Жас ғұмырдың келешегін күйретті… - Ikerim.kz

Жас ғұмырдың келешегін күйретті…

Бала кезден болашақты бірге армандайтын құрбыммен ажырамай қалаға бірге келдік. Оқушы ұясынан ұшқаннан кейін де жұбымыз жазылмай, көп дүние қиялдап, түнде армандап, тіпті қалжындап «бір үйге келін болып, бірге жүреміз!» деуші едік.  Неге екенін қайдам, мен оған әркез «Абайлап жүрші, сені алып қашып кететін сияқты…» дейтінмін. Бірақ оның көңіліне күдік ұялай қоймайтын. «Мені алып қашса, саған хабарласамын. Мен бірақ жан құрбымның таңдап берген, соның көңілі толған жігітпен отбасын құрамын»-, деп орнымның ол үшін ерекше екенін нақтылап беретін.

Арамызда орын алған кішкене кикілжіңнің салдарынан, айырылмастай болған достығымыздың арасы алшақтарын, бәлкім, ол кезде аңғармаған да болуым керек.

Әлеуметтік желілерден жоғалған, нөмірінен сөндірулі хабар берген досымның тұрмыс құрғанын жарты жылдан соң естідім. Алғашында шын көңілден қуансам да, жас толқынның тағдыры толғандырмай қоймады. «Вконтакте» желісіне кірмегеніне бірнеше ай өткен аккаунтына хат жолдадым. Бақыт тілеп, кешірім сұрап… Үмітім ақталып, арада 4 ай өткенде жауап келді. Бірақ ол өте мұңлы, бұрын жадырап жүрген жанның жабырқау смс-і. Мән-жайды сұраса келе, оны алып қашқанын білдім. Еркінен тыс отбасылық өмірінің қиындығы, күйеуінің жұмыссыздығы, оқуымен сол күйі хабарсыз кеткені, енесінің араға түсіп шақыстыруы, тамақты қызғануы, одан қала бере, жанына жалау болудың орнына жарының күн сайын тоқпақтап күң дәрежесіне түсіргенін естігенде жанарымдағы жасты тежей алмадым. Өмірде әлі де сондай адамдардың бары  таңқалдырмай қоймады. Көңілімді түсіріп, бұл оқиға менің жаныма қатты әсер етті. Адамдардың ойсыздығы, надан әрекеті бір жанның өмірлік мақсатын ойрандады. Жас ғұмырдың келешегін күйретті.

Жақында тағы хабарлама алдым. Оқуынан қол үзіп қалған құрбым бұл қорлыққа шыдасын ба? Батыл қадам жасап қашып кетіпті. Енді оқусыз, байдан ажырап, ұрыс-керістен бұзылған психолгиясы мен таяқтан зәбір көрген денесі болашағын жарқын жоспарлауға жылдарды керек етеді. Дене жарасы жазылар, алайда, жас жүректің жан жарасы жазылар ма?

Фото: www.pinterest.com

Автор: Жансая Алпамысова

Total
33
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Previous Post

Перде…

Next Post

Менің атым Теңге