Айгүл Рахметқызы: «Бастамамның қолдаушысы – жолдасым»

Қазақтың қайсар жазушысы Бауыржан Момышұлы «Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат “жемісі” ешқашан да болмайды» деген екен. Ikerim.kz осы тіркестегідей жемістің түп тамыры, құнарлы топырақ – қазақ әйелінің болмысын көпке үлгі етуді көздейді. Оның қатарын келесі кейіпкеріміз толықтырмақ.

Бүгін қырық шырақты келіншек, отбасының ұйытқысы, балаларының аяулы анасы, асыл  жар – Айгүл Рахметқызы бізге өзі жайлы сыр шертеді. Отбасының іргесін ыдыратпай, жары мен балаларын мейірімге бөлеп, кәсібін де жүргізіп отырған ананың әңгімесін оқи отырыңыз.

– Қайырлы күн, Айгүл ханым! Әңгімемізді «Ақылды бала» орталығыңыздан бастасақ. Мұнда балалар нені үйрене алады?

-Қайырлы күн. «Ақылды бала» орталығына 6 тамызда 4 жыл толды. Бұл уақыт ішінде талай жетістікке жеттік, ата-аналардың алғысына да бөлендік. Баланың дамуына, қызығушылығын арттыруға жан-жақты бағыт беріп, қолдан келгенше көмектесіп келеміз. Қиындығы мен қызығы қатар жүріп келе жатыр деуге болады. Жалпы бұл бастамамның тұрақты қолдаушысы – жолдасым. Ол кісінің журналистика саласында 20 жылдық тәжірибесі бар. Биылдан бастап ҚР Президентінің баспасөз қызметінде жұмыс істеп жатыр. Осы орталықты үлкейтіп, дамытуымызға сол кісінің ықпалы өте зор. Бізге бір жарым жастан 15-16 жасқа дейінгі балалар келеді. Яғни, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалармен жұмыс істейміз.

Кішкентайлар ата-анасымен қатысады. Оларға түстерді айыру, айналаны тану, қатты мен жұмсақты ажырату сынды сабақтардан бастап үйретеміз. Ақыл-ойын дамытатын ойындар ойнаймыз. Бір сағат сабақтың өзінде біраз нәрсені үйреніп кетеді. Қазір сұраныс өте көп. Әр баланың жасына, ерекшелігіне қарай тапсырма береміз, ертегі әлеміне саяхат жасаймыз. Өйткені ертегі айту арқылы бала қиялы дамиды. Ертегіні жай айтып қана қоймай, қуыршақтар қойылымы арқылы шынайы жеткізуге тырысамыз. Қалада тұрғандықтан «Ананы ұстама, қолың лас болады», «Тиме, үстіңді бүлдіреді», «абайла, бүйтпе, сүйтпе» деп тыйым көп саламыз. Сондықтан арнайы құм терапиясын аштым. Төгіп-шашса да баланың ұсақ маторикасы дамиды.

5-6 жастағы балаларға арналған мектепке дайындық сабақтарымыз бар. Әріп тану, сөздік диктанттар жазу, санау, математикалық амалдар, бәрін үйренеді. Бәрінің ата-анасы таңнан кешке дейін жұмыста, уақыты болмайды. Ашылғалы бізбен жұмыс істейтін клиенттеріміз бар. Көп бала мектеп табалдырығын бізбен аттап, бастауышты бізбен аяқтап жатады.

– Мұндай сұраныстағы орталықтарыңыздың ауқымын кеңейту жоспарда бар ма? 

– Бір жыл бұрын арт-терапия кабинетін аштық. Енді 1-2 айдың көлемінде жеке үлкен ғимаратқа көшкелі жатырмыз. Сондай-ақ келушілердің өтінішін ескере отырып, Қосшы ауылынан бөлімшемізді аштық. Енді ауыл балалары сонда барып оқи алады. Болашақта әр қаладан филиалдарымызды ашуды ойлап жүрмін. Келесі жылы орталығымыздың әдістемелігін шығарғымыз келеді. Төрт жылда не істедік, қандай нәтижеге жеттік деген мәселелерді қорытпақпыз. Сайтымызды ашу да жоспарда.

– Жалпы бұл орталықты ашу идеясы қалай пайда болды? Неліктен «Ақылды бала» деп аталады?

– Осындай орталығымды ашу бұрыннан арманым болған. Оның үстіне он жыл бұрын Елордаға көшіп келгенде қазақ тілді орталық таппадым. Мұнда жолдасымның жұмыс бабымен көшіп келгенбіз. Ол кісі «адамдарға жақсылық жасауды білесің, жан-дүниесін түсініп, көмектесе аласың, тіл табыса білесің. Сен нағыз психологсың» деп маған қолдау білдірді. Негізі отбасы және балалар психологымын, Орта Азия Университетін тәмамдадым, магистрлік те білім алдым. Қазір жеке кеңесіме ата-аналар жүгініп те жатады.  Жолдасымның арқасында дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. «Ақылды бала» атауын да сол кісі қойды.

Адам тәні ауырса, дәрігерге барады. Ал жан дүниенің дертіне психологиялық көмек қажет. Әр адамның іште жатқан, ешкімге айта алмайтын, ата-анасымен, керісінше балалардың олармен бөлісе алмайтын дүниелері болады. Сондықтан мен алдыма келген адамның ішкі әлемінде не болып жатқанын зерттеп аламын. Мәселен, балаларға ақ параққа сурет салдырып тексеремін.  Оның суреті шынайы шығады, себебі олар ойындағы, жан дүниесіндегі нәрсені бейнелейді. Шын мәніне келгенде қазір ата-ана баланың ішкі жан дүниесімен сөйлеспейді.

-Өзіңіз бұл нәрсеге, яғни, баламен сырласу, жақын сөйлесуге көңіл жіті бөлетін боларсыз? Қызыңыз екеуіңіздің суреттеріңізді желіден жиі көріп қаламыз…

-Әрине, қатты мән беремін. Екі ұл, бір қызым бар. Үлкенім 11 сынып, ортаншым 9 сынып оқиды. Олармен сырласамын, ұйқыдан оянғанда жақсы көңіл күй сыйлаймын, мақтап, мадақтап отырамын. Кешкісін жолдасым жұмыстан келген соң 45 минут әр баламен жұмыс істейді. Бәріміздің басымызды қосып, кітап оқиды. Сол кітапты не басқа да рухани тақырыптағы әңгімелерді талқылаймыз. Бұл арқылы, ең алдымен, біз балаға деген жылуымызды көрсетеміз, көңіл бөлеміз. Ата-анасының жылуын, қамқорлығын көрген бала ештеңеден қорықпай өседі. Көшедегі, мектептегі таныстарының – орта, қоғам екенін, ал біз олардың сырын, шынын бөлісетін ең жақын достары екенімізді жиі естеріне салып отырамын. Сонда ол ашық болады, жылуды сырттан іздемейді. Балаларым қандай болғанын қаласам, алдымен өзім сондай болуға барымды салдым. Жинақылықты, әдептілік пен адамгершілікті өзімнен бастадым. Өзімді түзеу, өзгерту арқылы балаларыма үйреттім.

Қазір мен әлеуметтік желі арқылы да оқырмандарыммен тілдесіп отырамын. Олардан келетін хаттарға қарап кейде іштей қынжылып та қаламын.

-Осы кезде біз балалардың қомқоршысының өзі қандай бала болғанын білгіміз келеді? Қандай отбасында бой жетіп, қандай қыз болған едіңіз?

-Мен 5 балалы толық отбасында бой жеттім. Үлкен ағам әжеміздің қолында өсті. Қалған төртеуіміз ата-анамыздың еркесі болдық. Анамыз тынымсыз жұмсады дей алмаймын, бірақ қаттылау ұстады. Әкем керісінше көп еркелетті. 6 сыныбымыздан бастап еңбекке баулып, үй шаруасына араластырды. Ағаларымыз әскерге кеткенде сырттың жұмыстарын да жасап, қораны да тазалайтынбыз. Анамның сұлулығын, отбасының берекесін кіргізіп отырар жағымды қасиеттерін, көпшілдігі мен қонақжайлылығын бойыма сіңіріппін. Еркелей жүріп әкенің мықты тәрбиесін де көрдік. Қазір жолдасыма қарап отырсам, әкемді көргендей боламын.

– Жаңа оқырмандардан хаттар алатыныңызды айтып қалдыңыз. Көбіне қандай мазмұнда келеді?

-Өкінішке қарай, жолдастарын, енелерін жамандайтындар жиі кездесіп жатады. Сосын «Өмір сүргім келмейді, өлгім келеді» дейтін аналарымыз бар. Неге? Өйткені титтей кедергіге, өмірдің қиындығына шыдамай жатады. Сонымен қатар бала тәрбиесіне, ерлі-зайыптыларға қатысты кеңес сұрайды. Ақылы да, ақысыз да көмегімді көрсетуге тырысамын. Кеңестеріммен, жылы сөздеріммен оларды қиындықтан шығаруға барымды саламын. Өз жұмысымды сүйгендіктен, оны махаббатпен жасағандықтан, нәтиже де өте жақсы болады. Адам қиялдаған сайын, армандаған сайын қанаттанады және оған жетеді. Менде визуализация өте мықты. Қит еткенге қиналып, әр нәрсеге көңіл күйді түсіріп, өкінетін адамдардың қатарынан емеспін. Барлығын сабырмен қабылдай білемін.

-Бұл мінезіңіздің кәсібіңізді дамытуға қаншалықты көмегі тиіп жүр?

– Мен үшін ақша маңызды емес, мен үшін әр баланың жүзіндегі күлкі, оның осы орталықтан алған тәлім-тәрбиесі, білімі маңызды. Бір жолы «4 жылда миллионер болдыңыз ба?» деп сұрағанда таң қалдым (күліп). Мен осы уақытқа дейін оны ойламаппын, бизнес дегенді әлі күнге дейін түсінбейді екем. Минусқа кіріп-шығып жатамын (күліп). Нағыз қажет боп жатса, жолдасым көмектесіп жібереді. Арасында «Әй, сен қашан кәсіпті үйренесің?» деп қояды. Мен нәтижеге жұмыс істеймін. Баланың, ата-ананың көңіліне қараймын.

-Дегенмен пайда түспесе де шығындарыңызды жабатын болар?

-Жалпы кәсіптің алғашқы бес жылы аумалы-төкпелі болады дейді ғой. Кейде минусқа түсіп кетіп жатамыз. Себебі орталыққа қажетті нәрселер, сабаққа қажет жаңа дүниелерді міндетті түрде сатып алып, жаңартып отырамыз. Оның бәрі, әрине, қаржыны талап етеді. Жұмысың алға басып, жетістікке жету үшін кәсібіңді сүюің, өзіңді дамытуың қажет. Кітап оқу, көп іздену керек. Бірақ ең бірінші ер азаматың жаныңда болуы керек. Бірге жоспар қойып, мақсат құру арқылы жетістікке жетесің. Мен осы орайда өзімді бақытты әйелмін деп айта аламын.

-Қазір орталығыңызда қанша маман жұмыс істейді?

-Барлығы 12 ұстаз бар. Жаңа маусымда тұрақты 7 маман жұмыс істеп жатыр. Кейбірі қосымша келіп сабақ өтеді. Қазақ тілі, ағылшын, орыс тілі, математика пәндері, вокал, логопед, актерлық шеберлік сабақтары барлығы оқытылады. Бала жан-жаққа алаңдамай, бәрін бір жерден оқысын деген ниет болды. Домбыра сабағынан республикалық деңгейде сайыстардан жеңімпаз атанып жүрміз. Енді шетелге шығуды жоспарлап отырмыз. Биыл драматургия, режиссерлық, сценарий жазу сабақтарын аштым. Оған 5-сыныптан бастап қабылдаймыз. Ол арқылы баланың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына көмектесеміз.

-Қанша бала тәлім алып жатыр?

-Шамамен 60-70 бала. Әр топта ең көп дегенде 10 баладан бар. Оқу жылы енді ғана басталды, алда оқушыларымыздың қатары көбейеді.

-Өз балаларыңыз да осы орталыққа келетін шығар?

-Әрине. Бұл орталықтың өз балаларыма да көмегі көп тиді. Үйірмелерге қатысып, үй тапсырмаларын осында орындайды.

-Бала тәрбиесінде басты не нәрсеге көңіл бөлесіз?  

-Баланы ұрмай-соқпай тәрбиелеуге болады. Жылы сөзді, қолдауды аямауымыз керек, сырласу керек. Кейде жекеме балалардың өзі хабарласып жатады. Былтыр 9-10 сынып оқушыларынан «Әке-шешеміз күні бойы жұмыста. Бізге көңіл бөлуге уақыттары жоқ. Бүйтіп тапқан ақшалары құрысын» деген хаттар да алдым. Шынында ақша, күйбең тірлік деп жүріп, балалардың қалай өскенін байқамай қаламыз. Сондай-ақ бала тәрбиесінде әке көбірек араласуы керек. Үстел басында «Мектепте апай не істеді? Ұрды ма?» деген емес, оның болашағы, армандары жайлы сөйлессек қой. Біз балаға өзіміздің жете алмай қалған армандарымызды телмей, оның өз арманының орындалуын ойлауымыз керек.

Тамақ дайындағанда қызымды міндетті түрде араластырамын. Үйренсін. Шашады, төгеді, артынша өзі жинайды. Солай еркіндік берсең, әрі қарай өзі алып кетеді. Мәселен, қызым ғаламтордан тәттілердің, тағамдардың жасалу жолын іздеп, соған қызығушылық таныта бастады. Одан соң сурет салдырамын. Ол арқылы ішкі сезімін, эмоциясын көрсетеді, болмысын береді. «Сен білімдісің, мықтысың, қолыңнан бәрі келеді» десең, ол соған лайық болуға тырысады. Тағы бір айтарым, отбасындағы кикілжіңді балаларға көрсетпеуіңіз керек.

 

-Ене мен келіннің қарым-қатынасында ең басты ұстанатын қағидаңыз бар ма? Оқырмандарымызға кеңес ретінде айта отырсаңыз.

-Мен үлкен әулетке келін боп түстім. Бір үйде 21 бала, екі ене, екі ата болды. Жас болсам да бірінші кезекте ата мен енені сыйлауды қалыптастырдым.  Оларды сыйлай, тыңдай білу керек. Қолыма бірнәрсе түссе, енеме сыйлық жасай беріппін. Өз анамдай қабылдағаным ғой. Шыны керек, бөтен үйге сіңіп кету де оңай емес. Әйелдің мықтылығы, төзімділігі керек. Ер азаматыңды қолдап-қолпаштап, мақтап отырсаң, оның қызметте де, отбасында да жолы болады. Біз бәріне қол ұстасып, бірге жүріп жеттік. Бұл үйге келген соң осы әулеттің ауызбіршілігін, әке мен атаның тәрбиесін, екі ененің татулығын көрдім. Жолым болғыш адам шығармын, өте жақсы отбасыға келін болдым.

Жақында туған күнімде келін боп түскен әулетімнің сый-құрметін, ықылас-лебізін көріп, көзіме жас алдым. Олардың алдында өзімнің де сыйлы екенімді  түсіндім. Үйленгенімізге 20 жыл толыпты, Аллаға шүкір, осы уақыт ішінде қиындық көрмеппін, ешкіммен сөзге де келмеппін. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген рас. Қолымда барын бере саламын. Осы орайда тағы бір айтарым, келіндер қызғаныш сезімін құрықтай білуі керек. Күйеуін де, ас үй, ыдыс-аяқты да, дүниені де қызғанбауы керек. Күйеуім табысын әкеледі, бірақ рұқсатсыз еш уақытта пайдаланған емеспін. Мен өзімнің әйелдік энергиямды сақтап қала алдым. Әйел деген шуағын шашып тұруы, үйге кіргенде қабақ түймеуі керек. Күйуіңді, ата-енеңді күлімдеп қарсы алуың керек. Тағы бір айтарым, біз батамен өсіп келеміз. Ата-енемнен әлі күнге бата алып келемін.

-Екі ұлыңыз бар екен, келіндеріңізге ене болуға моральді дайындалып жүрген шығарсыз?

-«Бала – бауыр етің» деп жатады. Орталығыма келіп жүрген балалардың барлығын өз баламдай жақсы көремін. Отбасында да ұл-қызымды ренжітіп алсам, кешірім сұрауға тырысамын. Кешірімді жанмын. Иә, келіндерім жайлы қазірден ойлаймын, өзім сияқты аңқылдап тұрса деймін. Алладан да адал, өзім секілді сыйлы, ниеті таза, жанымды түсінетін келін атансын деп сұраймын. Жолдасым «балалар әлі кішкентай» деп ренжіп қояды. Балаларым да 1-2 жыл бұрын айтқанымда ренжіп, ұялатын, қазір олай емес. Дұрыс көзқараспен қарауды үйреттім. Моральды тұрғыда дайындалып жүргенім рас, қарым-қатынас, психология туралы кітаптарды да жиі парақтаймын. Кеілініммен сырлас құрбыдай болғым келеді. Сондықтан қазірден дайынмын дей аламын.

-Алла сол күнге жеткізсін. Әңгімеңізге рақмет, жұмысыңызға табыс тілейміз!

 

Автор: Теңге Бекмұрза

Фото: жеке мұрағаттан

Ikerim.kz

Total
8
Shares
Previous Post

Тырнақ күтімі

Next Post

Ауыздағы жағымсыз иісті кетіруге ас содасы көмектеседі.