Қыркүйек 22, 2019
Banner Content
Бөлісу

Білесің бе?! Сезесің бе?! Жаным жүдеп, жанарым жасқа толғанда сені ойлағанмын, қасымнан қол ұстасқан ғашықтар өткенде сені ойлағанмын… ойлай да беремін… сені ойламай жүру – өмірден түңілу сықылды…
Өмір жолы қиын… Армандарымыз бізді екі бөлек кетуге мәжбүр етті. Болашақ үшін, бізден үміт күткен жандар үшін жүрекке тұсау салып кете бардым. Бұрын өзіңмен қатар жүрген күндерімнің қадірін білмеппін, тіптен бір қалада жүрудің өзі қандай бақыт еді десеңші… Сағынамын…Әттең, мендік сезімді білмедің ғой, жанымның нәзік сырларын ұқпадың, сен дегенде елең етер көңілімді түсінбедің, сені көргенде жарқ етер жанарымның отын көрмедің…
Уақыт өткен сайын сол қайта келмес күндерім алыстап барады, сол ғажайып сәттерім бұлыңғыр тартуда…

Мен кейде қатты қорқам, бұл ғаламда жалғыз қалғандай түңіліп кетем… Сол сәттерде менің жанымда өзің болғанда ғой деп армандаймын…Өзіңдей ешкімнің бола алмасын білем, дәл сен менің жанымда болып, қорған болсаң деймін, тоңғанымда жылытып, жылағанымда жұбатып, қуанышымды бөліссең деймін.
Есіңде ме, бір рет екеуміз ақ жаңбырдың астында қалып қойғанбыз… Сондағы менің жүрегім, жаным, тәнім де аққан жаңбырды байқамаған да… оның бар бақыты – сенімен қатар жүруі еді…

Сенің тұлғаңның, азаматтық келбетіңнің, батыл көзқарасыңның аясында мен өзімді еркін, қорғаны бар жандай көремін… Дәл сенің жаныңда тұрғандай өзімді ешқашан да жайлы сезінген емеспін…
Мен сені ұмытпағанмен, сен мені ұмытатын секілдісің… ертеңгі күні бір жерде кезігіп қалсақ, жанымнан танымай өте шығатындайсың… Сол қорқыныш еңсемді басып барады… Мен сенің тағдыр жолыңда елеусіз күйде қалатын сияқтымын…
Сендік жүрек те сезім тұтқынына айналды… естідім… көруге дәтім шыдамас еді…Тек бақыт тілеп қана отырайын десем, «қарғыс атқыр» жүрегім қызғаныштың шекпенін киіп, сағыныштың сарқытын сіміріп отыр…Ұмытайын десем, ойлай берем… Ойлаудың өзі ұмытпау екен ғой…

 

Автор: А. А

Фото: pixabay.com


Бөлісу
Banner Content
Тегтер: , , , , ,

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

17 − 7 =

kkKazakh
kkKazakh