Шілде 8, 2020
Banner Content
Бөлісу

«Бұл дүние өткінші бір ләззәт қана. Ал дүниедегі өткінші ләззәттың ең хайырлысы – салиқалы, жақсы әйел. Мұндай әйел өзіне және дініне қатысты әрдайым салиқалылықты ұстанады. Ал осындай сыйпатқа ие әйел күйеуінің де жағдайын жақсартады» депті Алладан келген ілімде.

Бүгінгі сұқбаттың да осы бір көркем сөзден басталуы тегін емес. Ikerim-дердің бүгінгі кейіпкері – ерінің салиқалы жары, көп балалы ана, кәсіпкер, ілім жолында ізденуші Ағабеккызы Эльенора

Қарашаш Есенбай: Эльанора ханым, сізді сырттай танимын, бір рет үйіңізде қонақта да болдық. Сол кезде сіздің күйеуіңіздің екінші әйелі екеніңізді естіген едім. Әңгімені осы жерден бастайықшы!? Мұндай маңызды шешімді қалай қабылдадыңыз?

Ағабеккызы Эльенора: Иә, жарымның екінші жұбайымын. Меніңше әр нәрседен бес жақсылық тауып алу керек, сол кезде жағдайды қабылдау жеңіл болады. Мен бұл қағиданы бұрыннан ұстанамын және өзгелерге де солай кеңес берген болар едім.

Ал күйеуім екеуміздің қалай танысқанымызға келер болсақ, екеумізді жұмыс байланыстырды. Жұмыс барысымен ғана сөйлесіп тұратынбыз, тіпті атын да білмейтінмін. Бір күні демалыс алып, анамды Сарығаш шипажайына алып бардым, бұл жігіт те достарымен сонда жүр екен. Сол кезде жақсырақ таныстық. Кейін біз қалаға қайтатын көлік таппай қиналып тұрғанда, бұл жігіттер мерзімдерінен бұрын шипажайдан шығып, бізді қалаға алып келді. Қалаға келген соң олар мені кездесуге шақырды. Болашақ күйеуімнің қасындағы достарының әйелдері бар екен, солармен бірге шықтық. Ол маған бірінші кездесуде-ақ ажырасқанын айтты. Мен ол кезде жиырма беске келген, әр оқиғаны ақылға салып саралай алатын қыз едім. Бір жағынан мен үнемі «Қандай адамға күйеуге шықсам да, кез келген адамның тілін табамын» деп ойлайтын едім. Сонда өзімді «кереметпін» деп ойлайтын болып тұрмын ғой (күліп). Арада көп уақыт өтпей, үйленуге шешім қабылдадық.

Қарашаш Есенбай: Әдетте екінші отбасын құрғанда қиындықтар көп болады деп жатады. Сіздің отбасылық өміріңізде қандай  мәселелер кездесті?

Ағабеккызы Эльенора: Әлбетте басында бізде де отбасылық мәселелер болды. Менің бір қасиетім бәрін ашып айтамын, ештеңе жасырмаймын. Сондықтан сізбен да ашық болайын. Тұрмысқа шыққан соң үш жылға дейін бала көтере алмадым. Үш жыл тым ұзақ уақыт емес, бірақ ол кездері маған ғасырдай болып көрінетін. Сол аралықта күйеуім бірінші отбасына да барып жүрді, өйткені ол жақта бір қызы болды. Сол қызды енем үйге жиі алып келіп, сәл ұрыс болса: «Ақыры туған балаң жоқ, айналайын, кете ғой. Екеуіңде шатасқан шығарсыңдар» дейтін. Ал кетіп қалайын десем, өзімнің анам рұқсат бермей, сабырлық танытуға шақыратын. Қазақ әйелдерінің басым көпшілігі сияқты мен де «бала тусам бәрі жақсы болады» деп ойладым. Өзімнің гинекологыма барып тексеріліп жүріп, «өзің көтере аласың» деген кеңесін де тыңдамай, ЭКО жасатуға шешім қабылдадым.

Қарашаш Есенбай: Ал күйеуіңіз ол шешіміңізге келісті ме?

Ағабеккызы Эльенора: Басында күйеуім келіспеді. Өйткені ол кезде медицина қазіргідей дамымаған, ЭКО қатты танымал да емес еді. Әйтеуір оған түсіндіріп, келістірдім. Бірінші некедегі қызын жиі әкелетіні, отбасының соны айтып отыратыны қатты әсер еткен болуы керек ЭКО-ға баратын кезде түнімен тахаджут намазын оқып, қыз тіледім. Осылайша Алланың қалауымен егіз қызды дүниеге әкелдім. Есімде, менімен бірге ЭКО-ға барғандардың бәрі жүкті бола алмады. Қазір ойлап қарасам, сол сенімім мен құлшылығым маған мол пайдасын тигізген секілді. Сол екі қыздан кейін, енді «тумаймын» деп ойлаған едім, бірақ олар жасқа толмай үшінші қызға аяғым ауырлады.

Қарашаш Есенбай: Қазір күйеуіңіздің бабын тауып отырған бақытты әйелсіз. Алғашқы кезде отбасылық мәселелерді қалай шештіңіз?

Ағабеккызы Эльенора: Ең алдымен, күйеуіңді қудалап, тексере берудің пайдасыз екенін түсіндім. Сосын өзіме басқа қызығушылықтар іздей бастадым. Байқасаңыз, қазақтың қыздары күйеуге шыққан соң, өмірін күйеуі үшін сарп етіп, өздерін ұмытып кетеді. Ал бойдағы күш-қуатты олай жоюға болмайды. Себебі ол екі адамның түсініспеушілігіне себеп болуы мүмкін. Біздің ер-азаматтарымыз әйелдің үйде отырғанын дұрыс көреді. Мен де сегіз жылдай үйде отырып, жағдайға ыңғайландым. Бірақ өзімді жоғалтып алғанымды сезіп, қызығушылығымды тудыратын дүниелермен айналыса бастадым. Мысалы, күйеуімді ретсіз іздей берудің орнына кітап оқып, домбыра тартатын өнерімді шыңдадым. Әйелі күйеуін жөнсіз қызғанып, ретсіз  іздемесе, өзінің қуатын шыңдай білсе, керісінше жары оны іздей бастайды. Сол кездері мен мұны күйеуімнің көңілін аудару үшін істеген жоқпын, дегенмен нәтижесі жақсы болды. Ал, қазір екеуміз де ұрыс шығармайтын болдық (күліп). Уақыт өте келе ол маған көлік алып беріп, өз жұмыстарыммен айналысуға мүмкіндік жасады.  Шығармашылық тұрғыда өсуіме, зерттеумен айналысуыма еркіндік берді.

Ол кісінің бірінші некесінен кейін де балалары болды. «Сол балаларға әкелік қамқорлығыңды көрсет» деп айтып отырамын. Өйткені күйеуімде ұл бала бар, ал азамат үшін әкенің тәрбиесі маңызды.

Қарашаш Есенбай: Кейбір әйелдер күйеуін өзгертуге тырысып, күресіп жатады. Сізде ондай жағдай болмады ма?

Ағабеккызы Эльенора: Жоқ, мен тіпті балаларымды да өзгертуге тырыспаймын. Себебі олардың өз ойы мен таңдауы болуы керек. Мен қыздарыма тек дұрыс жолда жүріп үлгі болғым келеді. Адамның менін жоюға тырысу дұрыс емес!

Қарашаш Есенбай: Айтпақшы, үйіңізде қонақта болған кезде енеңіздің тырнағына дейін алып беретініңізді естіген едім. Бұған дейін енеңізбен араңызда түсініспеушілік болғанын айтып өттіңіз.  Жағдайды қалай түзедіңіз?

Ағабеккызы Эльенора: Білмеймін, уақыт өзі солай алып келген шығар!? Бәлкім, менің ойымның түзулігін ол кісі аңғарған болар. Алғашында ұрысқа себеп менің табанды мінезім болатын. Өзге келіндер секілді мен де «Ененікі дұрыс емес болса да, дұрыс» дей алмадым. Енемнің пікірімен санаса отырып, өзімнің де пікірімді айтатынмын. Кейін енем маған түсіністік таныта бастады. Қазір күйеуім де, оның туыстары да кез келген мәселеде хабарласып, кеңес сұрап отырады. Оларға «Онлайн консультантпын» деп күлемін. Туыстарымен тату болғандықтан да шығар, күйеуім мін айтпайды.

Қарашаш Есенбай: Әлеуметтік желідегі оқырмандар сізді кітаптарыңыз арқылы таниды десем өтірік емес. Сегіз жыл үйде отырғаныңызды айттыңыз, сонда бұл салаға қалай келдіңіз?

Ағабеккызы Эльенора: Осыдан бірнеше жыл бұрын инстаграмға тіркеліп, шетелдік психологтарды тыңдап жүрдім. Желіден бір күні Кәмшат Бекжігітованың парақшасын көріп қалып, жақында Шымкентке келетінін білдім. Ол кісімен танысқым келіп, сол сапарында үйіме қонаққа шақырдым. Кәмшат ханым келісіп, үш қыз болып біздің үйге келіп, екі күн қонақ болды. Сол келгенінде маған өзінің кітабын сатуға ұсыныс жасады. Ол кезде мен қалай сатуды білмейтінмін, инстаграмды да түсінбейтінмін. «Бірнеше кітап алып қал, инстаграмда жарнама жасаймыз» деген соң келістім. Жолдасым қарсы болып еді, «Маған қинап тастап кетті, бас тарта алмадым» деп айттым. Шындығында да солай болған еді (күліп).

Дегенмен, саудам сәтті болып, уақыт өте кітаптың қорын көбейте бастадым. Тапсырыс берушілерге көлігіммен жеткізіп беретінмін. Бірақ мен «керемет» сатушы емеспін, өйткені өткізу үшін, өзіме ұнамайтын сапасыз кітаптарды сата алмаймын. Жұрт оқыған соң ненің дұрыс, ненің бұрыстығын біледі. Ал мен, оқырман сауатты дүние оқыса деймін. Бірақ қазір басқа ілімге көбірек көңіл бөлгендіктен, кәсібімді уақытша тоқтаттым. Себебі тапсырыс жеткізуге де уақыт қажет. Бір жағынан балаларым мен күйеуімнің жағдайын да жасауға міндеттімін.

Қарашаш Есенбай: Қонақ шақырғанды жақсы көретініңізді білемін (күліп). Бір рет психолог Құралай ханыммен бірге үйіңізде болған едім. Қанша зиялы адамға дастарханыңыздан дәм тартуды нәсіп етті?

Ағабеккызы Эльенора: Қонақ күту – менің хоббиім (күліп)! Зиялы адамдармен әңгімелескен ұнайды. Олармен басқа жерде де кездесуге болады, бірақ үйдің атмосферасы, өз дәміңді ұсыну ғанибет қой. Түрлі әңгімелер айтылып, талай сыр шертіледі. Шаңырағымызда танымал журналист Бейсен Құранбек, Оразгүл Асанғазы, Құралай ханым, Кәмшат Бекжігітова  және тағы да басқа адамдар қонақ болды. Шетелде тұратын құрбыларымды да елге келген сайын қонақ етемін. Қайынжұртымызды да жиі шақырамыз.

Қарашаш Есенбай: Қазір қандай саланы зерттеп жүрсіз? Осы тұсын ашып айтып берсеңіз?

Ағабеккызы Эльенора: Мені бұрыннан тылсымдар туралы ілім қызықтыратын. Өзім алтыншы сыныптан бастап намаз оқыдым. Намаз оқыған соң денсаулығым реттеле бастағанын аңғардым. Бірақ күйеуге шыққан соң бірде оқып, бірде оқымай жүретінмін. Ал ғылыми ізденуді мүлде тоқтатқан едім. Бір күні құрбым: «Ауылда ағаш еккен кезде, көршіміздің ағаштары үнемі өліп қалады. Ал біздің ағаштар жыл сайын жеміс салады. Оған себеп, ағашты еккен кезде Алланың 99 есімінің дәл соған қатыстысын жазып бірге егеді» деді. Қазір зерттеп жүрген кітабымның диханшылыққа пайдасы өте көп екен. Одан басқа да пайдасы ұшан-теңіз. Мысалы, тұмар жасау деген секілді дүниелер бұрыннан болған екен. Бір өкініштісі,  ашаршылық жылдары адамдарды ату жазасына кесіп, осы ілімді білетін көптеген молдаларымыз басқа елдерге көшіп  кетті. Жақында бір танымал кісіге осы тұрғыдан көмегім тиді, әрине оның атын атау орынсыз болып тұр. Бірақ сол  кісінің айтуы бойынша, ата-бабалары Ташкентке қашқан кезде Сырдарияның суын дұғамен жарып өткен екен.

Қарашаш Есенбай: Олай болса, осындай пайдалы кітапты неге елмен бөліспеске?!

Ағабеккызы Эльенора: Қазір түрлі марафон өткізіп, неше түрлі ақпарат тарататындар көбейіп кетті. Бірақ, менің олай жасағым келмейді. Себебі өзім әлі нақты зерттеп болмағандықтан, зияны тиіп кете ме деп қорқамын. Қасиеті болғандықтан, абай болу керек.

Қарашаш Есенбай: Бір сөзіңізде Алланың 99 есіміне байланысты бір құпияның ұшын шығарып қалдыңыз?

Ағабеккызы Эльенора: Ұшын шығарып қойғандықтан, осы бір тұсын айтып берейін. Бұл мен ізденіп жүрген ілімнің миллионнан бірі ғана. Мысалы, бір тілегіңізді айтып жексенбі күні таң намазынан бастап, білгілі бір есімін оқисыз, болмаса екі есімді 100 реттен оқисыз. Осы істі келесі жексенбіге дейін жалғастырасыз. Ал ниет еткен дүниеңнің алдағы аптаның ішінде міндетті түрде бір нәтижесі болады. Бірақ оның алдында алдымен сүресін оқу керек. Себебі ол кілт пен құлып секілді. Оқырмандарға пайдалы болу үшін, бір ақпарат бере кетейін. Осы жексенбі күні бастап, келесі аптаға дейін бір тілегіңізді айтып көріңіздер. Ол үшін алдымен дәретті жаңалап, «Аятуль Курсиді» 7 рет оқып, Алланың аттарын төмендегідей тізіммен айтасыздар.

Жексенбі – «Иа Уахид пен Иа Ахад» есімдері 100 реттен;

Дүйсенбі – «Иа Самад пен Иа Фард» есімдері 100 реттен;

Сейсенбі – «Иа Хайй мен Иа Қаййум» есімдері 100 реттен;

Cәрсенбі – «Иа Ханнан мен Иа Маннан» есімдері 100 реттен;

Бейсенбі – «Иа Заль-Жаләли уал Икрам» есімдері 100 реттен;

Жұма  – «Иа Алла мен Иа Ахад» есімдері 100 реттен;

Cенбі – «Иа Рахман мен Иа Рахим» есімдері 100 реттен оқылуы керек.

Осыдан кейін бір нәтиже көретіндеріңіз анық. Мен мұны көп адамдарға тәжірибеден өткіздім, пайдасы болары анық.

Қарашаш Есенбай: Пайдалы ақпараттыңызға рақмет, Эльанора ханым. Оқырман нәтижесін көреді және сізбен бөліседі деген сенімдемін. Ал өзіңіз алдағы уақытта зерттеу жұмысын жазып, елге таныту ойыңызда бар ма?

Әзірге өзім үшін зерттеп жатырмын. Кейде адамдардың өтініші бойынша, көмектесемін. Мысалы, жақында бір кісі жұмысына байланысты мәселесін  айтты. Соған осы кітаптың негізінде тұмар берген едім, көп өтпей-ақ алғысын айтып хабарласты.

Бұл ілімде қаншама тылсым жатыр, оны зерттеуге кемі 30-40 жылды сарп ету керек сияқты. Естуімше Араб Әмірліктеріндегі молдалар осындай кітаптарды қолданады екен. Бізде де мұны зерттеуге молда, ишан секілді мамандар керек. Мен ашып айтуға да қорқамын, себебі бізде әсіре діншілдер көп. Бірақ пайдам тиіп жатса да қуанамын.

Қарашаш Есенбай: Ендеше, осы ілімге сүйеніп жұмыс істегісі келетіндердің сізге хабарласуына болады екен. Жұртқа берер пайдаңыз арта берсін!


Бөлісу
Banner Content
Тегтер: , , , , , ,

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

nine + 14 =

kkKazakh
kkKazakh