Желтоқсан 1, 2020
Banner Content
Бөлісу

Өзінің ішкі сарайына көз жүгірте білетін әрбір адам — психологияның дап-дайын тұрған курсы», дейді Константин Ушинский. Бүгінгі қазақ қоғамы үшін психология, өзіңмен жұмыс істеу таңсық емес. Интернет бетінде сіздің сара жолыңызды айқындап, толғандырған сұрақтарға жауап беретін мотиватор, коучтар жеткілікті. Психология ілімінің күрделі терминдерінсіз, қарапайым, түсінікті тілмен сөйлеседі сізбен. Солардың бірі – Құралай ханым.

Оның жұмысына жоғары баға беретіндер де, нағыз маман емес дейтіндер де көп. Бірақ қазақ қоғамының әлжуаз тобы – әйелдер қауымын психология ілімімен таныстырып, өз-өзімен жұмыс істеу керектігін үйреткен тренер екендігі рас. Кейіпкеріміздің айтуынша, барлығы дәрігердің «бала туа алмайсың» деген қатал диагнозынан кейін басталған. Алматының шетіндегі ауылдың қарапайым әйелі үмітін үзбестен, дүниеге бірнеше бала әкеліп қана қойған жоқ, қазақ әйелдері үшін психология курсына айналды.

Қарашаш Есенбай: Құралай Ханым, сұрақты ең бірінші карантин кезіндегі онлайн сабақтарыңыздан бастайықшы. Отыз күн бойы таңертең және кешке эфирге кіріп, жүйелі түрде сабақ өттіңіз. Бұл идея қайдан келді және неліктен ондай шешімге келдіңіз?

Құралай Ханым: Мен психология туралы ілімге кеше ғана келген жоқпын ғой, қаншама жылдық ізденістерім мен тәжірибем бар. Қазір өзім Мәскеудегі Психоанализ институтында оқып жатырмын. Өз тәжірибемде көзім жеткен дүниелерді әрбір қазақ әйелі білгенін қалаймын. Себебі бізде «құрбандық» болып кеткен, ұрыс пен зорлықта өмір сүріп жүрген әйелдер көп. Сондай тағдырмен алысатын әйелдер азайса екен деп тілеймін. Осы мақсатта білгенімді қазір бәріне қол жетімді инстаграм желісінде бөлісуге тырыстым, эфирлерді ютубқа да жүктеп отырамын. Осы кезге дейін әр қалада семинар мен ақылы онлайн сабақтар өткізіп жүрмін. Бірақ семинарға келуге, не ақылы оқуға әркімнің мүмкіндігі бола бермейтінін түсінемін, сондықтан инстаграм желісінің эфирінде сабақ өтемін.

Бір жағынан мынадай қиын уақытта адамның сабырға келуі және өзін тани-білуі маңызды деп ойлаймын. Бұл карантин бізге бір саты өсіп, даму үшін берілген. Осыны түсініп, өз пайдамызға жаратқанымыз дұрыс.

Қарашаш Есенбай: Эфирлеріңізді ораза кезінде де жалғастырып жатырсыз. Күн тәртібіңізде өзгеріс болды ма? Тікелей эфирлердің уақытын арнайы белгілейсіз бе?

Құралай Ханым: Мен таңнан кешке дейін инстаграмның эфирінде отырмаймын ғой (күліп). Бірақ ораза күн тәртібімді барынша тиімді пайдалануға көмегін тигізіп жатыр. Сәресі ішіп, намаз оқып болған соң күн шыққанша ұйықтамаған дұрыс екенін имамдар да айтады. Сол уақытта дұға оқып, тілек тілеген абзалырақ. Мен де сол таңғы уақытта күн шығуына жарты сағат қалғанда эфирге шығып отырамын. Таңғы уақытта тілек тілеген жақсы, сол кезде адамдарға сенім, психология туралы айту өзіме де ұнайды.

Ал кешкі уақытта мен өз ісінің мамандарымен бірге тікелей эфир өткізуді ұйғардым. Мысалы кеше ататекті зерттеуші, тектанушы Әлия ханыммен сұқбат болды. Ол елімізге тектану ғылымын алғаш алып келген, тәжірибелі маман. Оның алдында Ресейдің атақты психологы Наташа Правдинамен сұқбат жүргіздік, одан өзге кәсіпкер, ізденуші ханымдарды да эфирге қонаққа шақырдым. Алдағы уақытта теолог, дін мамандарын да сұқбатқа шақырып, халыққа пайдалы ақпарат береміз деп ойлаймын. Ораза кезінде діни сауатымызды ашқан маңызды.

Қарашаш Есенбай: Иә, сабақтарыңызда, жазбаларыңызда ата-баба кармасы туралы жиі айтасыз, байқап қалдым. Әр адам өз жұрты мен нағашы жұртын тазартуы керек деп жүресіз. Бүгінгі 21 ғасырдың адамдары үшін ата-бабаның өткенін білу не үшін маңызды.

Құралай ханым: Кеше ғана 16 жылдық тәжірибесі бар, тектанушы Әлия Сағымбаевамен бірге эфир өткіздім дедім ғой. Сол кезде осы тақырыптағы ең маңызды сұрақтарға жауап бердік. Қазір тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да өзінің психологиялық сауатына, өзін танып-білуге мән беруге тырысады. Зерттеу бойынша, соңғы 10-15 жылдың көлемінде әлем бойынша барлық адам осы жолда жүр екен. Тектану – психотерапияның бір бөлігі, бірақ ол әруақты шақыру секілді шаманизммен байланысы жоқ. Біздің бойымыздағы ДНК әке-шешемізден беріледі, сол кезде біздің ата-бабамызда болған қандай да бір күйзеліс, проблемалар онда сақталып тұрады екен. Қазақта «Тұғымы сондай» деген бар, ол тегін айтылған сөз емес. Негізі біз тектілік дегенді сақтап қалдық, мысалы көп халықтар өзінің түп аталарын біле бермейді. Ал қазақтар жеті атасын жаттатып, тарихын білдіріп өсірген. Психологияда адам, тұлға деп қарайды, ал тектану ілімінде шыққан ұлты мен тегіне қарай концультация беріледі.

Өзім 2003 жылдан бері ізденіп жүрмін, сол кезден бастап орыстың тектанушыларына курсына барып, кітаптарын оқып жүрдім. Ал қазақ маманға барғанымда басқаша түсініктер келді, өйткені ол біздің түсінігіміз бен ғұрпымызға сай жұмыс істейді. Сондықтан мен бұл ілімнің біздің қоғамымызда дамып жатқаны қуантады.

Қарашаш Есенбай: Құралай Ханым, сіздің «Үй алатын», «Күйеуге шығатын» деген секілді техникаларыңызды жиі естіп жүрміз. Ол қалай жұмыс істейді, өмірімізге қалай ықпал ете алады?

Құралай Ханым: Мен айтып жүрген техникалардың барлығын ютуб каналымда сақталып тұр. Олардың бәрі нейролингвистикалық, қазақша да жүйке-тілдік бағдарлама деп қарастырып жүрген ілімнің тармақтары. Бұл – адамның миына қандай да бір әрекет жасау арқылы  ескі бағдарламаларды өшіріп жаңасын жазу. Қазақ «Әрекетке берекет» деп айтып жатады ғой, сол секілді әрекет ету арқылы сананы тазалауды айтамыз.

Жалпы психологияда әр жағдайға арналған техника жоқ. Ол комлексті болып келеді. Мысалы, сіз қатты ауырсаңыз, дәрі, укол, массаж деген сияқты бірнеше тәсілдерін береді. Психологияда да солай, алдымен бойдағы қорқынышты алып тастау үшін жұмыс істейді. Қазақта да қорыққанға қос көрінеді деген, ондай техникалар өте көп.

Қарашаш Есенбай: Сіздің кейбір жазбаларыңызды «Дінге қайшы, серік қосу» деп сынап жатады. Мысалы 40 күндік дұға туралы түрлі әңгімелер айтылып жатыр, өзіңіз не дейсіз?

Құралай Ханым: Дін туралы жиі айта бергім келмейді. Себебі Құдаймен байланыс әрбір адамның жүрегінде ғана болуы керек. Яғни адам мен Алланың арасында ештеңе тұрмауы керек. Ол дұғалар мен техникалар өз өмірімде пайдасын бергендіктен, өзгелерге де көмек болсын ниетпен бердім. Ал оны кім қалай қабылдайды, өз еркі! Жан тыныштығын табу үшін, күнәлерден (кармадан) тазалану үшін, қуат көздерді ашу үшін адам құлшылықта болуы керек.

Мен бос сөзбен емес, нақты нәтижелерді айтқанды жақсы көремін. Мысалы сол дұғаларды оқу арқылы Ақбота Бакенова деген қыз айлық табысын бес есе өсіріп, жолы болғыш адамға айналғанын жазыпты. Енді бір келіншек армандап жүрген екі бөлмелі пәтер алғанын жазыпты.

Одан кейін мен әр іске шүкіршілік керегін сезіндіру үшін күніне 77 рет рақмет айту керегін айтамын. Соны айтып жүрген бір әйел бесінші күні жұмысқа кіргенін жазыпты. Осы сияқты дәлелдер көп, оның барлығын адамдар өздері де жазып жатыр.

Қарашаш Есенбай: Бір сөзіңізде психологияға келу арқылы намазға келгеніңізді айттыңыз. Дәлірек айтқанда, дәл не түрткі болды?

Құралай Ханым: Психология өзіңді тануға себеп болады. Сонымен қатар ізденіп жүріп, біліміңді толықтырасың. Менің жиырма жылдық жетістіктерім балаларымның бүгінгі бейнесінен көруге болады. Әрі қарай да балаларымнің болашағы және қазақ әйелдерінің танымы үшін ізденемін.

Қарашаш Есенбай: Ниетіңізге жетіңіз, сұрақтарға жауап бергеніңізге рақмет!

 

Дереккөз: ERNUR.KZ

 

 


Бөлісу
Banner Content

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

thirteen − 2 =

kkKazakh
kkKazakh