Жарты ғасырлық махаббат: Ханзада Чарльз патша отбасы жек көрген көңілдесіне қалай үйленді?

Патша отбасының өзіндік дәстүрлері мен заңдары бар. Әрине, осыдан бірнеше онжылдық бұрын біреу «ханзадалар отбасын құру тұрғысындағы дәстүрлерді аттап өтеді» десе, ешкім сенбес еді. 2018 жылы атышулы ханзада Гарри мен актриса Меган Марклдың тойы көпшілікті таңғалдырды. Алайда, патша отбасының жазылмаған заңын алғаш бұзған ханзада Гарри емес, оның әкесі ханзада Чарльз болатын.

Ханзада армандаған ару

Елизавета ІІ патшайымның тұңғышы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қалаулы бойдақтардың бірі болды. Дегенмен, ханзада бойдақтық өмірмен қоштасуға асықпады, керісінше кез келген отырыста қыздарға қырындай алу мүмкіндігін барынша пайдаланып жүрді. Осылайша, 1970 жылы поло ойының тамашалау барысында Чарльз  британдық әскер майорының қызы, 23 жастағы Камилламен танысты.

«Ханзадаға Камилланың ерекше күлкісі, әзілқойлығы ұнайтын. Ең бастысы Камилла басқа қыздар секілді Чарльздің жүрегін жаулап алуға тырыспайтын. Ол өзін ханзадамен өте қарапайым ұстайтын», – деп жазды өз кітабында патша отбасы биографы Пенни Джунор.

 

Алғаш танысқан күннен бастап Чарльз пен Камилла жиі кездесе бастады. Алайда, Камилла өзінің патша отбасы мүшесінің жары бола алмайтынын білетін еді. Себебі ол танымал әулеттен шықпаған және пәктігінен ерте айырылған бойжеткен еді. Камилла өзін жар ету үшін Чарльз тақтан бас тартпайтынын іштей түсінетін. 1973 жылы Камилла даңқты әрі келбетті офицер Эндрю Паркер Боулзға тұрмысқа шықты.

1974 жылы Камилла Паркер Боулз дүниеге ұл алып келді. Кішкентай Томның кіндік әкесі Чарльз болды. Араға төрт жыл салып қызы Лаура дүниеге келді. Алайда, Камилла қызын туғаннан кейін күйеуіне суынып кеткенін сезді, осы кезден бастап ханзада Чарльзбен кездесуді қайта бастайды. Кездесулер ақсүйектер отырыстарында да еркін жалғасын табатын. Ол кезде ешкім Чарльз бен Камилланың арасында достықтан артық бірнәрсе болуы мүмкін деп ойламайтын.

Патша отбасына лайық және лайық емес ару

Сексенінші жылдардың басында Елизавета ІІ мен ханзада Филипп тұңғыштары Чарльзге бойдақтық өмірмен қоштасып, шаңырақ көтеріп, болашақты ойлау керек екендігін айта бастайды. Осы кезде ханзада әлеуметтік статусы патша отбасына сай келетін – леди Сара Спенсермен кездесе бастады. Бірақ, көп ұзамай Сарамен қарым-қатынасын тоқтатып, оның сіңлісі леди Дианамен жақын араласа бастайды. Еңліктің лағындай нәзік әрі уыздай жас Диана ханзадаға тартымды көрінді, Чарльз оны кейін сүйіп кететініне сенді.

Диана бірден патша отбасының көңілінен шықты. Көп ұзамай ханзада Филипп Чарльзға небәрі 19 жастағы леди үйленуін немесе оның абыройына нұқсан келтірмей кездесуді тоқтатуын ескертіп хат жазады. «Чарльз Диананы сүймейтін еді. Ол тіпті отбасын құруға дайын емес еді. Бірақ дәл осы сәтте, әкесіне қарсы тұра алмады», – деп айтты Чарльздың жақын достарының бірі сұқбат барысында.

Осылайша жас жігіт бойдақ кезімен ресми түрде қоштасуға шешім қабылдап, леди Дианаға ұсыныс жасайды. 1981 жылы шілдеде жас жұбайлардың ертегідей үйлену тойы өтеді. Дәл сол күні “ханзада Чарльз досына жас келіншегіне деген ешқандай сезімі жоқ екенін айтып, көзіне жас алады” деген қауесеттер тараған. Ол әлі күнге дейін сән мен ақсүйектер өмірі қызықтырмайтын Камилланы өлердей сүйетінін түсінді.

Леди Ди күйеуінің Камиллаға деген сезімдері туралы білетін. Некелескеннен кейін Чарльздің жүрегінен оның атын өшіруге тырысып та көрді, алайда еш нәтижесіз. Чарльздің жүрегінде Дианаға деген ғашықтық сезімін оятуға екеуінің ұлдары Гарри мен Уильям да әсер ете алмады. Кейін Диана берген сұқбаттарының бірінде, шаңырақ көтергеннен кейінгі алғашқы төрт жыл ғана өзін шынайы бақытты сезінгенін айтты.

Жұбайлар 1986 жылдан бастап бөлек бөлмелерде ұйықтаған. Чарльз Камилламен көңіл жарастырса, Диана да уақытты бос өткізбеген. Депрессия мен уайымға тез берілетін ханшайым британия әскерінің бұрынғы офицері Джеймс Хьюттонмен төсектес болады.

1992 жылы британдық журналистердің қолына ханзада Чарльз бен Камилла Паркердің телефонмен сөйлескен аудиосы түсті. Әрине, бұндай сенсациялық жазбаны тілшілер бірден жариялады. Жазбада олардың көңілдес екені анық айтылған еді. Дәл осы жағдайдан кейін Диана мен Чарльзде ажырасудан басқа амал қалмады. Ханшайым мен ханзаданың айырылуы туралы шешімін 1992 жылы Ұлыбритания премьер-министрі Джон Мейджор парламент отырысында жариялады.

Чарльз бен Дианаға ажырасуға кеңес берген Елизавета патшайымның өзі болды. Соңғы жылдардағы ұрыс-керістерден кейін патшайым ұлының некеде бақытсыз екенін түсінді. Чарльздың туысқандары да, жалпы Ұлыбритания халқы да Диана ханшайымды қатты жақсы көретін, олар ажырасу ісінде Диананы барынша қолдады. Британдықтар ханзаданың отбасының шырқын бұзған Камилла Паркер Боулз деп танып, оны барынша табалады. Камилла соңғы жылдары берген сұқбаттарының бірінде, сол халықтың оны жек көргені соншалық, үйден шыға алмағандығын айтты. «Расыменде, өте қиын болды. Сол кезде жаныма жақын адамдардың қолдауы болмағанда, соншама жаман пікірлермен жалғыз күресе алмас едім», – деп айтты Камилла.

Ажырасқаннан кейін…

1995 жылы Камилла Паркер Боулз күйеуімен ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді. Айтуларынша, жұбайлар ұрыс-керіссіз, ортақ шешіммен айырылысқан.

Чарльздің көңілдесі ажырасып, басы бос әйел атанғаннан кейін Диана ашық сұқбат берді. Өз сұқбатында ханшайым оның құрған некесінде үш адам болғанын атап өтті.

1996 жылы тамыз айында Чарльз бен Диана ресми түрде ажырасты. Ханзада атышулы ажырасу ісінен кейін халық алдындағы абыройын қалыпқа келтіруге тырыса бастады. Алайда, 1997 жылы Диана ханшайымның автокөлік апатында қаза болуына байланысты, ханзада тағы да көпшілік алдына басқа әйелдермен шығу мүмкіндігінен айырылды. Чарльз патшайымға Камиллаға үйлену туралы ниетін білдіргенде, Елизавета оны ешқашан кешірмейтінін айтты. «Мен ол әйелмен байланысқым келмейді! Сенің отбасынды бұзғаны үшін, оны ешқашан кешірмеймін», – деп айтты патшайым.

Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап Елизавета патшайым мен ханзада Чарльздің арасында салқынғанды соғыс басталды. Патшайым Чарльздің көңілдесі шақырылған жиындарға барудан бас тартты. Алайда, ханзада да сүйіктісін тастай қоймады. Ақыры 1998 жылы ұлдарын Камилламен құпия түрде кездестіріп, таныстырды. Осыдан кейін патшайымның Камиллаға деген көңілі жіби бастады.

2005 жылы 30 жылдан астам қарым-қатынастан кейін ханзада Чарльз ақыры Камиллаға үйленді. Елизавета патшайым мен ханзада Филипп неке қию рәсіміне келген жоқ, ұлы мәртебелі патшайым мен жұбайы тек шіркеуге келіп жұбайларды құттықтады.

Камиллаға патша отбасына қосылғаннан кейін де көпшіліктің мазағы мен жағымсыз пікіріне шыдауға тура келді. Дегенмен, ол Диана ханшайымның орнын басуға тырыспады да. Өзіне берілген мәртебелерден (титул) бас тартып, белсенді түрде қайырымдылықпен айналысуды жөн көрді. Ол әлі күнге дейін ханзада мен оның ұлдарына қолдау білдіріп, халыққа жақын болу үшін, қоғамдық міндеттерін барынша мүлтіксіз атқарып келеді. Соңғы жылдардағы патша отбасының суреттеріне қарағанда, патшайым мен Камилланың қарым-қатынасы жақсарған. Уильям мен Гарри ханзадалар да өгей шешесін жақсы көреді. Гарри сұқбаттарының бірінде: «Біз Камилланың бар болғаны үшін алғыс айтамыз. Ол әкемізді шын мәнінде бақытты ете алды», – деп айтты.

 

Total
21
Shares
Previous Post

Некеде бақытты әйелдің 5 әдеті

Next Post

Алғашқы кездесуде өзіңді қалай ұстаған дұрыс?