Сәуір 13, 2021
Banner Content
Бөлісу

«Күн кешемін әйел емес, ақын боп!» деп жырлайтын жаны мен жыры нәзік ақын Толқын Қабылша жақын күндері елордада өзінің шығармашылық кешін жоғары деңгейде өткізген болатын. Әріптесімізді мерекемен құттықтап, Қызылордалық ханыммен желі арқылы бірнеше сұраққа жауап алдық. Оқи отырыңыздар.

Қарашаш Есенбай: Астанада өзіңіздің жеке шығармашылық кешіңізді бердіңіз, құттықтаймыз! Жалпы кеш қалай өтті, өзіңіз де бір жүк түскендей жеңілдеп қалған шығарсыз?

Толқын Қабылша: Рахмет, әрине, иықтан бір жүк түскендей,сергіп,серпіліп қалдық. Кешіме келген көрермендердің, жанашыр дос қауымның сөзіне сенсек, «кеш өте жоғары деңгейде өтті» деп, қуана құттықтаған лебізді көп естідім. Бір жарым сағатқа жоспарланған әдеби-сазды кештің өн бойында ән мен жыр қатар өріліп отырды. «Шабыт» өнер академиясының актер қыз-жігіттері менің поэзияма құрылған поэткалық қойылымдар арқылы, махаббат лирикасы ,азаматтық кезең және патриоттық жырлар сарынын тыңдарман жүрегіне жеткізе білді. Әрине, автор ретінде кеш барысында өзім де он шақты өлең оқыдым.

Қарашаш Есенбай: Үлкен қалада кеш беру қалтаға салмақ болады деп әншілер көп айтады. Өзіңіз Қызылордадан келіп Сарыарқаның төрінде кеш бердіңіз. Ұйымдастырылуы, безендіруі деген сияқты жұмыстар қалай болды, әлде демеушілер көмектесті ме?

Толқын Қабылша: Дұрыс айтасыз, үлкен қалада кеш беру, соның ішінде, еліміздің жүрегі Астанада мұндай деңгейдегі кешті ұйымдастыру, қомақты қаражатты талап етеді, жауапкершілігі де орасан зор. Алайда, менің бағыма орай, бұл бастама Қызылорда қаласының 200 жылдық, елордамыз Астананың 20 жылдық мерейлі датасымен тұспа -тұс келіп, кештің ұйымдастырылуы тікелей облыс әкімдігінің қолдауымен, ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің мұрындық болуымен жүзеге асты. Айта кету керек, осы көктемде министрлік жанынан жас ақын-жазушылардың әдеби кеңесі құрылып, менің шығармашылық кешім, «сабақты ине сәтімен болған» игілікті дүние. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақта, осы сәтті пайдаланып, аймақ басшысы, руханияттың әркез жанашыры Қырымбек Елеуұлы Көшербаев мырзаға, ҚР Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамеди мырзаға арнайы алғысымды жеткізгім келеді.

Қарашаш Есенбай: Кешке қатысқан өнер адамдары туралы және олармен шығармашылық байланыстарыңыз туралы айта кетсеңіз?

Толқын Қабылша: Біздің қазақ «сөз қадірін, өз қадірім» деп бағалап, қара өлеңін қастерлей білген ел.Тауы мен тасы күркіреп, тұтас даласы күмбірлеп ән салып тұрғандай сезілетін қасиеті де өзгеден ерек. Ұлтымызға тән осынау құдірет барда, біздің ақын жүректің жырламауы, толғанбауы тағы мүмкін емес. Ендеше, кеудені жарып шыққан жырдың ән болып әуелеуі де табиғи құбылыс болса керек. Бәзбіреулер, кейде, поэзияның сұлу сазға ұласқанын қабылдай алмай, ақынның жыры әнге айналса, әлдене деп қалып жатады .Алайда, құлақтан кіріп, бойды алар әсем әннің сұлу сөзбен үйлескені ұғынғанға, бір керемет! Менің кешімде менің сөзіме жазылған әндерді белгілі эстрада жұлдыздары Ақбота Керімбекова, РозаӘлқожа, МаржанАрапбаева, Мұрат Қожа, Индира Елубаева сынды әншілер орындап, кеш барысында поэзиямен сұлу саз алмасып отырды. Халқымыздың талантты қызы, менің жерлес әпкем Елена Әбдіхалықова кештің қадірлі қонағы болды. Шығармашылық байланыста, көбіне көп, менің жырларым композиторлар Айгүл Бажанова, Индира Елубаевалармен үндес келеді. И.Елубаева әнін жазған «Үмітті үзбе»атты әнімізді Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова апайымыз шырқап жүр.

Қарашаш Есенбай: Сонымен қатар, күзге қарай шетелдерде де кеш беру жоспарда бар екенін айтып едіңіз, сол туралы толығырақ білгіміз келеді?

Толқын Қабылша: Күзге қарай шетелдерге шығармашылық сапарлар болады деп жоспарлап отырмыз, бұйырса. Алайда, бұл сапар мақсаты шығармашылық кеш беру емес, Түркияда өтетін халықаралық поэзия фестиваліне қатысу. Бүгінгі таңда, түркі тілдес елдермен әдеби қарым- қатынас нығая түсуде. Бұған дейін заманауи қазақ ақындарының антологиясы Испан, Әзербайжан тілдерінде жарық көріп, біздер, бір топ ақындар сол елдерде қазақ антологиясының тұсаукесеріне қатысып қайтқан болатынбыз, ал, сәуірде Астанада «Фолиант» баспасының қолдауымен Әзербайжан антологиясының қазақ тіліндегі нұсқасы жарыққа шықты. Айта кету керек, бұл игілікті бастама, қазақтың талантты ақын қыздарының бірі Танакөз Толқынқызының ұйытқы болуымен, жүзеге асып жатқан шара.

Қарашаш Есенбай: Сіздің шығармаларыңыз да нәзіктік бар, болмысыңыз да нәзік. Әр дүниені жақын қабылдайтын ақын жүрегі кей кезде болатын өмірдің қаталдығына қалай шыдайды? Кімнен, қайдан жұбаныш табады?

Толқын Қабылша: «Осынау қым-қуыт тіршілікте нәзік болмысыңызбен, сезімтал жүрегіңізбен жұбанышты қайдан табасыз?» деген сауал жолдапсыз. Расында, күйбеңі көп, сүргіні толассыз тіршілікте, ақын болып күн кешу, ақ қағазбен алып-ұшып тілдесу, аспан мен жердің арасында, арманыңмен үндесу, ұғынғанға ұлы сын. Кейде бір мейірге мұқтаж болып, мына өмірден баз кешіп кетер сәттер жоқ емес. Жақының да ұға қоймас жаныңмен арпалысып, жалт еткен ғұмыр күннің дидарынан бір сәуле іздейсің. Бәз біреулерді тіпті селт еткізбес тірліктің ащы шындығы сенің жаныңды осып өтіп, жүрегіңді жаныштайтынын кім білсін?!Жылылыққа құштар көңіліңмен, жаханды жұбатқың келетін сәттерде, тағдырдың сан тарау жолдары, жазмыштың соқпағы тығырыққа тірейтіні тағы бар. Бәлкім, сондай сындарлы сәттерде, күш қуатты өмірге ынтызар өз жүрегімнен, сәбидей аңғал өлеңімнен, тап-таза тілегімнен алатын болармын. Ақындық ғұмырдың ғанибеті де, ғажабы мен азабы да осынау арпалысқа толы ғұмырда ақиқатыңды жоғалтып алмаумен безбенделсе керек. Дәл осы сәт, сізге өз өлеңімнен үзінді келтіргім келіп отыр.

Мынау нәзік болмысыммен шарқ ұрып,

Мұқалмадым, қалсын мейлі, жарты үміт.

Шыңырауға шың көзімен қарадым,

Теперішін тағдырымның тәнті ғып.

Тұл бойымнан тектіліктің исі аңқып,

Кеудемдегі күмбір қақты күй сандық.

Қиналғанда, қалам құшқан қолдарым,

Қайтем енді, ғұмыр гүлін жисаартық?

Беу,дүние! Болсадағы датың көп,

Кінәлай бер, қаралауға хақың жоқ.

Аяқ асты ете алмайтын арманын,

Күн кешемін әйел емес, ақын боп!

Қарашаш Есенбай: «Көп ақын өз табиғатын түсене алмай ғұмыр кешеді» дегенді оқып едім. Ал сіз өз табиғатыңыздың жанын түсіне аласыз ба?

Толқын Қабылша: Бұл сұрағыңыздың жауабын да мен жоғарыда айтып кеткен секілдімін. Шындығында, өзімді өзім ұға алмайтын сәттер менде де жиі болады. Жалпы, осынау ғұмырдың өзі сан түрлі сұраққа жауап іздеп шарқ ұру, өзіңді өзің тануға талпыну, кемелдікке ұмтылу секілді адамдық мұраттарымен мазмұнды, мәнді болса керек-ті.

Қарашаш Есенбай: Әндерге сөз жазасыз ғой, соңғы кезде байқайсыз ба қыздардың «жылаған», жігітке жалынған сарындағы әндері көбейіп кетті. Оған не себеп болуы мүмкін деп ойлайсыз?

Толқын Қабылша: Оныңыз рас, жылауық әндердің көбейіп кеткені жайлы қоғамда аз сын айтылып жүрген жоқ. Соның ішінде, нәзік жанды арулардың жігітке жалына тіл қатуы да тенденцияға айналып бара жатқан кезең де қылаң бергені жасырын емес. Бәлкім, бұл, кейде, сырын айтамын деп, шынын айтып қоятын қыздарға тән табиғи нәзіктіктің бәлкім, бүгінгі барлығы ашық қоғамда, өз менін жасыра алмайтын дәрменсіздіктің де көрінісі болса керек. Алайда, менің пікірімше, сезім де, сыр да аз кем жұмбақтау болған сәттерде құндырақ. Ән де солай. Өлермендікке салынып, өксікке толы әндерді ғана жазуға ұмтылу, жанды қозғай алса да, ұлтымызға тән намысқойлық пен қазақ қызына тән қайсарлығымызға сын секілді. Өз ұлттық болмысымыздан жырақтамаған сәттерде ғана шынайымыз біздер. Ән де, жыр да солай. Ал,еліктеумен, солықтаумен туып жатқан заманауи әндердің баршасын мен уақытша құбылыс деп бағалаймын. Өміршең өнердің баршасы ұлттық сарынымызда, ұлттық бояуымызда жатыр деп ұғынам мен.

Қарашаш Есенбай: Енді жеке өміріңізге қарай ойыссақ, жеке өміріңізде қандай жаңалықтар болып жатыр?

Толқын Қабылша: Жеке өмірімізде әлдеқандай жаңалық жоқ, әзірге.)) Тұрмыстағы жанбыз, ұл-қызымыз бар, азаматамыз бар. Қазақтың қызы, келіні ретінде ұстанымымыз да өзгерген жоқ. Қазақстан-Қызылорда телеарнасында журналист-тележүргізуші қызметіндеміз. Жағымды жаңалықтар әлі де алда деп сенеміз!

Қарашаш Есенбай: Ендеше, жақсы жаңалықтарыңызды күтеміз! Меншікті мерекеңізбен тағы да құттықтаймын!

Фото жеке мұрағаттан алынды

Автор: @karashash_esenbay

Дереккөз: ERNUR.KZ


Бөлісу
Banner Content
Тегтер: , , ,

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

1 + 15 =

kkKazakh
kkKazakh