Сен, ұрығыңды жарытпай, ұрпақ қамын айтпашы!

Бірде өте-мөте танымал кісіден сұқбат алдым. “Біз ұлт үшін қызмет етіп, ұрпақ қамын ойлап жүрміз” деген сияқты жалған пафосқа толы әңгімесімен көсіліп отырған. Оның ішінде қазіргі #Қазақ қызының өзгелерге кетіп, жаман жолға түсіп жатқанын да” тіліне тиек етті. Мен оның даңғаза мақтанышына сеніп, басымды шұлғып қойып тыңдап отырмын.

Бір кезде телефоны шырылдады…

Оның сөзінен алимент өндірушілер хабарласып тұрғанын аңғардым. Әрине, телефонмен сөйлесіп болғасын, сол “тема” жалғасып кетті… Ол баласына айына 50 мың төлегісі келмейтінін ашық айтты. Сол үшін қазір ең төменгі айлықты жаздырып, соның бөлігін төлемек екен. “Ұрпағыңыз ғой” десем, “Ұрығым болғаны рас болса, өскенде іздеп келеді”деді.
Сол сөзді айтқан кезде жиеркеніп кеттім. Сен өз балаңды өз жұртында өсіре алмай отырсың, тағдыр дейік. Бірақ оны жетімсіретпеуге шамаң жетеді ғой?! 

Тек әдеп сақтап, сұқбатты басқаға бұрып әкеттім. Ол кісімен әрі қарай ол тақырыпты талқылай алмайтыным анық еді. Негізі сол жерде оған “СЕН, ӨЗ ҰРЫҒЫҢДЫ ЖАРЫТПАЙ ЖҮРІП, ҰРПАҚ ҚАМЫН АЙТПАЙ-АҚ ҚОЙШЫ” дегім келген…

Білмеймін, мен адам қолымен істегеніне мойнымен жауап бере алуы керек деп ойлаймын… Ал біз өзімізге жауап бере алмасақ та, өзгенің жауабын естігіміз келеді. Өйткені, біздер өз кеудесінен қашып жүрген адамдармыз. Біз өзгенің көзінше рөл ойнап, мәз-мейрам боламыз, ал жалғыз қалғанда жанымыз тыныш таба алмайды. Себебі, тазалық жоқ! Сол үшін де әркімнің бетіндегі пердесін тартқылаймыз. 

… Жақында қара нәсілдіге шыққаны үшін бейкүнә қызды қарғап жатқан жұртқа таң қаламын. Әсілінде біреудің тағдырын талқылаудан оңайы жоқ!

Оны қарғап, сынап, жамандап жатқан кезде өзіңіздің үстіңізге бір қараңызшы!
Бір қызды некесіз тудырып тастай салып, біреудің екіншісі болып “тығылып” өмір сүріп жатып өзгенің өмірін сызуда алдымызда жан салмаймыз. Меніңше, ол қыз некесін қиды, беті ашық! Ардың алдында шамасы жеткенін орындады.

Сіз де өз міндетіңізді орындасаңыз болды, әркім өзі үшін ғана жауапты. Бәлкім, бұл жазбадан “шетелге күйеуге шығуға қарсы емес” деп жазғыратындар да табылар. Десе де, алдымен адам екеніңізді естен шығармаңызшы.

Бірінші адамбыз, одан кейін қазақпыз!

Total
0
Shares
Previous Post

Еркектер неге “стерваларды” ұнатады?

Next Post

Орамалды қыз, шектелме!