Желтоқсан 1, 2020
Banner Content
Бөлісу

Америкалық ақын Генри Уодсуорт Лонгфеллоның «Адамның тағдыры қаншалықты ауыр болса да, одан бәрі бас тартып жалғыз қалса да, қайда барарын білмесе де, жүрек талпына бермек» деген сөзі барды.

Шынында үміт өзімізден кейін өледі емес пе?! Оның өмірінде түрлі сынақтар болды, бірақ қазір тек күліп еске алады. Он тоғыз жасында қатерлі ісікке шалдығу, бірінен кейін бірі болған ота,  «балалы бола алмайсың» деген дәрігер сөзі… Ол әр ақшасын жинап психологқа ғана баратын. Нәтижесінде қазір өзі танымал психолог, чакролог, нумеролог, бастысы бақытты әйел, көпбалалы ана.

Ikerimдердің бүгінгі кейіпкері – желі қолданушыларына жақсы таныс Какен Айдана.

Қарашаш Есенбай: Айдана, сізбен танысып отырғаныма өте қуаныштымын! Сіздің әңгімеңіз көпшілікке үлкен мотивация береді деп сенемін. Әңгімеңізде «Психологияға келуім – тағдыр» дегеніңізден бастап, тағдырдың қандай сәттері себеп болғанын ашып айтайықшы?

Айдана Какен: Менің тағдырым соншалықты қиын болды демес едім, тек өзім қиындаттым. Сондай бір жаным арпалысқан жылдары Қарағандыда психологқа барып жүрдім. Ол маған түрлі кітаптар беріп, Джон Кехомен таныстырды. Бірақ мен психологияға «УАУ» деп қарамадым, тек онсыз жүре алмайтындай болдым. Бауырларыма да «Оқыңдар, жаттаңдар» дейтінмін. Бірақ олар маған күлетін еді (күліп), содан мен ұяла бастадым. Десе де психологым мені түрлі тренингтерге апарып жүрді. Мен үшін ол қалыпты дүние сияқты өзімше ізденісте де болдым.

Ол кезде тіс емханасында жұмыс істеймін, оқыған кітаптарымдағы ұнаған сөздерді ұмытпау үшін үстеліме жазып қоятынмын (күліп). Бастығым оған таң қалып, «Жазбай-ақ адам болдық қой» дейтін. Өзім жиі отаға түсіп, жаным жаралы болған соң ба, сол сөздерден күш алатындай сезінетінмін.

Қарашаш Есенбай: Ота дедіңіз ғой, бір жазбаңызда қатерлі дертті жеңгеніңізді жазыпсыз. Соңғы уақытта «Мен қатерлі ісіктен жазылдым» деп өзін көрсетпейтін бейнелер көп. Ал нағыз кейіпкердің болуы оқырманға үміт сыйлайды деп ойлаймын. Өзіңіздің сол кездегі күресіңізді еске алайықшы, қалай жеңдіңіз?

Айдана Какен: (Күліп) Қазір күліп еске аламын, айтуға оңай ғой.  Адам өткеніне анализ жасап, артына қарағанда күлкісі келетін сәттер болады, ол жағдай да мен үшін сондай секілді. Сол кездері өмірді соншалықты қиын, ауыр деп санадым. Ол кезде бар болғаны 19 жастамын, дертімді естігендер «Әлі жас қой, қалай?» деп таңқалды. Осыдан соң өзімді тым маңызды, мен болмасам ешкім ештеңе шеше алмайтындай сезіндім. Сол оймен жағдайымды одан әрі ушықтырған секілдімін. Әйтпесе, ол сондай қорқынышты дүние болған емес-ті.

Қарашаш Есенбай: Қорқынышты емес пе? Бізде «онкология жазылмайды» деген түсінік бар, сол ойға үрей беретіндей ме?

Айдана Какен: Мен де сол сөзге сендім. Шындығында, бәрі олай емес екен. Маған да бірнеше рет ота жасады. Қазір бағамдап қарасам, өзімді «құрбандық» санағандықтан, «Мен ауырамын, мені жақсы көріңдер» деген ойдан опық жеген екенмін. Тіпті отадан соң, назар менен ауа бастағанда ауруханада құлап, миым шайқалған (күліп). Сондағысы өзімді аяп, біреуге керек екенімді сезінгім келген.

Қарашаш Есенбай: Психологияда «барлық мәселе балалық кезде пайда болады» дейді. Назарға мұқтаж болғаныңыз ненің белгісі? Өзіңіздің балалық шағыңыз туралы айтып беріңізші?

Айдана Какен: Менің балалық шағым өте жақсы өтті, бірақ өзім сол сәтті дұрыс бағалай білмедім (күліп)  Әке-шешем, ата-әжеміз бар толыққанды отбасында өстім. Қандай да бір себеппен «негативке» түсіп кеткен болуым керек. Психология арқылы зерттеп байқағаным менің мәселемнің түбірі – өзімде. Мен ата мен әжемнің баласы болдым, ал бауырларым әке-шешеме жақын. Ата-әжем махаббаты мен бар тәттілерін маған беретін, ал бауырларым ондай назарды алмады.  Әкем он жылдай денсаулығына байланысты үйде жатып, кейінірек жұмысқа шықты. Бұл жағдай отбасым үшін үлкен «жеңіс» болды.  Бір күні ата-анам басқа станцияға барып жұмыс істейтін болды. Мен үйдің үлкені ретінде бауырларыма қарап қалдым, өзімді олардың «анасы» сезіндім. Мен бауырларымды тастап кетті, олар ата-ананың махаббатын ала алмай қалды деп ойлаппын. Негізі бауырларыма ол керек емес те екен (күліп). Өйткені олар үшін бұл жағдай әрқашан қалыпты болған. Өзім ата-әжемнің қорғанында өскенмін, ал бауырларыма өзімнен басқа ешкім қарамайды деп ойладым. Оларды өз бетімше тәрбиелегім келіп, анамның жұмыс туралы шешімі дұрыс емес деп санадым. Мысалы мен үшін махаббат – көңіл аудару, назар салу болса, анамның ұғымында «жұмыс істеп жатырмын, балаларымның қарны тоқ» деген ой болған. Яғни, мендегі махаббат деген түсінік дұрыс болмады. Жалпы ол ұғымды әркім өз тәжірибесі арқылы қалыптастарады. Бұл менің қазіргі түсінігім, яғни мендегі кедергілердің түбірін қазір осылай көремін. Бірақ уақыт өте келе, тағы да жетіле түскенде бұл ойларым өзгеруі де мүмкін (күліп).

Қарашаш Есенбай: Меніңше, қазір балаға деген махаббат актуалды секілді. Иә, қазіргі балалардың тамағы тоқ, киімі бүтін, көп ата-ана үшін сол ғана маңызды. Бірақ соған қарамай көп балалар «жаралы». Мысалы шешелерінің «Осыларға не жетпейді? Бәрі алдарында тұр» деп айтқанын жиі естимін. Маман ретінде қалай ойлайсыз, бала үшін не маңызды? Ананың махаббаты қандай болуы керек?

Айдана Какен: Ол адамның, әсіресе ананың тағдыр жолына байланысты. Мысалы, менің анам жетім өскен, жоқшылықты көп көрген, «енді күйеуге шықтым ғой» деген сәтінде әкеміз ауырып, жұмысқа жарамсыз болды. Әрі ол жылдары жұмыстан қысқарту жиі болатын. Сондықтан анам үшін баланың тоқтығынан маңызды ештеңе болған жоқ. Ал жоқшылық көрмеген менің ойымша, ана баласының бетіне үлбіреп қарап отыру керек болған (күліп). Өзім атам мен әжемнен алған махаббатты сезініп өмір сүрудің орнына,  керісінше анамның өмірімен алысып кеткенмін.

Қарашаш Есенбай: Сөзіңізден байқасам, махаббат жеткілікті болса да, іштей арпалыс болған. Осы жайт мені де таң қалдырады. Неге кейбір адамдарда бәрі болса да, бірнәрсе жетпей тұрғандай арпалысқа түседі, ал кейбірі ештеңе жоқ болса да тыныш жүреді, күйінбейді. Осы жағдай неге байланысты болуы мүмкін?

Айдана Какен: Меніңше оған жаныңның жарасы себеп болуы мүмкін.. Мысалы, менің алақанымда бір жара болса, оған не тисе де аши береді. Ал ол жоқ болса, не тисе де бәрібір. «Негативті энергия» деген өте ауыр нәрсе. Оның дәлелі, сізді қазір мың адам мақтап, бір ғана адам «Түрің құрсын» десе соған жараланып қаласыз. Яғни негатив басып тұрады. Психолог ретінде айтарым, адам жанында шекара, шектеу болмайды. Ал, жан дегеніміз – махаббат. Мысалы, «бір килограмм махаббат бердім» немесе италияндық, германиялық махаббат дегендей бөле алмайсыз. Яғни, жанымыз махаббатқа толы, өте кең. «Мен сені аз-ақ жақсы көремін» деп айта аласыз ба? Енді сол жанымыз денеге, ал денеміз жерге келеді, ал жердің заңы – қатты. Мысалы, жанымызға бір кітап оқысақ, ол мәңгілік азық, ал тәнімізге бір тамақ ішу жетпейді.

Адамға бір нәрсе жетпеуі, яғни тәннің жаралануы жанға түсcе қауіпті. Жаны жаралы адамдардың уақыты ештеңеге жетпейді, болған сәтте де пайдалана алмайды. Өзіне жоғары мақсат қоя алмайды. Чакра бойынша айтар болсақ, төменгі нүктелерде қалғандар. Олар одан аса алмайды! Аяқ киіміңіз тар болса, жұмыс бітіре алмайсыз ғой, сол секілді жарасы бар адамның басқа нәрсені ойлауға, көруге мүмкіндіктері болмайды. Былайша айтқанда, кішкентай ғана жарық сәулесін көріп өмір сүріп жүрсем, қалай Париждің жарығын армандауым мүмкін?!

Бәрімізге Алланың нұры төгіліп тұр ғой, бірақ кей адамдардың нұрын жан жарасы ғана сорып алады. Сондықтан армандай алмайды! Дегенмен бұл нәрсе жаман емес. Ол – Алланың шешімі, бәлкім соны өту арқылы ол Аллаға келетін шығар?! Оның да бір сәті түседі, сағаты келеді. Адамның балалық шағы жақсы болып, әке-шешенің қорғанын толық сезінсе, маңайы жарық болып, уақытымен есейеді. Өйткені оларда нұрды сорып алатын жан жарасы жоқ. Ал, балалық шағы қиын адамдар сол сәтте қалып кетеді. Жасы қырықта болуы мүмкін, бірақ жаны 4-5 жасар баладай күй кешеді. Кішкентай бала ретінде ештеңеге күші жоқ, түк істемесе де, уақыты жетпейтін болады.

Қарашаш Есенбай: Чакраны зерттеу бізге енді келіп жатыр. Өзіңіз бірнеше жыл айналысып жүрген маман ретінде оның тағдырға қандай әсері барына тоқталыңызшы және оны дамыту тағдырға әсер ете ме?

Айдана Какен: Чакраның көрсеткішін есептеп, «Сен мынадай адамсың, мынадай қабілеттерің бар» деп айту адамға әсер етпейді. Мысалы, сіздің орныңызға жұмысқа келгенде «Мынаны, мынаны жаса» десеңіз, мен түсінбеймін, істемеймін. Ал егер әр дүниені түсіндіріп, көрсетсеңіз үйренемін. Сол секілді чакра анализдің ішінде «пророботка», яғни өткенді пысықтау деген бар. Өзім сонымен жұмыс істегенмін. Энергетикалық тұрғыдан қарасақ адамның төменгі, қалыпты, жоғары жағдайлары болады. Оны зерттеу барысында біз адамның сол кездегі күйін білуіміз керек. «Сенің чакраларың төмен» десек ол түсіне ме (күліп)?! Оның нақты күйін анықтап, қандай амал болса көмегі болатынын түсіне алу керек. Бұл – өте үлкен жауапкершілік. Адамға қалай жұмыс істеуін түсіндіре алсақ ғана ұғынады. Бойымызда физикалық, эмоциялық және санамыздың контуры болады. Ол үшеуін қосқан кезде «настройка» болады.

Білсеңіз, адамның қорқыныштары армандауға кедергі келтіреді, ал жан армандаған кезде қанаттанады. Адамның эмоциялық контуры төмен болса, қарызға батып, жетіспеушілікке ұрынады. Егер жара болмаса, ол адам жоқшылыққа ұрынбайды. Чакраның тағдырға әсері бар ма дегенде, ғылымның емес, энергетиканың әсері бар деп айтар едім.

Қарашаш Есенбай: Айдана ханым, сіздің қызықты психологиялық ойыныңыз туралы білемін, бір рет өзім де қатыстым. Сондағы шығатын сөздерге, жағдайларға таңдай қақпасқа шараң жоқ! Ос туралы толығырақ оқырманға да айта кетсек, ойынның негізгі мақсаты қандай, нендей көмек береді?

Айдана Какен: Иә, ол ойынның ерекшелігі көп. Мысалы, консультация кезінде адам тым сабырлы болуы мүмкін, оған қоса тек бір жайтты ғана талқылаймыз ғой, сондықтан реттік кездесуде адам толық ашылмауы мүмкін. Әдетте адамды мазалайтын нәрселер өте көп, тіршілік етіп жүргендіктен санада жиналатын программалар көп. Осыны ойын арқылы түзетуге болады.

Менің психологиялық ойыным авторлық методика – ол жерде төрт бағытты, яғни қоршаған ортамен қарым-қатынас, ер мен әйел байланысы және ақша мен денсаулық мәселелері. Соның бәрін қамтып ойнаған кезде, ондағы эмоцияның әсерінен адамның бейсанасына айтарлықтай өзгеріс болады. Адам ойнап отырып, бұрын өзі білмеген қырларын, неге ақша таба алмай жүргенін, қарым-қатынасы неге түзелмегенін түсінеді. Ойын ойнаған кезде адам командамен болады, оларға және өзіне жоғарыдан қарап, ісіне сараптама жасай алады. Ойында қолданатын қартадағы жазулар психологиялық зерттеу арқылы жасалған, сондықтан адамға өзінің жауапсыз сауалдары түседі. Оған адам саралап жауап бере алады. Сондықтан да «Интонация» трасформациялық ойыны деп аталады. Мұның артықшылығы – психологтың консултациясынан жеңіл және өзіне оңай трансформация жасайды. Қазір үш ай ішінде ойнаған адамдарды бақыласам, олардың қарым-қатынасы түзеліп, ажырасудан бас тартқан, өмірлік жолын тапқан жандар бар. Бейсана үшін маңыздысы – эмоция, яғни ол консултация немесе ойын деп ажыратпайды. Қазір тек таза қазақ тілінде ойнатып жүрмін. Өйткені біздің тілімізде берілетін ақпарат көзі аз, сондықтан да адамдардың тезірек дамығанын, өскенін қалаймын. Құдайға шүкір, келушілердің сұраныстары да, алғыстары да жетерлік.

Қарашаш Есенбай: Ал өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз?

Айдана Какен: Мен мастер кид, тетахилинг, расстоновка жасау ілімімен таныстым. «Пророботка» секілді дүниені адамға берсең, кейбірі аса сенбейді. Ал егер чакра анализ, нумерологиялық есеп бойынша мол ақпарат берсеңіз, адам қызығып, әрі қарай дами түседі. Тек бір ғана теорияға шектелуге болмайды деп оқушыларыма да жиі айтамын. Мысалы Пифагордың сандары өзгеріп кетпейді, бірақ олар өмірде көп транформацияға түседі. Сондықтан біз адамды толық негізде зерттей білуіміз керек.

Қарашаш Есенбай: Оқушыларыңыз туралы айтып қалдыңыз, өзіңіз өткізетін курстар туралы да білгіміз келеді. Сізге шәкірт болу үшін не істеу керек?

Айдана Какен: Мен алғашқы кездері курс өтемін деп ойлаған емеспін. Тек өзімнің қызығушылығым үшін оқып, іздендім. Ең алғаш Германиядан келген Карита Герман деген кісіні өз өтініші бойынша оқыттым. Ол кісінің жеке мәселелері болды, сол кезде психологиялық көмек беріп жүрдім.

Сол шақта тағы бір жас келіншек қатты жылап, емізулі баласымен «ажырасамын» деп келді. Ол кісі нумерологиялық консультация алып, «ажырасайын ба?» деп сұрады. Мен оған «Сенің қиналып жүргеніңе сандардың қатысы жоқ, қалай өміріңді бір сандар арқалы шешесің?» дедім. Ол кісі қазір өте танымал адам, өзінің атын атағанымды қаламайды. Сөйтіп оған «Маған 2000 теңге бер» дедім де, өзімнің психологтан алған ілімдерімді, мастер кидтен үйренгендерімді айтып, негативтен шығаруға тырыстым. Бірақ, бәрі жақсы болып жүреді де, қайтадан негативке түсіп кететін. Сосын маған «ақша табуды үйретші» деді, өзім оны жұмысқа ала алмағандықтан, нумерологияны оқытайын дедім. Бірақ оған «адамдарға тек жақсысын айт!» деп талап қойдым. Себебі адам ойына сақталған дүниеден тағдырын жасайды. Сол қыздың өмірі толықтай өзгерді, жағдайы түзелді. Сол кезде екеуміз қуаныштан бірге жылаған едік (күліп). Кейін ол басқа бір қызды оқытуымды өтінді, осылайша жалғаса берді. Бірақ мен тек сандарға байланбай, психологиямен байланыстырып өзімнің оқу стилімді алып келдім. Мен өзімнің білгеніммен ғана бөлісемін, әрі қарай уақыт көрсетеді.

Қарашаш Есенбай: Қазір сізге келушілерді көп мазалайтын мәселе қандай?

Айдана Канен: Қазіргі таңда қарым-қатынас үлкен мәселе. Мысалы, қыз бен жігіт, құрбы-құрдас, бала мен ата-ана арасындағы қиындықтармен келетіндер көп. Адам қандай жағдайға түссе де, оны қалыпты, яғни солай болуы керек деп қабылдап үйренуі қажет. Қарым-қатынас дұрысталса, ырыс көбейетіні рас.

Қарашаш Есенбай: Көпбалалы жансыз.  Өзіңізді қандай анамын деп санайсыз?

Айдана Какен: Ана ретінде мен әр балама өз керегін бергім келеді. Мысалы, менің бір балама рұқсатсыз бөлмесіне кірген ұнаймайды, мен одан рұқсат сұрап кіремін. Ал бір балама әр жерде жүрген, барлығын шашқан ұнайды. Оған да сондай жағдай жасаймын. Яғни, әр балада өз қалауы болғанын жөн көремін. Меніңше әр адамның миссиясы болады, оған қолдау көрсету керек. Қатерлі ісіктен кейін дәрігер «Сенің балаң болмайды!» деп айтқан болатын. Сол кезде өте қатты күйзелісте болдым. Бар арманымды бір сөз құртып тастағандай күй кештім. Бірақ, шүкір қазір төрт балам бар. Өзіммен жұмыс істеудің арқасында бұл сыннан да өттім.

Қарашаш Есенбай: Ал өзіңіздің жарыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?

Айдана Канен: Менің қазіргі күйге жетуіме оның сіңірген еңбегі көп. Ол үшін ризамын. Барлық жағдайда қолдау білдіріп, көмектесетінін айта кетуім керек.

Қарашаш Есенбай: Әңгімеңізге рақмет! Ыстық махаббаттарыңыз суымасын!

 

Автор: Қарашаш Есенбай

IKERIM.KZ


Бөлісу
Banner Content
Тегтер: , , , , , , , , , ,

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

two × four =

kkKazakh
kkKazakh