Banner Content
Бөлісу

«Ешнәрсе кездейсоқ болмайды, досым! Сәттілік деген жоқ. Әрбір ұсақ нәрсеге дейін өзіндік мәнге ие, бұл да солай…» – дейді Ричард Бах өзінің «Ешнәрсе кездейсоқ емес!» кітабында. Шынында әр дүниенің сіз үшін қайыры мен тосынсыйы бар екеніне сеніңіз.
Оған да солай «Дәрігер боламын» деген арманына өзге қалаға оқуға бара алмауы бөгет болды. Бірақ оны жұрттың тәнін емес, жанын емдейтін миссиясы күтіп тұр еді. Әу баста әр адамға жазылатын һәм бұйыратын миссиясы болады. Ал әр кейіпкер оған әртүрлі жолмен келіп жатады. Оның бұл жолға қалай келгені тіпті қызық…

Бүгінгі IKERIM-дердің бейнесі отбасылық кәсіби психолог, халықаралық дәрежеде куәландырылған практик-психолог, тренер Мөлдір Болатқызы.

Қарашаш Есенбай: Мөлдір ханым, бізге сұқбат беруге келіскеніңіз үшін рақмет! Мен де психология әлемін жақсы көремін, сонда байқағаным, көп маманның бұл салаға келуіне өзіндегі кризис себеп болады екен. Ал сізге не себеп болған еді?

Мөлдір Болатқызы: Қайырлы күн, мен де сіздерге сұқбат беріп отырғаныма қуаныштымын! Дұрыс айтасыз, психологияға әркім әртүрлі жолмен келеді ғой. Мен де сондай кезеңдер арқылы келдім. Негізгі мамандығым да – педагог-психолог.

2012 жылдар еді… Тұрмыс құрғаныма бес жылдай болған, бірақ бала көтере алмай жүрдім. Тексерілген кезде дәрігерлер менде медициналық проблема жоқ екенін айтты. Мамандар «психологиялық бедеулік» деген диагноз қойды. Сосын Нұр-Сұлтан қаласындағы отбасы институтына барып, психолог мамандардан кеңес алдым. Бірнеше уақыт терапия да алып жүрдім, бірақ көпшілікке олардың бағасы қолжетімсіз екенін білдім, өзіме де қиындық тудырды. Сосын ол консультацияларға кеткен ақшама өзім білім алайын деп шештім. Сонымен практикалық психологияны меңгеруді қолға алдым. Оқу барысында жүз адамға арналған консультациялар тапсырма ретінде беріле бастады, соларды орындап жүріп адамдарға кеңес беруді үйрендім.

Ал 2013 жылы қызды болып, декретке шықтым. Психология арқылы өзімнің проблемамды шешкеннен кейін, өзгелерге де пайдасы тисін деген мақсатпен осы салаға түбегейлі бет бұрдым.

Қарашаш Есенбай: Мөлдір ханым, біздің оқырмандардың басым бөлігі қыз-келіншектер. Олардың бәрін болмаса да бірнешеуін осы мәселе мазалайтыны анық. Сол психологиялық бедеулік туралы аз-маз айта кетсек. Ол ненің әсерінен болады және шешу жолдары қалай?

Мөлдір Болатқызы: Психологиялық бедеуліктің факторлары әртүрлі болады. Әр организм әртүрлі болатыны секілді, бедеулік те түрліше. «Психологиялық бедеулікті» қалай ажыратамыз дегенге келсек, психолог адам жанын зерттегенімен диагноз қоя алмайды, ал медицина мамандары диагноз қойып тәнімізді емдегенімен, жанымызды емдей алмайды. Жалпы «психологиялық бедеулік» диагноз ретінде жазылмаса да бар нәрсе. Бала сүйе алмаған әрбір бесінші отбасы психологиялық бедеулікке шалдыққан. Әрі бұл көрсеткіш өсіп жатыр.

«Психологиялық бедеулекке» шалдыққан адам күйзеліске жақын, «талай адамға барып, талай есікті қаққанбыз» деген секілді себептерді айтатындар. Оның басты себебі – стресс. Ол жасқа, денеге қарамайды. Бұл диагнозға әйел де, еркек те душар болуы мүмкін. Оған анамен не енемен тіл табыса алмау, алғашқы күннен бастап «Қашан көтересің?» деген қысым көрсетілуі себеп болып, адам блокталып қалуы мүмкін. Адам өмірінде стресс болмаса да қыз баланың анасымен қарым-қатынасы, онымен тіл табыса алмауы, ерлі-зайыптылар арасында іштей сенімсіздік көп болуы да әсер етеді. Қарапайым ғана себептер болғанымен, олардың психикаға кәдімгідей әсері бар. Бірақ өзіңізбен, мамандармен жұмыс істеу арқылы одан құтылуға болады.

Қарашаш Есенбай: Осы тұста күйеуіңіз туралы айта кетіңізші. Сол бес жыл ішінде оның қолдауы болған шығар?

Мөлдір Болатқызы: Әрине, онсыз болмайды ғой. Қазір де сол кісінің қолдауымен жүрмін. Өзі бес қыздың ортасында өскен ұл, сондықтан шығар, нәзік жандыларды жақсы түсінеді. Қазір де жұмысыма, оқуыма үнемі материалдық және моральдық тұрғыдан қолдау білдіріп келеді. Өз халықпен жұмыс істейді, оқымаған «психолог». Ол кісіге алғысым шексіз.

Қарашаш Есенбай: Сонымен қатар сіз бірнеше уақыт бала асырап алушыларды қолдау орталығында қызмет еттіңіз. Бала асырап алу үшін болашақ ата-ана мен балаға қандай психологиялық дайындық керек?

Мөлдір Болатқызы: Бала асырап алу орталығының «Ана үйі» жанынан ашылған «Жанұя» орталығында жұмыс істегенмін. Сол кезде ата-аналарға тренер болып, олардың бала асырап алуға психологиялық дайындығымен жұмыс істедім. Бала асырап алушы ата-ана ең бірінші көз алдына «Бала сүйкімді, жыламайды, ауырмайды» деп образ жасап алады. Өйткені ол бірнеше сағатқа ғана барғанда туыс-достарының балаларын солай көреді ғой. Ал шын мәнінде баланың өз қажеттіліктері мен сұраныстары болады. Баланың ауруы, тіпті кейбір аурулар ген арқылы да берілуі қалыпты. Үш жасқа дейін анықталмайтын психологиялық ауруы не басқа мінездері болуы мүмкін. Сол үшін бала асырап алушы әлбетте тәуекелге баруы керек. Кейде «розовый очки» киіп келетіндер бар, бала зат емес, ол – тірі организм, оның дамуы, өсуі болады. Сол жолда кездесетін қиындықтарға төзуді үйрету үшін түрлі жаттығулар беретінбіз.

Ең әуелі бала асырап алушы ана ішкі мотифтерін түзеу керек. Ол қандай мақсатпен бала асырап алатынын білген жөн. Өйткені «Жалғыз қалып кетпейін» деген ой көпке апармайды. Бала асырап алушы ана баланы қателіктерімен қабылдап, ана болуы керек.

Қарашаш Есенбай: Кәсіби түрде психолог ретінде адамдарға көмегіңізді тигізіп жүргеніңізге бірнеше жыл болыпты. Осы уақыт аралығында қазақ тілді аудиторияның психологияға деген көзқарасы қаншалықты өзгерді?

Мөлдір Болатқызы: Он екі жылдық тәжірибеме қарай отырып, осы аралықтағы айырманы анық сеземін. Алғашында мамандығым бойынша педагог-психолог болып жұмыс істеп жүрдім. Сол кезде ата-аналармен байланыс орнатуға тырыссаң, «Неге менің балам психологқа барады?», «Психолог мені неге шақырады» деп ренжитін еді. Өйткені ол кезде психологқа тек психикасында ауытқуы барлар ғана жүгінеді деп ойлайтын. Ал қазір әрбір адам психолог тек қалыпты адамдармен жұмыс істейтінін, оның психиатрдан айырмашылығы бар екенін түсінді.

Әрі қазақ тілді аудитория да көбейіп жатыр. Бұрын кәсіби ақпараттар мен кітаптар орыс тілінде еді, біз көбіне орыс менталитетіне сай ілімдерді оқып, ізденетінбіз. Ал қазір біздің ана тіліміздегі ақпараттар көбейе бастады, сонымен қатар ұлттық сана, ұлттық код бойынша жұмыс істеуіміз керек екенін түсіндік. Негізі біздің әрбір ақын-жазушымыз психолог болған, мәселен, кез келген кітаптан психологияның жұрнағын таба аламыз.

Қарашаш Есенбай: Адамдар көбіне қандай проблемамен жүгінеді? Содан кейін мынадай проблеманы байқадым, қазақтар психологқа бір рет барады, сол кезде барлық түйіні шешілуі керек деп есептейді. Консультацияға қайта жазылатындар сирек. Психолог ретінде айтыңызшы, адамға неше уақыт үзбей психолог кеңесіне жүгінген кезде нәтиже болады?

Мөлдір Болатқызы: Иә, психологты бақсы-балгер сияқты ойлап келетіндер бар. Проблемасының барлығын психологқа итеріп, өзі жауапкершілік алғысы келмейтін адамдар болады. Консультацияға бір рет келген адамнан нәтиже шығару өте қиын. Өзімнің тәжірибем бойынша айтар болсам, бес рет консултацияға келіп, алты-жеті терепиядан өткен адамда нәтиже жақсы болады. Бірақ бір-екі консультациядан кейін де өзіне жауапкершілік алып, берген ақпараттарды өзінше қорытып, шешім жасайтындар да кездеседі. Көбі проблемасының түбірін тауып, сонымен жұмыс істеуге кірседі. Менің кеңесім – нәтиже көру үшін үзбеген дұрыс!

Қарашаш Есенбай: Отбасы проблемасымен жиі айналысасыз, қазір еліміздегі ажырасатындардың статистикасынан шошуға болады. Өз тәжірибеңізге сүйеніп айтыңызшы, ажырасудың басым көпшілігі нендей себептен туындайды?

Мөлдір Болатқызы: Жалпы отбасындағы ең маңызды нәрсе – жауапкершілік. Ажырасудың көпшілігіне жауапкершіліктен қашу, бойдақтықтан бас тартуға дайын еместік, командамен жұмыс істей алмаушылық, кешіре алмау, өзгенің мүддесін сыйламау себеп болады. Алғашқы үш жылдың ішінде ажырасып кететіндерде осы мәселе көп ұшырасады.  Байқасаңыз, мұның бәрі отбасында бірелетін тәрбие, ал көпшілік соны дұрыс меңгермейді.

Ал ұзақ жылдар бірге өмір сүріп, ажырасатындарға идеализацияның бұзулы, иерархияға төзбеу себеп. Тағы бір айтарым, біздің елімізде зорлық-зомбылық салдарынан ажырасатындар жиі кездеседі. Маған да осындай мәселемен келетіндер көп.

Қарашаш Есенбай: Ал осы ажырасу салдары отбасындағы балаға қалай әсер етеді. Менің байқағаным, ажырасқан отбасындағы балалардың психологиясында әлсіздік болатын сияқты. Ұрыс пен қырғын көп болса да бүтін отбасының баласы білініп тұрады. Әрине, бұл енді менің адами көзқарасым. Ал сіз маман ретінде балада қандай қиындық болатынына тоқталып кетіңізші?

Мөлдір Болатқызы: Дұрыс аңғарғансыз, ажырасқан отбасында ең бірінші ауыр жарақат алатын – бала. Ересек адамдардың тіл табыса алмауы, өз проблемаларын шеше алмауы оларға әсер етеді. Бала әке мен шеше бірге тұруы керек деп ойлайды ғой, сондықтан психологиялық қысым көреді.

Көбінде мұндай балалар қорғанышы барын сезіне алмайды, осының әсерінен тағы да иерархия бұзылады. Әкесі жоқ балаларда күдікшілдік, кірпияздық секілді мінездер көбірек кездеседі.

Тағы бір айтарлығы, бала ажырасу орын алған кезде бір адамды сол жағдайға кіналайды. Кім эмоцияға қатты беріліп, жәбірленуші болып көрінсе, бала автоматты түрде екіншісіне сатқын ретінде қарап, іштей агрессия пайда болуы мүмкін. Дегенмен психологиялық жарақат алмаған адамдар да болады, бірақ олар өте аз.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз балалармен де жеке кездесулер өткізесіз. Баламен жұмыс істегенде нені ескересіз? Сонымен қатар бір история айта кетсеңіз… баламен болған.

Мөлдір Болатқызы: Көбінде балалар консультациясын ата-анасымен өткізуге тырысамын. Тіпті консультацияда болмаса да кейіннен кездесіп, сөйлесуге трысамын. Өйткені баланың қандай да бір қажеттілігінде, ол тіпті материалдық болмауы да мүмкін әке-шешенің әсері болады. Балаға сенімділік не жауапкершілік болмаса оған ата-ана соны бермеген деген сөз.

Ата-анамен ашық қарым-қатынас болмағандықтан, олар бір бірін түсіне алмайды. Мысалы, мынадай жағдай болды, бала ата-анасы ажырасқанына шешесін кінәлап, іштей өкпелеп жүрген. Оның ойында анам жақсы болмағандықтан, әкем бізді тастап кетті деген өкпе болған. Соны естіп шешесі: «Мұндай өкпең барын неге айтпадың?» дейді. Оған баласы шешесі неге ажарсқананын айтпауын себеп етеді.

Консультацияда адам барынша ашылады, сол кезде оның ойы мен сезімін анықтай білуіміз керек.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіздің ата-анаңыздан алған тәрбиеңіз қазіргі түсініктеріңізбен қаншалықты сәйкес келеді? Олардың әдістерін өз балаларыңызға қаншалықты қолданасыз?

Мөлдір Болатқызы: Ата-ана әрбір адамға модель болғандықтан, бала тәрбиесіндегі әдістерін бейсаналы түрде қолданамыз. Маған өзіме ұнайтыны – балаға уақыт беру. Қателік жасағанда ойланып келуге жіберуі не бұрышқа тұрғызып жазалауы өзіңмен-өзіңді қалдырудың бір түрі. Ол жайт сені қателігіңді түсінуге, кешірім сұрауға итермелейді. Өзім жеке өмірімде балаларыма осыны пайдалануға тырысамын. Сосын әкем мен шешем жас кезіндегі қателіктері мен қызықтарын айта отырып бізбен сабақтастық орнататын. Мен де балаларыма өз қателіктерімді ашық айтып қайталамауға шақырсам, жетістіктерімді айта отырып жігерлендіремін!

Қарашаш Есенбай: Осы тұста өз ата-анаңыз туралы да айта кетіңізші. Олар қандай ата-ана болды? Қазір психологтар ата-анаға реніш туралы көп айтылады ғой, осындай проблемалар болды ма және қалай күрестіңіз?

Мөлдір Болатқызы: Өз ата-анам туралы айтар болсам, балаға олар ең бірінші материалдық қажеттіліктен бұрын устоновка қояды. Әкеме риза болатыным, өздері ерте үйленгендіктен «Сен біздің мөлдір махаббатымыздан туғансың. Сондықтан сенің есіміңді Мөлдір қойдық» дейтін. Олардың достары да солай айтатын, осы сөз маған әлі күнге дейін дем береді. Яғни, кез келген кезде осы сөз мені алға жетелейді. Әкем өзі әкесіз өскендіктен бізге бар мейрімін берді, «қайда оқимын, не киіп, не жеймін» деген ой болған жоқ.

Әкем ауған соғысының ардагері, елінің патриоты. Сол үшін де бізді анамыз арқылы қадағалап отыратын. Сондықтан ба өзгелер секілді еркін қыдырып, көшеге шыға бермейтінбіз. Үйдің үлкені болғандықтан, көп жұмысты мойныма артатын. Жасөспірім кезде өкпем болғанымен, қазір оның дұрыс екендігін түсінемін. Сосын апамның қызы болғандықтан оның көзінше еркелетіп, бауырына баспайтын. Өзім де еркелеп барсам, апам ренжіп қалатындай көретінмін. Неге соны түсіндірмеді екен деген ой болатын.

Сосын психологияға келіп, өз анамды сол артқан кінәларымнан ақтап алдым. Оның үстіне, үлкендердің тәрбиесін алу арқылы адамдармен қарым-қатынас жасауда еркіндікті бойыма жидым.

Қарашаш Есенбай: Қыз-келіншектерге алғашқылардың бірі болып тренинг-марафон өткізгендердің бірісіз. Осының қалай басталғанын және қазір қалай жалғасын тауып жатқандығына тоқталыңызшы?

Мөлдір Болатқызы: Ең бірінші ауыл-аймақтағы балабақша тәрбиешілері, мектеп педагогтары мен психологтары арасында семинар өткізуді бастадым. Қазіргі таңда барлық адаммен, әсіресе, аналармен, оның ішінде аурушаң баласы бар аналармен байланыс орнатып, жұмыс істеуге тырысамын. Өйткені үйде отырған әйелдің дағдарысқа ұшырауы заңдылық. Сондықтан ізденуге, білім алуға құштар болып, болашаққа ұмтылғандарын қалаймын. Осы мақсатта «Өз-өзіме психолог», «Өмірге «иә» деп айт!» атты және бала тәрбиесіне пайдалы «Балажан» марафонын тұрақты өткіземін. Осы кезге дейін әрқайсысына жүздеген ана қатысты. Оларға кәсіби псхолог ретінде 21 күн бойы пайдалы ақпараттар мен қоса мотивация беріп отырамын. Үшеуі де өзімнің кәсіби түрде қалыптастырған, адамдарға бағдар беретін, авторлық жобам. Сонымен қатар отбасылық қарым-қатынасты орнатуға, ажырасуды азайтуға бағытталған «Ошағымды сөндірмеймін» деген ауқымды жобаны жасап жүрмін, жалғасын табады деп үміттенемін. Ол жерде отбасы проблемасын ашық анықтауға мүмкіндік береді.

Қазір қоғамдағы әйелдер уақытты дұрыс басқара алмауынан, материалдық құндылықтарға басымдық бергендіктен әлі де рухани азыққа шөлдеп жүр. Сол үшін оларға интенсивті білім алу керек деп ойлаймын. Мен ақпаратты қысқа-нұсқа бере отырып, адам жанына керектілердің қаймағын іріктедім. Сондықтан баршаға нәтижелі марафон деп айтар едім.

Қарашаш Есенбай: Тренинг, марафон деп жатырмыз ғой, қазір осылардан көп дүние жоқ! Қалай ойлайсыз, онлайн тренингтер өткізу қоғамға қаншалықты пайдалы?

Мөлдір Болатқызы: Иә, онлайн тренингтер қазіргі заманда сұранысқа ие. Көбіміз уақытты дұрыс басқара алмағандықтан, білім алуға, кітап оқуға мүмкіндік таппаймыз. Ал онлайн-вебинарлар ұтымды дүние. Бірақ ондағы білімдерді кәсіби мамандардан алғандары дұрыс деп ойлаймын. Өзім басында тек офлайн тренинг өткізетін едім, кейін басқа облыстардан да сұраныс болған соң онлайн өткізуді де қолға алдым.

Қарашаш Есенбай: Сонымен қатар, өзіңіз білесіз, бірнеше тренингке қатысып, өзі тренер болып кететіндер көп. Кәсіби психологтар ондайларды мойындамайтынын өте жақсы білемін. Десе де нағыз мамандар «сондайлардың» көлеңкесінде қалып кетіп жатқан сияқты, қалай ойлайсыз?

Мөлдір Болатқызы: Иә, арнайы білімі болмаса да тренинг пен марафон ұйымдастыратындар баршылық. Бірақ оларды оқитын адамдарға жаным ашиды! Онда алған ілім адамға әсер етпей қоймайды, кейбірі сіз үшін зиянды болуы да мүмкін. Мысалы, жүрегіңіз ауырса лорға көрінбейсіз ғой. Сондықтан маманды таңдап, біліп барған жөн.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз осы дүйсенбі күні марафон бастағалы отырсыз. Оқырмандарымыз да хабардар бола отырсын, осы жайында айта отырсаңыз.

Мөлдір Болатқызы: Қазір Талдықорғанда «Демеу» психологиялық-педегогикалық түзете дамыту орталығын Гаухар Тұрлыбекқызы деген құрбым екеуміз жүргізіп отырмыз. Мұнда жан-жақты психологиялық көмек көрсетіледі, арнайы терапиялар мен консультациялар жүргіземіз. Сондай-ақ тұлғалық өсіп, дамимын деген аналар үшін айына бір рет рухани кештер ұйымдастырамыз. Жалғыз емеспіз, жиырма демеушіміз бар, олардың бәрі өз салаларының мықты мамандары. Рухани кеште әрбіріміз келушілерге бағалы сыйлықтар беріп, көңілдерін серпітумен қатар, қайырымдылықты да ұмытпаймыз.

Гауһар құрбым «Жетісу жауһарлары» деген клубтың құрылтайшысы. Олардың да негізі мақсаты – қайырымдылықпен айналысу, алған білімдерін жақсы бағытта қолданып, өзгелердің де дамуына әсер етеді.

Ал сіз сұрап отырған «Өмірге «иә» деп айт» марафоны он екінші рет басталғалы тұр. Осы кезге дейін мыңға жуық қыз қатысты. Ол жерде түрлі тағдырлар болды, жақсы нәтиже шығарып, жетістікке шыққандары көп. Ол жайт маман ретінде маған мотивация. Сондықтан ізденіп, өзімді дамытамын, мына әлемге келгендегі мақсатымды айқындап, миссиямды орындаймын деушілер болса, біздің қатарымызға қосылуға шақырамын!

Қарашаш Есенбай: Атының өзі қызық екен, менің де қызығушылығымды оятып отыр. Бұйыртса, қатысқым келеді. Қазір қыздардың өмірін өзгертетін тренер болып жүрсіз, ал болашақта кәсіби психологтарды тәрбиелеу ой да бар ма?

Мөлдір Болатқызы: Иә, бұрыннан психологтарға да семинарлар ұйымдастыратынмын. Бірақ тоқтап қалған еді. Қазір «Демеу» орталығының қайтадан жандануы барысында осы наурыз айынан бастап психолог мамандар үшін практикалық дамытуды қолға алып жатырмыз. Психолог қалай жұмыс істеп, адамға қалай коррекция жасауы керек дегендерді өтеміз. Сонымен қатар психолог өзін негативтен қалай құтқарып, экологиялық таза болуға арналған техникаларды да үйретеміз.

Қарашаш Есенбай: Бастаған ісіңізге сәттілік тілеймін, Мөлдір ханым! Елімізде тәні мен жаны саулар көп болсын!

Психологпен байланысу үшін: 8702 633 96 95

Инста парақшасы: @psiholog_tdk_muldir


Бөлісу
Banner Content
Тегтер: , , , , , , , , ,

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

twenty − 15 =

kkKazakh
kkKazakh