланысты болып тұр ғой. Ол жерде ешкімді сөге алмаймыз. Мүмкіндігің болса, табыстың көзін байқап тұрсаң балаңды аяғына мінгізіп барып та еңбекке араласуға болады. Әрине, «өйтсе-бүйтсе дұрыс» деп ақылгөйсігім келмейді. Дегенмен өз балаларым мектеп жасында болса да алаңдап, қараусыз қалғанда жаным шығып отырады (күліп). Ал, омыраудағы баламен тіпті қиынырақ болар.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіздің балаларыңыз жөнінде айтып, оларға қандай бағытта тәрбие беріп жатқандығыңыз жөнінде айта кетсеңіз. Бәлкім, бала тәрбиелеуде өзіңіздің методикаңыз бар шығар?

Анаргүл Қыдырсиыққызы: Үлкен ұлым атасының баласы, 6 сыныпта оқиды. Одан кейінгі қызым 4 cыныпта, кішісі мектепке даярлық сыныбында оқып жатыр. Ата-анамыздан, келген жерімізден алған тәлім-тәрбиемізді іріктеп баламызға беруге тырысамыз. Бұрынғы дәуірдегі ережелер, бейсанадағы түсініктер, жалпы өзіміздің «таяқ жеген» жерлеріміз бар тұсын бермеуге тырысамыз. Бала тәрбиесі дегеннен ойыма түсіп отыр, болашақта балаларға арналған орталық ашқым келеді. Ол маған алыс сала емес, баламен жұмыс істеу де ғанибет қой. Қазір осы жобамды ұйымдарға ұсынып жатырмын. Бұйыртса, балаларды дамытуға, өсіруге арналған орталықта еліміздің болашақтарын тәрбиелейміз деп үміттенемін.

Қарашаш Есенбай: Осы сәтте қалай, қашан тұрмысқа шыққаныңызды еске алайықшы?

Анаргүл Қыдырсиыққызы: (күліп) Осы жылы отбасы құрғанмызға 13 жыл болады. Қыркүйектің бірі күні тойымыз болып еді… Күйеуім екеуміз көршілес ауылданбыз. Тағдыр түрлі жолдармен тоғыстырады ғой, осы күніме Аллаға сансыз шүкірлер айтамын.

Қарашаш Есенбай: Әйелдің негізгі мақсаты – отбасын құрып, бала тәрбиелеу десек те, қазір «әр адамның таңдауы бар», «біреудің тағдырын талқыламаңдар» дегендей қыздардың пікірін жиі естиміз. Өзіңіз оларға бір отбасының анасы ретінде қандай кеңес айтар едіңіз?

 Анаргүл Қыдырсиыққызы: Иә, әйелдің негізгі мақсаты сол ғой. Өзім де ең бірінші ана деген статусыммен мақтана аламын.

Бірақ, өзгенің тағдырын да талқылауға хақымыз жоқ. Жұмысың мен баланы қатар алып, ата-ененің де сөзіне қалмай жүрген жақсы ғой. Жұмыста әріптестерім кейде балалары ауырып, не басқа жағдайлар болса шыға алмай қалатын кездері болады. Мен оларды жақсы түсінемін. Қалауын тапсаң, бәрін игергенге не жетсін?!

Қарашаш Есенбай: Негізгі мамандығыңыз – журналистика. Қазір журналистиканың дамымағандығы көп ауызға ілінеді. Өзіңіз маман ретінде қандай жобалар ұсынар едіңіз?

Анаргүл Қыдырсиыққызы: Мен кәсіби маман ретінде, журналистиканы дамымай жатыр деп айтпас едім. Бұрынғы деңгеймен салыстырған да әлде қайда даму, өсу бар. Хабар таратудың да жолдары мен тәсілдері көбейді.

Қарашаш Есенбай: Журналист қыздардың көбі жігерлі келеді. Яғни ойын ашық айтатын, мақсатына жетпей тынбайтын дегендей… Бұл қабілеті отбасылы адамға кедергі келтірмей ме?

Анаргүл Қыдырсиыққызы: Өзім позитивті адаммын. Жаман хабарды таратып, не негатив жаңалық ашып елді таңқалдыра алмайсың. Біз билік пен қоғам ортасындағы алтын көпір болғандықтан, жақсылықпен сүйіншілетіп отырғанды дұрыс көрем. Ал, бұл қасиеттердің отбасындағы әсеріне келсем, үнемі негатив хабарды көп естіп, таратқан адамның миы да жамандықты шақыра ма деп ойлаймын. “Жақсы сөз – жарым ырыс” демей ме,  елге айтар жақсылықтарымыз көп болсыншы.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз қызмет ететін аудандық газеттің ахуалы туралы да айта кетіңізші.

Анаргүл Қыдырсиыққызы: Мен қызмет ететін «Нарын таңы» газеті 67 жыл тарихы бар, Атырау облысы Исатай ауданының қоғамдық-саяси басылымы. Бүгінде бас редакторымыз – Аслан Мұратұлы Орал облысының тумасы, Жоламан Дәулетьяров, Аяпберген Салихов, Серікбол Панабердиев секілді мықты журналистермен қызметтес болғаныма ризамын. Аудандық үнжарияның қоғамға берері мен айтары зор ғой. Біздің де газетімізде көтерілген бірқатар мәселелер жергілікті басшылық тарапынан қолдау көріп, әлеуметтік тұрғыдан да біраз істерге ұйтқы болып жүр. Бұқара мен билік арасындағы алтын көпір болған газетімізде жария болған мақалалар қоғамның айнасы іспеттес.

Қарашаш Есенбай: Бұл жұмысыңыздан өзге, қосымша жобаларды өте көп жасайтыныңызды байқадық. Олардың көбі тікелей жастармен жұмыс екен, мысалы «Zhas project», «Самғау» – жастардың ортасы. Осы кезде өзіңізден кейінгі буынның деңгейі, шабысы қандай екенін байқадыңыз?

Анаргүл Қыдырсиыққызы: Қазіргі жастардың деңгейі, талғамдары жоғары. Оларға тек дұрыс бағыт берсең, әріқарай өздері алып кетеді. Өзім «Zhas project» жобасында қызмет еттім. Жаяу жүріп афиша таратып, халықты құлақтандырып түнімен ұйықтамай жұмыс істеген кездеріміз болды. Аудан бойынша жетпіске жуық жобаны тапсырдық, сонда елу пайыз жобамыз грант алды. Осы күні грант алғандардың ішінен көзі тапқан жастар кәсібін әріқарай жалғастырып жатыр.

Ал, «Самғау» жобасы мектеп оқушыларын көбірек қамтыды. Оларды да дұрыс бағытқа салып жіберсең, жұлдыз болып жанайын деп тұр. Өзім жастардың ой мен мақсаттарына риза болдым.

 Қарашаш Есенбай: Ал, өзіңіз қандай бала болған едіңіз? Бала Анаргүлдің арманы қандай еді? 

Анаргүл Қыдырсиыққызы: Мен Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданы, Мақаш ауылында дүниеге келгенмін. Әкем – журналист, анам – кітапханашы, үйде алты ағайындымыз. Бүгінде ата-анам сол өзіміз туған жерде тұрады. Аллаға шүкір, бауырларымның бәрі аяқтанып, өз жолымызды таптық. Өзім кішкентай кезімде «жабайы» болған екенмін (күліп). Үйге кісі келсе қашып кететін, көрінбейтін бала болыппын. Нағашыларым келсе, солар кетпей шкафтың артынан шықпайды екем. Бірақ менің үлкен арманым – қоғаммен жұмыс істеу, ортаны жайнату болды. Шүкір, оған жетіп келемін.

Қарашаш Есенбай: Қазір бала шақтағы армандарыңыздың неше пайызына қол жеткіздіңіз?

Анаргүл Қыдырсиыққызы: Арманның бәрі орындалатынына сенемін. Қазір мен бала кездегі ойларымның алпыс пайыздайына қол жеткіздім… Қалғанын алдағы уақытта бағындырамын.

Қарашаш Есенбай: Мен білетін тағы бір қырыңыз желілік бизнеспен айналысу. Желілік бизнес тілін білетіндер үшін тамаша мүмкіндік болып тұр, сіз бұл салаға қалай келдіңіз?

Анаргүл Қыдырсиыққызы: Мені бұл салаға әріптес құрбым шақырды. Иә, тілін білгендер үшін тамаша мүмкіндік қой. Құрбым «Жұрттың тапқан ақшасын неге таба алмаймыз, мұнда бір баға саясаты» деп түсіндірді. Алдымен өзім алып тұтынып, нәтижесін көрген соң бастадым. «Жүрегің қай жерде тыныш болса, сол жерде аялда» дейді, мен өзімді сол желілік бизнестен таптым. Бірақ мұным журналистиканы тастаймын деген сөз емес.

Қарашаш Есенбай: Өткенде бір сөзіңізде «осы менің негізгі табысыма айналатын шығар» деп қалдыңыз, демек нәтижеңіз жақсы деген сөз (күліп).  Жақсы нәтижеге жету үшін адамның бойындағы қай қасиеттер маңызды?

Анаргүл Қыдырсиыққызы: Алда бір-екі жыл өзімді осы кәсіпте дамытқым келеді. Қазір тағы да бір ұсыныстар түсіп жатыр. Енем «Құдай көтеремін десе, аяғыңды жерге тигізбейді» деп еді. Сол рас екен, ойлап жатқан арман-жоспарларыма жол ашылуда. Мен ақшаны өзімнің өсуімнен, оның жолындағы білімнен аямаймын. Қай жерде табыс пен нәтиже бар сонда болу керек. Қазір жаңа жоғарыда айтқан «Балаларды дамыту орталығы» бойынша ұсыныстар келді, әзірге ойланып отырмын. Бірақ мен өз армандарымның жолында, ештеңеден аянбайтын адаммын.

 Қарашаш Есенбай: Бір бойыңызға бар қабілетті жиған өзіңізді бұдан да биік шыңнан көрейік. Сұқбатыңызға рақмет!

Total
1
Shares
Previous Post

Иіссудың иісін қалай сақтаймыз?

Next Post

Қысқы киімдерді қалай тазарту керек?