Жігітіме хат

Мынаны ұқ! Бұл хат менің еркімнен тыс жазылып отыр. Әйтпесе, саған ағымнан жарылғым-ақ келіп отырған жоқ. Ал, әңгіменің ашығын айтпасам сенде түсінбейсің? Соңғы кезде қазақ қыздарының өзге ұлттың жігітіне тұрмысқа шығып жатқандары қызу талқыланып жүргені хат жазуға себеп болды.

Сеніңде сондай ойың бар ма деймісің? Жо-жоқ, ондай ой менде болған емес-ті. Тек, кейде сол өзге ұлттың «келініне» қарап, олардың өмірі «ертегідей» елестейтінін жасырмаймын. Адамның көзі- жан дүниесінің айнасы демейді ме, олардың өздерінен өкініштің табын оқи алмадым. Бәрі көңілді, бәрі бақытты сияқты. Адамдардың бақытты болып көрінгісі келетінін де түсінем. Бірақ, соңғы кезі олар өздерінің берік отбасы бақытының «құпияларын» ашуға кірісіп, осыны насихаттауға көшкен сықылды. Олардың ғаламтордағы жазбаларын әлі босаға аттамаған мыңдаған қыздың бір шолып өткеніне мен кепіл! Түптеп келгенде, соның қандай құпия екені маңызды да емес, бастысы «Құпия» айтып отыр ғой. Бұрын ара-кідік кездесетін қазақ ұлты кейбір күйеу балаларын «Әйтеуір, мұсылманның жігіті ғой» деп іштей ақтап алатын. Ал, қазір менің құрбыларым өзінің бақытын
мұхиттың арғы жағынан іздеп жүр. Себебін, сұрамақ болып оқталғаныңмен, жанына жара салудан қорқасың. Алайда, сол қыздардың көпшілігі қазақ жігіттері мені бақытты ете алмады деп ақталатын көрінеді.

Мен мойындаймын, қазақ жігіттерінде «нәзік жанды» деген түсініктің таяз екенін. Сен де оны мойында! Үйде сүйіктің орындықтарды тасып жүрсе, «жаным сен, оны көтерме, менің жұмысым» деуге мойның жар бермейді.

Білесің бе, мен кездестірген өзге ұлттың жігіттері үстел тұрмақ, қолымдағы артық кітапты да байқап, көмектесуге дайын тұрады. Сен олар сықылды болуға міндетті емес екеніңді білемін. Бірақ, өтініш келесі де есікті ашқасын бірінші мені өткізіп жіберші. Мен мойындаймын, қазақ жігіттерінің көбі тартыншақ екенін. Сен де мойында! Мен: «Сен маған ұнамайсың, хабарласпа» – деген сөзді айтсам болды, үндемеген күйі жоқ болып кетуге дайынсың. Мүмкін, сол күнгі менің көңіл-күйім сондай болған шығар. Менің наздануға құқым бар ғой, сол кезде менімен бірге дауыс көтеріп, одан әрі ашуландырмай, тек жылы сөзбен сабырға шақыруға шамаң жете ме? Бәлкім, менің жай ғана сен алдыңда шағынғым келіп тұрған шығар. Сен мені ұқшы, менде ұғамын!  Бір жерден «Егер, махаббатыңызды кезіктірсеңіз оның бойы, түрі, білімі, ұлты, шыққан тегі маңызды емес екенін түсінесіз!»- дегенді оқыған едім. Сірә, мен махаббатымды кезіктермеген болармын, әлі. Себебі, мен қараймын оның тегіне, ұлтына, түріне! Ол қазақ үшін әуелден- ақ маңызды болған, маған да маңызды. Сен үшін де солай болғанын қалар едім. Мендегі еркелікке, тентектікке амалдың жоқтығынан төзгеніңді қаламас едім…

 

Фото: pixabay.com

Total
0
Shares
Previous Post

Нумеролог болжамы: 3 тамыз

Next Post

Денедегі артық майлар неліктен болады?