Қараша 20, 2019
Banner Content
Бөлісу

«Кімге қандай жақсылық жасаған болсаңдар,Алла оны шүбəсіз біледі»(«Бақара сүресі» 215 аят)

Бұл оқиға осыдан бірнеше жылдар бұрын көрініс тапқан болатын. Таңмен таласа тұрып, арнайы дайындығымды жүргізіп, білім ордама қарай жол тарттым. Әрі бүгін жанымнан əрдайым табылып, қолдау көрсететін жақын құрбымның іңгəлəп дүние есігін ашып, əлпештеген ата-анасының көңілін мейірім мен қуанышқа толтырған күні. Ниеті ақ, болмысынан періштедей пəк қызды»Табиғат анамыз»құшағына алып, жылы лебізін білдіргендей, дəл сол күні бойымызды самал леп есіп, əдеттегіден де керемет күй кештік.
Тағат таппай күткен қоңырау да соғылып, баршамыз үйімізге тарқасып, жан құрбымыздың мерейлі мерекесіне даярлаған сыйымызды алып, шат-шадыман болып көңіліміз тасып келе жаттық. Бие сауымындай уақыт өткен соң əупірімдеп жүріп, сыныптасымның үйіне жетіп, құшақ-құшақ гүлімізді, бағалы сыйлықтарымызды көңілдене сыйға тарттық. Ал құрбым бізді құшақ жая қарсы алып, төрге шығып, астан дəм татуымызды өтінді. Шындығында, оның күндей күлімдеген жанарынан ет жақынындай болып кеткен құрдастарын екі көзі төрт болып күткені байқалып-ақ тұрды.


Босағаны аттап, мерекелік дастархан басына жиналдық. Осы сəтте жүдеу тартқан, шамамен 10-11 жасар сүйкімді қыз кіріп, əпкесіне қолғабыс жасап, күлім-қағып жүрді. Алайда оның мұң меңдеген ішкі дүниесі кісі бойында аяушылық сезімін оятып, елең еткізердей еді. Неге екені белгісіз, онымен тілдескім келді. Бірақ ұяңдау болса керек, ауыз толтырып ештеңе айта алмады. Сөйтті де үстелдің бір бөлігіне отыра кетті.
Көптен күткен сайран да бастау алып, біздер жылы тілектерімізді жаудырдық. Əзілі мен қалжыңы жарасқан достарымның пейілдерінің кеңдігін ұға түскендей болып, ой жетегінде қалықтап жүргенде əлдебіреудің жыламсыраған үнін естідім. Бəріміз жалт қарадық. «Анам мен əкемді сағындым»деген аянышты үн жүрегімізді тербетіп жіберді. Құрбым лезде əлгі ойнақ салып, зыр жүгірген қызды бауырына басып, бөлмеден лезде ғайып болды. Күлкі мен қуаныштың тəтті естеліктерін осы бір жайт күйретіп жіберді.
Аз уақыт өткен соң жайшылықта көңілді əрі жайдары жүретін сыныптасымыздың өңі қурап кеткендей көрінді. Өз орнына барып жайғасып, телміре қараған баршамыздың жүзімізге көз тоқтатып, жаңа əңгімесін бастады:
«Білемін,сендер осы сұрақтың жауабын таба алмай мең-зең күйде отырған боларсыңдар. Жақында жақын туысымыздың қаза болғаны жайында хабар келді. Ата-анамның қабырғасы қайысып, ботадай боздап қоя берді. Бəрінен бұрын бұл жағдайдың қалай орын алғанынан хабардар болған соң, тұла-бойым өртенгендей күй кештім.
Көктем келіп,айнала жасыл желек жамылды. Біз ұлыстың ұлы күнін тойлап, кішігірім жүздесу өткіздік. Онда марқұм ағам мен жеңгем арқа-жарқа болып, көңілдері тасып, əңгіме -дүкен құрды. Олар кеңпейіл, жылы жүректі əрі жарқын жүзді жандар еді. Мені қуанышқа кенелтіп жүруден əсте жалықпайтын (құрбым көзіне жас алды). Сонау Алматыдан ат терлетіп келіп, күн батқан шақта ағам мен жеңгем жолға қамданды. Жақсылармен жүздестірген сол күнді ұмыта алмаспын.Анамның қиылып:»Қалыңыздар!»деген өтінішіне қарамастан қоштасып, кете барды.
Түнгі 11-лер шамасы болса керек. Ұзақ жолды тауысып,өз мекендеріне жетер шақта жолдың жиегіндегі апатқа түскен жеңіл көлікті көздері шалады. Маңайда қараңдаған көлік көп екеніне шүбəм жоқ. Алайда кім өмірін қыл үстіне қойғысы келеді?! Тіпті жақсылық жасауға да жарымаған көрінеді. Ал бұл кісілер жүректері атша тулап,өліммен арпалысқан ауыр сəтті көріп, көмекке ұмтылады. Жанталасып жүріп, қираған көліктің ішінен асқан қиындықпен зардап шеккен ер азамат пен əйел адамды алып шығып, жағаға жете берген сəтте жарылыс орын алып,жаралыларды құшаққа алған күйі келмеске бірге аттанып кетті. Бұл жайында əлгі жарақат алған кісілер баяндап беріпті. Ал бұл қыз жүрек жұтқан қос батырдың жалғыз перзенті. Жүрегі қан жылаған сайын жұбатудан басқа қолымнан ештеңе келмейді. Жалғызсырамасын деген ниетпен жалғыздарын асырап, бауырымызға алуды жөн деп таптық. Жақсылық жасау жолында көз жұмған жақындарымның жаны пейіште шалқығай!» деп дұға қайырған досымың парша-парша ыстық жасы жерге тамып жатты…
Қуанышымыз су сепкендей басылып,сілтідей тына қалыппыз.Расында да əлемнің тұтқасы-адам болса, өмірдің кілті-көмекке мұқтаж жанды бақытқа бөлеуде екен.Бұл оқиға ғұмырыма азық əрі ұмытылмас сабақ болды…

Автор: Аружан

Фото: pixabay.com


Бөлісу
Banner Content
Тегтер: , , , , ,

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

fifteen − 5 =

kkKazakh
kkKazakh