Қазан 24, 2019
Banner Content
Бөлісу

Алдағы сенбіде талантты фотограф, журналист Әйгерім Бегімбеттің «Тіршілік» атты фотокормесі ашылады. Көрменің алдында қызу дайындықта жүрген Әйгеріммен телефон арқылы тілдесіп, бірер сұраққа жауап алдық.

Қайырлы күн, Әйгерім! Жақында Шырайлы Шымкент қаласында фотокөрме өткізгелі жатыр екенсіз, құттықтаймыз! Осы көрме туралы толығырақ айта кетсеңіз?

Иә, қыркүйектің 28-і, сағат 11.00-де «Тіршілік» атты фотокөрменің ашылуы болады. Бұл фотокөрме
Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің қолдауымен Интерньюс Қазақстан Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасының грант шеңбері аясында өтеді. Командалық фотокөрме. Менен бөлек, өмірден ерте озған талантты фотограф Қанат Дархан және досым, талантты дизайнер-фотограф Шыңғыс Әбдіразақ түсірген ауыл өмірінен, қарапайым еңбек адамдарының тіршілігінен сыр шертетін фотосуреттер қойылады.

Көрмені өткізудегі басты мақсатыңыз қандай және неліктен «Тіршілік» деп аталады?

Осыдан біраз уақыт бұрын Internews-тің Қазақстандағы өкілдігі байқау жариялаған. Біз осы байқауға Қанат екеуміз «Түркістан облысы ауылдарының тыныс-тіршілігі» атты жоба жазып жібергенбіз.
Байқауға 268 медиажоба түскен екен, екінші турға 33 жоба өтті, оның ішінде 10 жобаға грант берді. Олардың ішінде біздің де жоба болды. Қанат екеуміз грант ұтып алғанда қатты қуандық. Ауылда елеусіз тірлік кешіп жатқан қарапайым еңбек адамдарын фотосуретке түсіреміз, оларды елге танытамыз деп ойладық. Ауылдардың тізімін жасадық. Жоспар құрдық. Өзім де ауылда туып-өстім, әлі күнге дейін ауылда тұрамын. Сондықтан ауыл адамдарының тіршілігі, проблемалары жақсы таныс. Бірақ біз жобаны бастар сәтте Қанаттың мазасы болмай, ем-дом қабылдай бастады. Өзі ауырыңқырап жүрсе де
«ауылдарға барайық, тым болмаса үш екі-үш тақырып дайын болса түсіре берейік» деп жиі айтумен болды. Мен «бір аптадан соң бастайық, емің бітсін» деп жауап бергем. Сөйтсем бұл Қанаттың соңғы күндері екен. Ойда-жоқта айырылып қалдық. Оның өлімі маған қатты әсер етті. Тіпті гранттан бас тартқым келді. Біраз уақытқа дейін мақала жаза алмай, фотосуретке түсіргім келмей, дел-сал күйде жүрдім. Келісімшарт жасасып қойғаннан кейін қасыма фотограф алып, жобаны қалайда жалғастыру керек болды. Сосын досым Шыңғыс Әбдіразаққа айттым. Ол бірден келісіп, біраз ауыл аралап, фоторепортаж жасап, фотосуретке түсіріп шықтық. Осылайша бұл фотокөрмені өмірден ерте озған талантты фотограф Қанат Дарханға арнауды жөн көрдік. Көрмеде оның бұған дейін түсірген 20 шақты фотосуреті қойылады.

Фотокөрменің басқа фотокөрмелерден ерекшелігі неде?

Бұл біздің алғашқы фотокөрмеміз. Сондықтан іштей қобалжу, қорқыныш бар. Фотокөрменің ерекшелігін келген көрермендердің айтқаны дұрыс шығар. Біздің кейіпкерлер қиындыққа мойымаған, қарапайым адамдар. Мысалы, 30 жылдан бері қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығына да қарамай тандырға нан жабатын Камила апай, 23 жылдан бері қамыс орып, оны сатып күнелтіп жүрген Перизат апай, 42 жылдан бері трактор айдайтын Гүлшат апай, тағы басқа адамдардың өмірі суреттелген. Шымкент тұрғындары мен қонақтарын 28 қыркүйек пен 8 қазан, сағат 10.00 мен 20.00 аралығында City shopping gallery (бұрынғы Клара центр Сапар) келіп тамашалауға шақырамыз. Кіру тегін екенін айта кетейін.

Рақмет, Әйгерім! Көрменің керемет өтетініне тілектеспіз!


Бөлісу
Banner Content

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

fifteen + 16 =

kkKazakh
kkKazakh