Сабырға түсірген сұлу

«Жақсы барып келіңіз!»,-деген жылы сөзін естіген сайын жүрегім езілсе де, басымды изеп үйдің ауласынан шығу әдетке айналғалы біраз жылдың жүзі болды. Ал, кештетіп үйге оралғанда жанұя мүшелері өз алдарына жүргенін көріп, еңсем түсіп, бөлмеге беттегенде: «Шаршамай келдіңіз бе?»- деп еңбектей жеткен Дианаға қарап күлімдеймін…

Туғаннан екі аяғы сал болған, екі қолын аяқтың «қызметшісі» етіп алған Диана бір кездері жас келінді шошытқаны рас. Көздері қара, шаштары бұйра-бұйра, өзі топ-томпақ бүлдіршін еңбектеп айналамнан шықпайтын. Сөйтіп жүріп бір-бірімізге байланып қалғанымызды сезбей де қалыппын. Күн тәртібін жуынудан бастайтын Диана күн сайын «Жақсы жатып тұрдыңыз ба?»-деп сұрауды да бір ұмытпайды. Онысына кейде пенделікке салынып «Қайдағы ұйқы»-, десем үндеместен үстелге отыра қалады. Артық мазалайтын әдеті жоқ-ты.

Бірде сәбидей еркелесе, енді бірде салиқалы сөздерімен бізді ойландырып тастайтын кездері болады. Диана әсіресе теледидардан ән естігенде шабытын шектегісі келмей тізерлей отырып билей жөнелгенде ерекше құлпырып-ақ кетеді. Бірақ сұңғыла бойына көзіңді сала бергенде жүрегіңді «шымшып» өтетінін әттеген-ай бар.

Жаратқан ерекше етіп жаратқан қыздың ерекшелігі көп-ақ. Отбасының барлық мүшелері ұйқыға кеткенін торып, ең соңынан ғана өз бөлмесіне кіріп кетеді. Бірде өз бөлмесінен «Сабыр бере көр, Алла» деген үнін құлағым шалып қалды. Өз бөлмесінде жалғыз қалғанда тілейтіні жақындарының қамы мен өзіне деген сабарлық. Оның сол тілегінен кейін өзімді пендешілікке бармауға шақыратын болдым. Еңбектесе де шыдам танытатын жанның қасында, біздің болмашыға ренжуіміз күпірлік емес немене?

********

Тағы да таң атты… Бүгінгі күнімді құлшылықпен бастадым. Ас үйге кіргенде көздері қап-қара, шаштары бұйра еңбектеп жүретін баяғы бүлдіршін жоқ.  Оның орнында «Жақсы жатып тұрдыңыз ба?» деген 18 жасар балауса қыз отыр.

Фото: podii.net

Автор: Дина Жұмаділләқызы

Total
15
Shares
Previous Post

Үміт пен күдік қатар соққан тағдыр

Next Post

Анасы «Өлмес» деп ат берді…