Саналы ұрпақ – жарқын болашақ

Адамзат тарихында небір түрлі қилы-қиямет оқиғалар мен дүбірлі даму үрдісі кезең-кезеңімен жүріп отырған. Тұзы сор қазақ халқы үшін сындарлы сәттер болғаны тарихымыздан белгілі. Талма тұста, шешуші сәтте ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін қазақ әдебиетінің парақтарынан біліп жүрміз. Алаштың ай мүйізді ақ серке арыс ұлы Міржақып Дулотов сындарлы сағаттарда «Оян, қазақ» деп жырлағаны соның айғағы. Аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңдерде қазақ халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жастарға жігер берген ұлт азаматтарының ізбасарлары бүгінгі күнде ер жетіп келеді. Бұйығып жатқан елді оятқан арыс азаматтары халықты жаңаша өмірге, еркіндікке, елдікке тартты.

Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Бүгінгі таңда мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алып, өзінің дербес мемлекеттілігін қалыптастырып жатыр.

Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз. Егер бүгін жастар өз халқының рухымен тәрбиеленіп өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені, ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Ал, жастар оны сақтамаса және өзінен кейінгілерге тапсырып кетпесе, біртіндеп ұлттың атауы да өшіп жоғалмақ.

Бүгінгі жастардың қоғамдық өмірден еш уақыт қол үзбей, өз елін сүюге, салт – дәстүр мен әдет – ғұрпын білуге тәрбиелеуге бүгінгі педагогика ғылымдарының алдында тұрған зор міндеттердің бірі. Қай ғасырда болсын ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар өз елінің рәміздерін, Ата заңын білуге, әрі құрметтеуге әрбір азамат міндетті. «Бүгінгі өскелең ұрпақ нағыз білімді, жан – жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, нағыз өз елін сүйетін, ұлтжанды азамат болуы керек», – деп атап өтті Тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаев.

Кез келген ұлтты қалыптастыратын орта – оның ұлттық мектебі. Сондықтан қазақ мектебінің тағдыры – ел тағдыры. Ұлтымыздың болашағын ойлаған алаштың ардақтылары мұны әрқашан ескеріп отырған. Қазақ халқының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай «Ұлттың мәдениеттен жұрдай рухпен тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жақтайтын пайдалы азамат шықпайды»- деп, ұлт болашағын ұлттық мектепте, ұлттық рухта тәрбиелеу керектігін баса көрсеткен еді.

Бүгінде «Жастар – еліміздің болашағы» деген қанатты сөзді жиі айтамыз. Ал, сол жастардың болашағы, Отанымыздың ертеңгі тағдыры өзіміздің бүгінгі қызметімізді қалай атқарып жүргенімізге тікелей байланысты. Ендеше мына өтіп жатқан жаһандану, ғаламдану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпейік десек ұлымызды рухты, қызымызды ғұрыпты етіп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелейік дегім келеді.

 

Қай заманда болсын әрбір елдің өркендеуі мен тұғырының берік болуы – сол елдің білімді жастарының қолында. Заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезовтің тілімен айтар болсақ, «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім».  Демек, Тәуелсіз Қазақстанымыздың өзге елмен терезесін тең, болашағын жарқын ететін де сол – жас ұрпақ. Кейінгі буынды өзгермелі өмірді еркін бағдарлай алатын, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы.

 

Сауле Шамкенова

Қарағанды обылысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің “1 жалпы білім беретін мектебі “КММ физика пәні мұғалімі

 

Total
8
Shares
Previous Post

Салтанат Серікболқызы: “Қолөнерім – серігім”

Next Post

Анар Секеева: “Визуалды өнердің келешегі зор”