Мерекелік кештерді безендіруші – Айгерім - Ikerim.kz

Мерекелік кештерді безендіруші – Айгерім

 «Кез келген істі бастау оңайға соқпайды. Тәуекел ете білсең ғана, мақсатыңа жетуге болады.  Бастысы жаңа іс бастаудан қорықпау керек». Бұл біздің бүгінгі кейіпкеріміз жас кәсіпкер Айгерім Шымырбайдың ұстанымы. Студент бола тұра кәсібін дөңгелетіп отырған Айгеріммен әңгімелесіп қайтқан едік.

Қайырлы күн, Айгерім! Уақыт бөліп, сұхбаттасуға келіскеніңе көп рақмет! Ендеше бірден сұхбатқа көшсек… Осы күнге дейін сен туралы естіп, кәсібің жайлы біліп қызығушылық танытқаным рас. Кәсібің жайлы айтып кетсең…

Ең алдымен мені сұхбатқа шақырғаныңызға рақмет! Кәсібім жайлы айтатын болсам, менің жүргізіп отырған ісім – мерекелік кештерді шарлармен беззендіру. Жалпы түрлі безендірулерді жасай аламын,  көбінде шарлар соның ішінде «гелиевый», «фольгированный» шарлармен безендіреміз.

Түсінікті, енді бұл кәсіпті бастауға не түрткі болды? Әлде себепші болған жандар бар ма?

Иә, әрине бұл кәсіпті ең алдымен бастау 2-курс оқып жүрген кезімде ойыма келді.Өзімнің мамандығым – педагог-организатор, яғни ұйымдастырушы болғандықтан  аса қиындық тудырмайтынын сездім. Өйткені кез келген нәрседе безендіру керек болатын, мысалы, түрлі шаралар, концерттер болса безендіретінбіз. Сондықтан неге біз осы саланы өзіміз ашып, дамытып, үлесімізді қоспасқа деген ой келді. Яғни мамандығымның тікелей әсері тиді десем де болады.

Кәсіп нәсіп болу үшін ең алдымен оған қаржы керек қой?! Алғашқы бастамада қаржы жағынан қиыншылық болды ма?

Иә, кез келген нәрсе қаржыға келіп тіреледі. Кез келген нәрсеге  қаржының ең біріншіден  қажеттілігі туады. Қаржы жағынан ең алдымен ата-анам көмектесті және де бірге оқитын достарым, курстастарым қолдау білдірді. Қолдауды сезінгенннен кейін, шынымды айтсам барлығы оңай жүзеге асты десем де болады.

Ашылғанына көп уақыт болмады, дегенмен көпшілік біліп те жатыр. Қазір тапсырыс берушілердің сұранысы қандай?

Қазіргі таңда Құдайға шүкір, тапсырысымыз едәуір көбейіп келе жатыр. Қанша дегенмен туысқандарымыз, таныстарымыз бар. Сондықтан келіп жатқан тапсырыстар едәуір көп. Көбі жарнама арқылы тапсырыс беріп жатыр.

Тапсырыс берушілерден қандай мерекелік кештерге сұраныс көбірек түседі?

Әртүрлі мерекелік кештерге, мысалы қазіргі кезде туған күн кештеріне өте көп тапсырыс береді. Шарларға, құттықтауларға деген секілді. Және де тойға да жиі шақырады. Ал одан кейінгі орында мерекелік кештер мен концерттер.

Жұмыс барысында тапсырыс берушілердің ойынан шықпай қалған кезің болды ма?

 Жоқ! Осы уақытқа дейін  тапсырыс берушілердің ойынан шықпай қалған кез Құдайға шүкір болған жоқ, болмай-ақ та қойсын… Біз келген тұтынушының, клиенттің көңілінен шығуға солардың үміттерін ақтауға және бар ойындағыларын жасап беруге тырысамыз. Әрқашан да бізге рақметтерін айтып, өздерінің ыстық ілтипаттарын білдіріп жатады.

Әлі студентсің, оқу мен кәсіпті бірге алып жүру қаншалықты қиын?

Оқу мен кәсіпті бірге алып жүру  тым оңай деп те, яғни қиын деп те айта алмаймын. Бірақ белгілі бір уақытыңды, күніңді, мақсаттарыңды бөліп қойсаң, «Бүгін осы жұмысты істеу керек деп…» жазып, уақытпен санасып жүрсең үлгеруге болады. Қазір оның үстіне 3-курс, тек «спец» сабақтар  ғана болғандықтан ерте аяқталады. Одан соң жұмысыма баруға тырысамын. Кәсібімді де мамандығымды да ұнатқандықтан екеуіне де үлгеремін деп айта аламын.

Тамаша! Болашақта осы кәсіптен қандай үміт күтесің? Осы кәсіпті үлкейту ойыңда бар ма? Алға қойған мақсаттарың, жоспараларың қандай?

Барлығын болашақта үлкейту ойымызда бар. Қазір бір ғана жерден ашсақ, енді алдағы уақытта халық көп жүретін, сұраныс бар жерге ашуға тырысамыз. Бәрі болашақтың еншісінде…

Сенің әлеуметтік желілеріңдегі жазбаларыңның бір қатарын оқып шыққан едім. Бойыма күш-қуат біткендей болды. Жалпы мотивацияны қайдан аласың? Қандай кітаптар оқисың?

Иә, әлеуметтік желіде өзімнің ойымды жеткізіп отыруға тырысамын. Оқырмандарыма пайдалы ақпарат жазып отырғанды жақсы көремін. Мотивацияны көбінесе анам береді. Анам ылғи да менің жан досым, қамқоршым, сырласым… Үнемі маған жақсы жақсы сөздерін айтып, өзінің демеуін білдіртіп отырады. Ал кітаптарға келетін болсақ, көбінесе психологиялық тұрғыдағы кітаптарды оқимын. Көп оқитыным – Наталья Правдина, Кийосакиді. Ал өзімізден Құралай ханымның  кітаптарын және Айнұрдың аффирмацияларын секілді дүниелерді оқимын…

Енді жаңадан өзің секілді кәсіп арқылы пайда тапқысы келіп жүрген қатарластарыңа, жас кәсіпкерлерге қандай кеңес бересің?

 Әрине, кез келген істі бастау ол оңайға соқпайды. Тәуекел ете білсең ғана мақсатыңа жетесің.  Бастысы жаңа іс бастаудан қорықпау керек. Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің дейді ғой, сол секілді ең біріншіден тәуекелге бел буып , мақсат қойып сол мақсатқа жетуге ынталанып, жігерленіп еңбек ету керек. Ең бастысы – кәсібіңізді өзіңіз ұнатып, дамытамын деген ниет болса болды деп ойлаймын!

Ендеше  қадамың сәтті болсын, ісің оңға баса берсін! Сырлы сұхбатың үшін рақмет!

 

Автор: Несібелі Бошан

Фото: жеке мұрағаттан

Ikerim.kz

 

Total
8
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Previous Post

Massa Tincidunt Vel

Next Post

Қыз бен жігіт айырылысқаннан кейін өзін қалай ұстауы керек?