«Әйел ердің тәңірі, жарата да алады, сүйдіре де алады, күйдіре де алады», – дейді Мағжан ақын. Шынында әйелдің ойынан тумаған, қолынан келмеген іс жоқ, сірә! Менің бүгінгі кейіпкерім «Әйел отбасындағы отанасы орнында отырып-ақ әлемді басқара алады, – дейді.
Бүгінгі сейсенбідегі IKERIM-дердің бейнесі бекзат болмыс пен нәзік келбетті қазақ қызы, аяулы ана, сүйікті жар, елге белгілі кинотанушы Гүлзат КӨБЕК.
– Гүлзат ханым, біздің негізгі мақсатымыз – ұлттық діңнен шыққан қазақ әйелінің заманауи бейнесін жасау. Осы тұста кинотанушы ретінде айтыңызшы, бүгінгі отандық киноларда «Қазақ әйелінің бейнесі» сақталған ба? Біз қай фильмдегі, қайсы кейіпкерді негізге ала аламыз?
Ондай бейне жоқ! Біздің кинолардағы қазақ әйелінің бір образы бұзылмайды, өзгермейді. Мысалы, түріктердің фильмдерін алайықшы, оларда әйел бейнесі бұзылады. Оларда интрига тудырушылар, еркек үшін құрбандыққа баратын кейіпкерлер бар, бізде ондайлар жоқ. Одан кейін киноны монотонно көрсетіп, қатып қалған бір шеңберден шықпай, сол үлгіні қайталай береміз. Ол неден білесің бе? Бұрын қалай болғанын білмеймін, бірақ санамыздағы әйел бейнесі – ар-ұяттан аттамаған, бала мен отбасының айналасында жүреді. Ал қазір заман өзгерді ғой. Сондықтан қағидаларды бұзу керек деп есептеймін. Өйткені өмірде басқаша екенін бәріміз білеміз. Қазір біз де бөлек әйелдерміз.
Неге жоқ? Қай жерде жоғалтып алдық деп ойлайсыз? Неге «Міне, қазақ әйелі осындай болу керек» дегенде ешкімді көрсете алмай отырмыз?
Мұндай үлгілер қазір жоқ, табу өте қиын. Мүмкін ауылдарда табылып қалатын шығар. Себебі әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр, біз оны мойындауымыз керек. Біз өзгереміз, шекараны бұзамыз, біз әлеммен халықаралық қатынаста боламыз. Олардың тиімді жақтарын аламыз. Қазір отызға келген, бірақ тұрмыс құрмаған қыздар өте көп, жігіттер де қырыққа кеп енді үйленіп жатқандары бар. Бұрын бұл дұрыс емес сияқты көрінетін еді. Ал қазір керісінше отыздан кейін таңдау жасаған дұрыс па деймін? Мамандықты да отызға жақындап таңдау керек екен. Біз неге бәріне асығамыз? Асықпау керек! Жас кезде өзің де шала, бала да шала болып қоғамға пайдаң тимейді. Өзімді қарайтын болсам, Жүргенов атындағы Өнер академиясында бакалавр, магистратура, аспирантура, докторантура оқыдым. Мен тек докторантурада ғана оқыған сияқты болдым. Барлығын бір жүйеге алып келіп, отызға келгенде оқу керек екенін түсіндім. Сол уақытқа дейін де мұғалім болып жұмыс істеген едім, бірақ дәл қазіргідей жауапкершілікті түсінбеген сыңайлымын. Осы себептен мектеп бітірген кезің мен отызға дейінгі аралық өмірден тәжірбие жинау дер едім. Қателесу, соқтығысу, азапталу, күйзеліске түсу. Соның барлығын көрген соң ғана өмірлік маңызды таңдауларды жасау керек сияқты. Ал біз асығып өз болмысымызды, бейнемізді қалыптастыра алмаймыз.
Мені мазалайтын бір сұрақ, қазақ әйелі саналы түрде өзінің ер азаматтан төмен екенін біледі. Оның жолында өз қажеттіліктерін ысырып қояды. Бірақ соған қарамастан қазақ әдебиетіндегі шығармаларда да, кинода да, жалпы өмірде де қазақ әйеліне деген құрмет аз сияқты?
(күліп) Менің қазақ жігіттеріне деген көзқарасым тым бөлек. Мені мойындатқан қазақ жігіті жоқ, одан кейін олардың бірқатар мінездерін қабылдай алмаймын. Зерттеуші ретінде үнемі жақын білетін жігіттерді эксперемент ретінде қарап, олардың әйелдеріне деген қарым-қатынасын бақылаймын. Меніңше, әйел еркін болуы керек. Еркін болса, ешқандай шектеу сезінбесе ол әйел дамиды, жауапкершілікті өзіне алады. Сонда оның өзіне де, күйеуге де, балаға да, қоғамға да пайдасы болады. «Әйел өзін ұмытып кетеді» дегеннен шығады, кешегі Жанардың қазасын естіп жүрегім қатты ауырды. Барлық бағдарламасын көріп, оны зерттеп шықтым. Күйеуге шықты, бала туды бірақ еркіндік жетіспеді, тұншықты. Сосын өнерге келіп еді, ләззат таппады. Себебі әйелді қалып кеткен ұясы мазалайды. Әйелді жақсы көрдің бе, оған еркіндік бер! Оның қызығушылығына, жақсы көрген ісіне шектеу қойма! Әйел қиналады, өледі, еркектің көңілінде із қалады. Кінә еркекте, біздің еркектерге өзгеру керек. Айналып келгенде осы отбасындағы қажетсіз шектеулер, біздің ұлтымыздың дамуына шектеу. Билік ақылды әйелдің қолында, ұжымдағы бірнеше адамды басқарып отырған еркектің артында ақылды әйел тұр. Негізі, әлемді де әйел басқарады, өйткені шексіздік оның қолында, біз жаратылыс әлемінің бар заңдылығын түсінеміз. Себебі бізде жатыр бар. Жатыр дегеніңіз мына әлемнің жалғастырушысы, егер әйел көнбесе еркек өзін қайда дамытар еді? Сондықтан, біздің ер азаматтарымызға мәдени-рухани тұрғыдан санада көптеген күрделі өзгеріс керек!
Бізде сіз айтқандай тұншығып жүрген әйелдер көп қой?
Өйткені біздің еркектерде жауапкершілік жоқ! Әйелдің еркіндігі деген шектен шығу, бұзылу деген сөз емес! Біздің қоғамдағы көп әйел бақытсыз, іштей қымсынады. Көпшілігімен сөйлесемін ғой, өте бақытсыз екендерін айтады. Үнемі адасып жүреді, жұрттың әңгіме-сөзі үшін өмір сүреді, өзінің «менін» ұмытып кетеді.
Қоғам солай бола тұра, неге біз осы көріністерді кинода көре алмаймыз. Ал көрсетсе, қабылдай алмаймыз. Мысалы «Айка» фильміндегі Самалды алайықшы біз оны мадақтап аспанға көтердік, ал ол қазақ қызының тағдырын солай көрсетсе жерге тығар едік. Неге?
Біздің ұлттың әлсіз тұсын мойындау керек, сол кезде өсеміз. Ал біз мойындамай, өтірік мақтаймыз. Кинодағы әйел бейнесін алайық, «Сұлтан Сүлеймен» фильміндегі Хюремге қараңыз, мінез қандай?! Ер адамды мінезбен ғана ұстайсың, ол сол мықтылығынан патшаның әйелі болды. Оны дұрыс емес деп шулайды! Біздікілер кимешек киген, ибалы образды таңдап алады. Шын мәнінде өмірде кимешек киіп жүрміз ба? Жоқ, тек кинода. Қоғам, ұлт дегенмен де әр адамның өз қалауы, таңдауы, дүниетанымы бөлек. Біз бар нәрсені шығара беруіміз керек, өзінің бағытын табады. Ал бір образды қайталай беру жалықтырады.
Қыздардың сондай, мысалы, шектен шыққан деп айтайықшы рөлдері жиі сынға ұшырайды. Мысалы, Жанна Исабаеваның фильмдерін алайық, «Алматыда пәктігінен айырылу» көп сынға ілікті. Бірақ айналамызда соны көріп-ақ жүрміз. Осы орайда ондай ащы шындықтарды қоғам кинода қабылдауға дайын емес деген сөз бе?
Оның бәрі біздің ойлау жүйемізге қойылған шеңберлер. Мен қабылдаймын және авторлық киноны жақсы көремін. Жанна Исабаеваның қоғамның шындығын сойып тастаған фильмдерін жаныммен түсінемін. Өмірде бар, ол жанды тақырып. Біздің өзімізге жасап алған жасандылығымыз бар. Соны бұзып шыққанда ғана біз, бақытты, еркін ойлайтын, нағыз тәуелсіз ұлт боламыз.
Онда неге қоғамның дерті қалыңдаған сайын, біздің режиссерлер «Біз батыр халықпыз, біз мықтымыз» деген пафосқа толы фильмдерін шығара береді?
Бұл саясат қой. Өйткені біздің бағдарламамыз сол болуы керек. Кинода бөлек амбициялар болуы тиіс. Дегенмен жаңа жоғарыда айтқандай ащы шындықтарды көрсететін де кинолар дамуы керек.
Ал «біз мықтымыз» дейтін кинолар мемлекеттің мәртебесі мен ұлттың беделі үшін керек. Оны біз пафосты жасап жатырмыз, шын мәнінде керемет етіп, жоғары деңгейде де жасауға болады. Мәселе біздің жасай алмай отыруымызда болып тұр. Біз патриотты, мықты фильмдер қалаймыз, бірақ жасандылық басым болып, шеберлік жетпей жатыр. Сондықтан көрермен өзге елдің туындыларын қарайды.
Біздің сайтымыздың оқырмандарының басым бөлігі әйелдер. Осы орайда, кинотанушы ретінде әйел табиғатын, бейнесін ашып көрсететін қандай фильм ұсынар едіңіз?
Мен «Сұлтан Сүлеймен» туындысын айтар едім, сондағы Хюрем бейнесін зерттеу керек. Ол ғасырдың алапат әйелі, бойына бар қасиетті жиған жан. Оны «интрига жасаушы» деп жиі айыптаймыз, десе де ол күйеуін қатты ойлайтын әйел. Тағы бірде «Балаларын таққа отырғызғысы келді» дейміз, әрине ол қалыпты. Әр ана өз баласы үшін қам жейді емес пе? Былай қарасаң аналық, әйелдік жар ретінде миссиясын толық орындап тұр. Еркегінің назарынан ешқашан қалып қалмауға тырысады, өйткені әйел үшін еркегінің назарынан тыс қалу, ең ауыр жаза. Әйелдер соны түсінбейді. Күйеуін итереді, “аулақ жүрсін”-деп, ол дұрыс емес! Саған назар аудармады деген сөз, сенің әйел ретінде күшің жоқ дегенді білдіреді.
Жаңа сіз назар аудармайды деп айтып жатырсыз ғой, шығармалардың барлығынан қазақ әйелі өзінің қалауын айталмайтындығы байқалады. Қоғамда да сондай, қалауымызды айта алмаймыз. Неліктен?
Менің достарымның бәрі – еркектер, сауатты, интеллектісі жоғары азаматтар. Олар менімен жиі сөйлескісі, сырласқысы келеді, ал мен олардың психологиясын зерттеймін (күліп). Күйеуім оларды жақсы таниды және біздің достағымызға қалыпты қарайды. Мысалы олармен кездесетін кезде алып келіп, артынан қайта алып кетеді. Ал оны көрген қазақ достарым «Күйеуің қалай жібереді? Мысалы, мен әйелімнің жігіт достарын қабылдай алмаймын», – дейді. «Менің күйеуім қабылдайды» деп күлемін. Себебі ол түсінеді, сенеді. Әйел ер адамдармен көбірек рухани байланыста болуы керек, олардың назарын ұстау оңай шаруа емес. Хюремнің арпалысы да сол патшаның назарын ұстап қалу болды емес пе? Қандай айлакер, ақыл мен айланың өзі бір нәрсе. Патшаны шын ниетімен жақсы көрді, ұстай алды. Біздің қоғамның қасіреті неде? Біздің қоғамдағы әйелдер еркектің назарын ұстауға тырмыспайды. Мұқтаждығы жоқ. Бұл жақсы нәрсе емес, ол біз дамымаймыз деген сөз. Әйел дамымай, тежеуішті басып, алба-жұлба болып отырған жерінде отыра берсе не болмақ? Әйел интригантка болу керек. Болмашы жерден от шығарып алған кезде, еркегің сені оттан сақтап қалуға тырмысқанда, еркектік инстинкт оянады. Ал ондай еркек үлкен жетістікке жете алады. Әйелдің табиғатының басты миссиясы да сол – ер-азаматтың жігерін шабыттандыра алу.
«Әйелдер дамуға тырыспайтын сияқты», – дедіңіз. Қазір керісінше емес пе, бақытты әйелдердің формуласын іздегендер, тренинг, марафонға сабылғандар көп емес пе?
Тренингтерді бәрін зерттеп, қарап жүремін. Олардың айтып жүргенін мен он жыл бұрын оқығанмын. Бірақ мен бұларды іштей қолдаймын. Өйткені шынында біздің әйелдер үшін пайдасы тиіп жүргендері бар. Олар мейлі ақшаға сатса да дамуға үлес қосуда. Бізге әйелдің өзіндік дәрежесін көтеруге институттар керек. Бірақ сол институттын жұмысын 4-5 әйел атқарып отыр. Әйел оқысын, білсін одан жаман болып кетпейді. Әйел ер-азаматтан екі есе сауатты болуы керек. Бізді тежемеу керек, әркім керегін алады. Тренингке барған барлық әйел мықты болып кетпейді, арасында бірнешеуі қабылдар, қалғаны оны іске жаратпайды да. Мен оларды сол техникаларды байқап көруге шақырған болар едім.
Біздің қоғамдағы әйелдердің бақытына біз кино арқылы әсер ете аламыз ба? Осы бағытта жұмыс істеп жатқан режиссерлер бар ма?
Әркім өз шығармашылығында жан қалауымен жұмыс істеп жатыр, тек нақты мақсатпен емес. Киноның шын мәнінде ықпалы бар! Өйткені өзім кешке дейін кино қараймын. Кинода өмір бар, оны көру арқылы сен психолог, философ болып шығасың. Кез келген адам аптасына әртүрлі тақырыптағы 3 кино көрсе дүниетанымы тереңдейді. Бірақ біздің режиссёрлар дәл сол сіз айтқандай фильмдер түсіріп жатқан жоқ. Әркімнің өзінің қызықтырған тақырыбы кадрға ілініп жатыр.
Енді өзіңіз туралы тақырыпқа келейікші, камераның қасында жүрген адамдар соған шығуға ұмтылады ғой. Сіз де актриса болуға ұмтылмадыңыз ба?
Мен актер мамандығына түсіп тұрып, тастап кеткенмін. Олардың конкурсына жай барып қатысып көрсем өтіп кетіппін, бірақ “Кинотану” бөліміндегі ағайым «Сен жазатын, керек адамсың» деп шеберханасына шақырған. Актерлікке емтихан тапсырдым да, артынан құжаттарымды «Кинотануға» өткізіп қойдым. Сол кезде мені ол бөлімдегілер іздепті, мен оқымаймын деп айттым. Өйткені менің сахнада ойнағым келмейді. Өзім жазуды жақсы көремін, сондықтан осы әлемді таңдадым. Кейінірек киноға шақырғандар болды, бірақ біз киносыншылар киноға түспейміз ғой (күліп). Дегенмен ол «ережені» бұзып режиссер Сатыбалды Нарымбетов ағамыздың фильміне түспекпін. Ол кісі менің жазу стилімді құрметтейтінін, әлемімнің бөлек екенін оны кинода көргісі келетінін айтып ұсыныс жасады. Ол кісі түсіндірген соң, қарсы келмедім. Бұйыртса, қазан айында түсірілім басталады.
Менің сүйікті ісім суретке түсу, әйел образын фотода беру. Қолым қалт еткенде студентімді алып фотосессия жасаймыз. Акбар Бекмамбетов деген мықты студентім бар, суретте ол сияқты менің табиғатымды ешкім аша алмады.
Үйде отырсам жаным жай табады деп қалдыңыз, сондай ыстық ошақтың отағасы туралы да білгіміз келеді.
Күйеуім таным, түсінігі өте керемет, ұстанымдары бөлек азамат. Еркіндікті қандай еркек береді? Өзіне және саған сенетін еркек береді. Еркіндікте сенім сақталады. Керсінше, қызғаныш барлығын бұзып тастайды ғой. Менің жан-дүниемді өте терең түсінеді. Мамандығымның шыңына осы кісінің арқасында жеттім деп есептеймін. Өйткені менің соңына дейін оқуыма ықпал жасап, үйде отырсам да «Ешнәрсені тоқтатпа, дами бер, дами бер. Өзіңнің жан қалауыңды таба бер» деп күш беріп отырды.
Болмысыңыз нәзік болғанымен ішіңізде бір мықтылық жатқан сияқты. Сол бейнені қалыптастырған қандай жағдай?
Текпен деп айта аламын, өйткені мен өзімді ешқашан «бұлай ұстап жүруім» керек деп ойламайтынмын. Оны маған кейіннен менімен қатар жүрген адамдар айтты. “Super Гуля” деген атым болған. «Бірге оқыған азаматтар сіздің түріңіз өте суық, білесіз бе ғашық болып, жай ғана танысайық деп айта алмайтынбыз» дейді. Шын мәнінде, мен ондай емеспін, солай болып көрінетін шығармын. Негізі қатты сезімталмын.
Менің атам Көбек уақытында болыс болған, ашаршылық кезінде бүкіл ауылды аштықтан алып қалған, халықтың ауыртпалығын көтерген, Сталиннен жеке марапат алған адам. Ал әкемді ақсүйек деймін, өйткені, ол кісінің болмысы бөлек. Біз аса ауқатты тұрған жоқпыз, орташа тұрдық. Бірақ әкемнің өзін ұстауында тектілік бар, мен де сол кісіге ұқсағанмын. Бұл мінез қолдан жасалмайды, қанмен берілетін дүние есептеймін.
Бағанадан бері әркімнің жан қалауы, бақыты деп айтып жатырмыз ғой, ал Гүлзаттың жаны тыныш па, бақытты ма?
Жаным толық тыныш деп айта алмаймын, өйткені мені де мазалайтын нәрселер бар. Осы қоғамдағы әйелдердің ішінен бөліп алып қарағанда, мен әлдеқайда 90% бақыттымын. Менде барлығы бар, жандүниемнің еркіндігінің барына бақыттымын.
Бәлкім өмірдің мәні де сол жүз пайыз болмауында шығар?! Дегенмен сізге толық бақытың иесі болуды тілеймін.
Автор: Қарашаш Есенбай
Фото: Жеке мұрағаттан