Суицидке бейім қазақстандық жастарды жасанды интеллект арқылы анықтаудың жолы табылды

 

Әлеуметтік желілердегі деректер мен жазбаларды сараптау арқылы суицид жағдайларының алдын алуға мүмкіндік бар дейді мамандар. Жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау көрсеткішін төмендету мақсатында құрылған «Bilim Foundation» қоғамдық қорының Президенті Ерлан Айтмұхамбетовтың айтуынша, қор биылғы жұмысында жасанды интеллект көмегіне жүгінген. Арнайы бағдарлама тәулігіне он мыңнан астам әлеуметтік желі жазбаларын сараптаудан өткізіп, эмоциялық жай-күйі тұрақсыз, өз-өзіне қол жұмсауға бейім жастарды анықтайды екен. Нұр-Сұлтан қаласында өткен дөңгелек үстелде жарияланған сегіз айдың нәтижесі бойынша, қоғамдық қор еліміздегі 200-ден астам осындай жастармен байланыс орнатып, оның 60-тан астамына көмек қолын созған. Профилактикалық жұмыс «Жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асып отыр екен.

 

 

ЕРЛАН АЙТМҰХАМБЕТОВ – «BILIM FOUNDATION» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша алғашқы тұрған он елдің қатарына кіреді. Бас прокуратураның келтірген статистикасы бойынша, елімізде 2018 жылы 15-29 жас аралығындағы 2590 жас өкілі өз-өзіне қол жұмсаған. Олардың 849-ы көз жұмып, 1747-сі құтқарылған. Ол да болса бұл жастарды уақытында тауып үлгерген денсаулық сақтау саласы мамандары мен жақындарының арқасы. Осындай жағдайдың алдын алу үшін әлеуметтік желілерді профилактика алаңына айналдырдық. Шамамен 5-7 миллионға жуық жастарымыз күні-түні түрлі посттар жазып жатады. Оның бәрін адамдар отырып, тікелей зерттеп шығуы мүмкін емес. Есесіне «жасанды интеллект» анықтай алад. Сол арқылы қиналып жүрген балалар мен жасөспірімдерді тауып, көмек қолын создық».

Әлеуметтік желілер арқылы суицидке бейім жастармен байланысқа түсіп, суицидтің алдын алуға септігін тигізетін елдер бар-жоғы үшеу екен. Алғашқылары Канада мен Америка болса, бұл жобаны жүзеге асырып отырған үшінші мемлекет – Қазақстан. Осы тәжірибені пилоттық жоба негізінде қайталаған «Bilim Foundation» қорында тікелей 9 психолог маманы жұмыс істесе, өңірлерден жастарға көмек қолын созған 33 ерікті психолог бар екен.

 

 

ЖАНАТ ӘБДІЖӘМИҚЫЗЫ – «BILIM FOUNDATION» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ: «Өздері көмекке зәру болғандықтан әрі біз өзіміз оларға сол көмекті ұсынып жазғандықтан, «Бұл кім?», «Не нәрсе?» деп, алғашында сенбейді. Ол – заңдылық. Бірақ, басында осы себептен жабылып қалғанмен, дұрыс сұрақ қойып, өз жағдайыңмен де бөлісе алсаң, олар да күйзелістерін, не мазалайтындығын айта бастайды. Сол кезде оларға «сен жалғыз емессің», «сенің жағдайың оңалатын жағдай», «мен сені түсінемін», жалпы «мен бармын» деп айту өте маңызды».

 

 

Жастарға әлеуметтік желі арқылы көрсетілетін психологиялық қызметтің бұл түрі тегін дейді Қор мамандары. Сондай-ақ, олар пилоттық жобаның алдағы уақытта нәтижелігіне байланысты жалғасын табатындығына үміт білдірді.

Total
0
Shares
Previous Post

Дымляма тағамын бірге дайындайық!

Next Post

Туған жылыңыз бен мінез-құлықтарыңыз қаншалықты байланысты?