Banner Top
Иглз болмаймын бір күні…

«Айыптама мені», «Қалай қарайсың», т.б. жарған еді кезінде. Қыз-қырқын қырылып тыңдайтын. Бесіктен белі шықпаған бала да. Арасына өзімнің де қалай қосылғанымды білмей қалдым. Бір күні концертінде видеоға түсіріп, орнымнан тұрып, əніне қосылып тұр екенмін. Кəдімгідей Иглз болып алыппын.

Əр əні шыққан сайын іздеп тауып алып тыңдайтын болдым. Сөздерін жаттап алуға асығатынымды қайтерсіз?! «Мені де ұрып өлтіретін адам жоқ!» деп əжем айтқандай болды тура. Əдебиеттерді оқуға, өлең жаттауға уақыт, құлық таппай жүргенде, мұныкы не құдірет екен деймін.

Бір период болды, олар тынышталып қалған. Сол кезеңдер жақсы болды деп ойлаймын. Мен де тыныштала бастағандаймын. Келесі бір дүмпулерінде (кино, сериал түсіріп, жаңа əндері шыққанда) менде бұрынғы екпін болмады… (Əй, жоқ. Қазір де тыңдап жүрмін əндерін).

«Мен істеймін шынайы, стиль – жұбайым Шайқамаймын , тек дірілдетемін

Дір-дір, бұл үңгір, Тез-тез, кір-кір, PRRR!

Біз барда шоу-биз тірі, біл! Абайла, жатса тіліп тілім

Yo! Кет-кет, дем ал, дігідік, Тігіліп қал! Мә, ортан терек!»

Сөйтсеем, мен түсінбей жүр екенмін ғой. Біздеңе түсіндіңіз бе? Репті тым тез оқығаны соншалық, соңғы шыққан əндерінің сөзін түсіну оңайға түспейді. (Бұрынғыларын аздап түсінетін едім…) Жазбаша нұсқасын оқығанда біртүрлі болдым. Не тыңдап жүрміз, құрсын?!

Қабылдай алмайды екенмін. Мен қалыптасу үшін өзіме қажетті ақпаратты, қажетті элементтерді бұған дейін бойыма сіңіріп үлгеріппін. Буыным қатыпты. Иммунитетім қалыпты екен. Құнарсыз, ағзаға пайдасы шамалы азықтарды қажетсінбейді.

Ол мəтінді қазір оң-солын танып, буыны қатпаған жасөспірімдер мен балалар ғана «тітіркенбей» тыңдай алатын болар. Себебі есею сатысына енді келген, тіпті аяқ баспаған оларға бұл оғаш көріне қоймайды. Өкініштісі тіліміздің небір мəйекті сөздерін білмей, поп əндердегі ретсіз реп пен мәнсіз мәтіндер санасына сіңіп кететін болды. «Бұл дүниеде не қайғы? Адам боп келіп дүниеге, Надан боп өлсе сол қайғы!»

П.с. Попты тыңдамайды емеспін. Дегенмен əр нəрсенің орны, əдемі шегі болады. Бұл жанрдағы алғашқы топ «91» жарыққа шыққанда жақтаушылар жағында болдым. Соңғы кездері олардан да, олардың ізбасарларынан да алыстап барамын… Себеп – жоғарыда жазғандарым. Тым болмаса репке ұйқасы бар текст жазыңыздаршы… Әйтпесе Иглздар чатынан шығып кетем.

#Айыптамаңдаршы мені…

 

0 Comments

Leave a Comment

two × two =