Анасы «Өлмес» деп ат берді… - Ikerim.kz

Анасы «Өлмес» деп ат берді…

Қараша заман. Төрт қабырғадан мерекелі де, берекелі өмір кешіп, айрандай ұйыған отбасының әр жыл сайын өмірге келген қыздарын соғыстың ызғарындай сұм ажал арғы өмірге елшілікке алып кете береді екен…

Екі қызы да туыла сала арғы өмірге асыққан-ды. Алайда, бұл әулеттің ұрпағын жалғар арыстандай екі ұлы болды. Екі ұлының тәрбиесімен әуре болып жүріп өмірге тағы да  бір періштенің келуін күтпеген ата-ана үшін бұл қуаныш өзге қуаныштан ерек еді.  Себебі, сәби қырмызы құлпырған қызыл қызғалдақтай қыз баласы. Қуанғаннан төбелері көкке жетіп көкірегін қуаныш кернеген күн. Соғыстан кейінгі жеңістің қуанышынан да асып түсті. 11 наурыз күні әлемнің сегізінші кереметіне қол жеткізгендей күй кешкен бұл отбасы  бүлдіршіннің есімін Сабира деп атауды жөн көрді. Алайда, ата-ана қуанышы ауыр індет салдарынан су сепкендей басылды. 15 наурыз күні сегізінші кереметтерін  әлі жыли қоймаған жер қойнауына тапсырды.  Алла Тағаланың бұл ісі асқар таудай алып әкенің титтей ғана жүрегін пышақпен тілгілеп, мейірімге толы ана жүрегінің махаббатын матап тастаған іспетті. Қараша заман қасіретін тартып, әр жыл сайын қара қыздарын қара жерген көмген ата ана, балалар үйіндегі бүлдіршіндердің жұдырықтай жүрегін жарып шыққан сағыныш отының ұшқынын сезді. Үміттері әбден үзіліп, жалғауға келмес шағында, арайлап атқан ақ таңдай ажарын шашып, қараңғы түнекке  кішкентай ғана сәулесімен жол сілтейтін шамның шырағындай, қайғыдан қан аққан ата-ана көздерінен қуаныш жасын шығарып тағы да бір сәби дүние есігін ашты.

Ендігі өлмесін деген ниетпен ана жүрегі Өлмес деп атау берді. Дегенмен де, әрі қарай өмір сүріп кетуіне сенімді болмаған олар сәбиге төлқұжат та жасатпады. Арада айлық уақыт өтіп, сәби жүрегінде ауыр індет пайда болды. Әбден үміті үзілген ата-ана жаумен соғысқа дайын болған солдаттай сақадай сап түзеп, тағы да бір жерлеу рәсіміне дайын еді.

Алланың құдіретінде шек жоқ қой, шіркін! Әне өледі, міне өледі деп жүріп, төлқұжат жасатпаған бүлдіршін аман қалды. Азан шақырып қойған есімі Өлмес болса да, әпкесінің төлқұжатымен, әпкесінің есімін аралап жүрген бұл сәби де бой жетіп,  көз қарасымен қараған жұртын құлататын, күлкісімен әлемді гүлдендіріп жіберетін, тал шыбықтай бұралып, қырмызы гүлдей құлпырған көрсе көзің тоймайтын ару болып өсті. Мектепті де аяқтап, жоғарғы оқу орнына түсті.

Таң атты. Күн. Терезе алдындағы құстардың шырылы, күйбең тірлікпен күнін көріп жүрген көлік үні мен көлік жүргізушінің «-Әй, балам. Жолдан былай тұр»,- деген қатаң дауыс ырғағымен қатар, арайлап атқан ақ таңның шуағы тәтті ұйқыда жатқан арудың бетінен сүйіп оятып жіберген іспетті. Орнынан тұра сала, Алласын аузына алып оқу қамына кірісе кеткен. Сырғыған сағат тілі де өтіп сабағын аяқтап, университеттен жатақханаға дейін бүгінгі күнін жоспарлап келді. Бөлмесіне келіп жұмсақ қолдарымен есіктің тұтқасын ұстап, биязы ғана бұрып ашқан Сабираның бар ойы ертеңгі сабағына дайындық болатын. Алдамшы тірлікпен арпалысып жүріп, бүгінгі баруға уәделескен жерінің есінен тарс шығып кеткенін күн қызара батқанда бір- ақ ойлады. Асығыс- үсігіс құрбысының бүгінгі туылған күніне жиналып, ұшып жүріп балапандарына ас-ауқатын таситын сауысқандай құрбысының үйіне де келіп жетті. Адам ығы –жығы, құдды бір ұсақ нанға таласқан құмырсқадай ғұжынап жүр. Барлығы да Марияның туылған күніне жиналған. Дәл осы туылған күн кешінде, өзінен бір курс жоғары оқитын, сұлулығы Сәкеннен асып түсетін бет–әлпеті келісті,  өз ортасында сабырлылығымен сері атанған, адами құндылығымен қатар парасат–пайымы мол  жігіттің төресімен танысқанына бақытты. Бұл ортадан өз бақытын тауып, «тұрмыс құрып кетемін ғой» деген ой, үш ұйықтаса да түсіне кіріп шықпағанымен өңінде орын алып жатқанына өзі де аң –таң …

Жиырма алты жас. Жиырма алты түрлі бақыт–шаттығымен қатар, жаңа өмірге қадам басқан шағы. Жастық шағында алаңсыз серуен құрған, ажарлы да инабатты, ақылына көркі сай Сабира яғни Өлмес бүгінде келін атанды. Күндіз–түні лекция жазатын қолдары ата–енесіне шәй құюдан босамайды. Босағаны аттай сала бұл шаңыраққа берекелі тіршілікпен қатар арыстандай екі ұл, аққудай екі ару сыйлады. «Ақылды әйел ерінің басын төрге сүйрейді»-, дейді емес пе?! Осы ұстанымын ұстап еріне сүйеу болып, құласа демеу, жығылса медеу бола білгендігінің арқасында, серігі отбасындағы басшылығымен қатар, елдің басшысы болды. Енді отбасы тізгінін ғана емес, ел тізгінін де ұстар абыройлы ел ағасы атанды.

Баяғы Өлмес бұл күнде аттары «өлмейтін» ұрпақтың абыз анасы.

Фото ашық дереккөздерден алынды. 

Total
34
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Previous Post

Сабырға түсірген сұлу

Next Post

Кешіру арқылы сауығу