Гүлназ Әлімгерей: “Адамның бесіктен алған тәрбиесі қашан да қылаң беріп тұрады” - Ikerim.kz

Гүлназ Әлімгерей: “Адамның бесіктен алған тәрбиесі қашан да қылаң беріп тұрады”

Шетелден орала салып, қызметіңізге құлшыныспен кірісіп кеттіңіз. Бірақ біз күткеннен тезірек оралған сияқтысыздар. Жалпы ол жақта  магистрлік білім алу қанша уақытты талап етеді?

– Бұл жайлы бұдан бұрын да біраз жерлерге сұқбат берген сияқтымыз. Жолдасымның жаңа қызметке,  Бас прокуратураға қызметке келуіне байланысты келдік.  Жоғары жақтан шақырып, сенім артқаннан кейін біз оқуымызды тоқтатуымызға тура келді. «Академиялық демалыс» деген әлемде бар дүние. Білім ордаларында ондай ұғым бар. Біз сол бір жарым жыл тілдік курсымызды аяқтап, магистратураға оқуға түскенбіз. Кез келген шетелде, енді Еуропа жағын көп біле бермеймін, американың өзінде оқуға түсу үлкен еңбек, үлкен жеңіс болып саналады. Себебі ол жерде біздегідей грант, кредит деген ұғым жоқ. Ол жерде ақылы болса да сен оқуға түсуің керек. Оның өзінің емтихандары, талаптары бар, жинайтын балдары бар. Біздікі журналистика ғой енді «шығармашылық факультет» дейді. Біздің жұмыстарымыздың барлығын қарады. Енді, мысалы, тілдік курсты бітіріп те түсе алмай жүретіндер бар. Магистратура деген оңай нәрсе емес. Бірақ шынын айтқан кезде айымыз оңынан туып, бірден екеуміз де оқуға түсіп кеттік. Майами қаласының университетіне қабылдандық, сол жерде тілдік курсты да аяқтадық. Негізі тіл үйрену курсын Калифорниядан бастағанбыз. Бірақ ол жердегі ауа райы біздің денсаулығымызға келмей, жарты жалдан кейін Майамиге ауыстық. Курсты аяқтап, оқуға түстік. Оқуымыз басталған тұста осындай ұсыныс түскеннен кейін Нұрекең көп кісілермен ақылдаса келе, мемлекеттік деңгейдегі шаруалар болғаннан кейін ол кісі оқуын тоқтатты. Бұл – жай ғана Нұрділданың өзінің тарапынан болған дүние емес. Және Нұрділда баяғыда-ақ айтқан өзі «Екеуміздің біреуіміз оқуға түспей қалсақ, оқуға бармаймыз» деп. Ол отбасының жағдайын бірінші кезекке қоятын адам. Сондықтан бұл жағдайда мен қалып оқи беру, өзі осында келіп жұмыс істей беру деген дүние болған жоқ ол кісінің ойында. Бірден екеуміз де тоқтаттық. Оның үстіне сол жаққа барғаннан кейін кішкентайлы болдық қой. Бір жағынан декреттік демалыс деп те саналады.

– Енді қанша уақыттан кейін оқуды жалғастырмақ ниеттесіздер?

– Енді оның барлығын уақыт көрсетеді. Нұрекеңнің жұмысына байланысты барлығы да. Сосын мен келгеннен кейін Ұлттық арна, басшылық өздері ұсыныс тастап, жұмысқа шығуымды сұрады. Сөйтіп мен де жұмысқа қосылып кеттім.

– Ол жақта өмір сүру қиын емес пе? Қандай қиындықтар болды?

– Тамақ жағынан қиындықтар болды. Өйткені бұл жақта бәріміз ет, қазы-қарта жеп үйреніп қалған қазақпыз, иә. Біздің ұнымыз да басқа, қантымыз да басқа, шайымыз да басқа, айта берсең көп (күліп). Шын, тамақ жағынан қиналдық. Өйткені ең бастысы адамның ауқаты ғой енді. «Ас адамның арқауы». Тілге байланысты да болды әрине, біз соншалықты деңгейіміз керемет болып барған жоқпыз ол жаққа. Енді барлық жағынан да бәрін жүзіп шығуыңа тура келеді. Шүкір, барлығын еңсердік деп ойлаймын. Мұның барлығы, өмірдегі қиындықтар орысша айтқанда «приятные хлопоты» дейді. Ондай дүниелер болу керек сияқты. Өйткені біз «зона камфортадан» шықпай, сондай өз-өзіміздің жағдайымызды жасап қалған адамбыз. Сосын енді ең бірінші кезекте елімізге деген сағыныш, туған-туыс, дос-жаран, әріптестер сүйікті жұмысың деген сияқты. Бәрін де сағынасың. Ол жаққа барғандағы патриоттық сезімің ерекше болады. Елде жүргендегідей емес, ол жақта шынымен басқаша бір сезімге бөленесің. Ол екі-үш есе, он есе көбейеді.

– АҚШ-та алған тәжірибеңізбен бөліссеңіз. Бала тәрбиесінде, отбасылық құндылықтарды сақтауда, қарым-қатынастарында біздің елімізбен салыстырғанда қандай айырмашылық бар?

– Біз бұрын «ол жақта ажырасу көп», «Ол жақта азаматтық неке көп» дейтінбіз. Қазір менің ойымша, сол Америкадан, сол кәрі құрлықтан ешқандай айырмашылығымыз жоқ сияқты соңғы кездері. Себебі бізде кәрі қыздар көп, бізде мысалы, жаңағыдай азаматтық некелер бар. Оны біз жасыра алмаймыз ғой. Ол бізде бар дүние. Оның барлығы сол мәдениеттің бізге сіңе бастағаны. Біздің міндетіміз – ол жаққа барып, сол мәдениетті алып келу емес. Не үшін қазір «Болашақ» бағдарламасында бакалавр дәрежесі жабылды? Ақыл тоқтатқан, оңы мен солын айыра алатын, осындай отбасылы жандар қазір көбірек магистратураға бара бастады. Ол дегеніңіз, яғни, көптеген зерттеулер жүргізілген шығар, анализдер жасалған болар. Өзінің отбасынсыз жалғыз барып, қайтпай жатқан студенттеріміз бар. Олар сол жақтың өміріне қызығады. Ол жақтың өміріне қызықты деген сөз, сол жақтың менталитетін қабылдады деген сөз. Ал ол жақтың менталитеті бәрібір басқаша, біздің қанымыз бөлек, дәстүріміз басқа, тәрбиеміз басқа. Бірақ соны сіңіретін жастар бар. Жастайынан кетсе, бала күнінде кетсе, сол дүниенің бәрін сіңіріп алады. Әрине, «жылтырағанның бәрі алтын емес».

Мысалы, ол жақта маған ұнағаны – жүйе бар екені. Кез келген банк ұйымы болсын, кез келген мекеме болсын, университетте болсын жүйе қалыптасқан. Біздегідей анаумен шешіледі, мынаумен шешеді деген дүние жоқ. Сол жүйе бізге келсе екен дейсің. Бізде әлі күнге дейін, мысалы, бір адам бірнеше адамның шаруасымен айналысатын мекемелер бар. Сол жақтан келген кезде, сондай дүниелерді көргенде, әрине «әттеген-ай» деген тұстар болады. Бірақ әрине, бұл – өз еліміз, біз үйрендік ондайға, қайтадан сол ортаға өзіміз де кіріп кеттік. Ал енді жаңағы дүниелер мен әрине оны қолдамаймын. Барынша үйдегі тәрбие дұрыс болуы керек. Қазіргі болып жатқан өзгерістердің барлығы жаңағы ата мен әженің тәрбиесінің жоқтығынан, сол институттың, ата-ененің институтының әлсіреп бара жатқандығынан. Бізде қазір еліктеушілік бар, онсыз да біз сондай халықпыз, иә? Сондай құмар, бірден жаңағы бірден іліп әкететін. Ол біздің мүмкін жақсы да қасиетіміз шығар. Бірден кез келген жақсылықты сіңіріп алатын.  Бірақ оның ішінде керек пе, керек емес пе, соны електен өткізу керек. Қазіргі таңдағы ажырасу, еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің бас қосуы деген дүниелердің барлығы дұрыс емес нәрсе. «Ой, бұрынғының салты, бұрынғының дәстүрі» деп жатады, оның барлығы бекер жасалған жоқ. Ол жерде тазалық бар, ол жерде тәрбие бар.

– АҚШ-та тұрған уақыттарыңыз сізге және отбасыңызға не берді?

– Біріншіден, атам қазақ айтқандай, «Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл» деген, қанша тіл білсең де артық етпейді. Екіншіден біздің білім көкжиегімізді кеңейтті. Біз бәрібір де білеміз, түсінеміз Еуропа, Ресей телеарналары бізден алда келе жатқанын. Соны біз де оқып, көріп, біліп елге әкелуіміз керек. Мойындаймыз, олар бізден 50 жыл 60-70 жыл алға дамып кеткен. Мақсат ол жақта қалу емес.

Біз мысалы, мұсылман елдеріміз, біз бір-бірімізге жылы шырай танытып, амандасуымыз керек, мейірімді болуымыз керек деп. Меніңше, сол Америкадағы өзге дін өкілдері ондай этикетті бізден гөрі көбірек ұстанатын сияқты. Олар саған көмектесуге дайын тұрады, күліп амандасады, сенің іші-бауырыңа кіріп кете жаздайды. Үнемі жүздерінде күлкі, жайнап тұрады. Адам мен адамның бірдеңені бөлісе алмай қалуы, бірнәрсеге ренжіп қалуы, барлығы сол бір ауыз жылы сөздің жетіспеуінен туындайды. Иә, енді бар шығар араларында, бірақ жалпы алғанда айтып отырмын, көпшілігі сондай. Олар бәлкім сенің барлық шаруаңды шешіп бермес, бірақ үнемі мұғалімдері болсын, жан-жақтан келіп жатқан студенттер болсын, саған жылы қабақ танытып, көмектескісі келіп, сондай ыңғай танытып тұрады.

– «Бүгінгі күннің жүргізушілері суфлердан мәтін жоқ болып шықса, жаңалықты жүргізіп отырғанда жедел ақпарат жетсе, аңдатпа айтылу керек болғанда сасқалақтамай, абдырамастан эфирді алып шығуы қажет» деген екенсіз. Өмір болған соң бәрі болады ғой, сіздің басыңыздан эфир уақытында осындай ыңғайсыз жағдай өтіп пе еді?

-Көп қой ол.

– Енді бір ерекше есте қалғаны бар шығар…

– Қазір есімнен шығып кеткен шығар, бірақ мен үнемі айтамын, есімде қалғаны – ең алғашқы эфирім. Алдын ала жазылып жаңалықтарға шыққан жоқпын. Бірден тікелей эфирге шықтым.

Қай кезде, қай арнада еді?

– Өзіміздің қалалық қазір «7 арна» дейді, ол кезде «Эра» деген телеарна болған. Сол жерден бастадым. Сонда ресейлік «Орт» арнасының жаңалық жүргізу стилі бойынша, тұрып жүргізіп бастайсың да, сөйлеп келіп отыруың қажет. Мен «Бәлкім жасамай-ақ қоярмын, эфирге бірінші рет шыққалы тұрмын ғой» дегенмін. Онсыз да аптығып, ентігіп тұрғанда маған анау екі аттам жердегі орындыққа жету екі шақырымдай көрінді. Сол дүние менің есімде қалғаны. Басшылыққа айтып, рұқсат сұрағанымда «жоқ ол стильді өзгертуге болмайды, соған жетуің керек сенің» деді. Сол маған алынбайтын қамал сияқты, қыл көпір сияқты болып көрінді. Соған келіп отырдым. Одан кейін ол кезде суфлеріміз аяқ суфлер болатын. Қазір енді техника дамып кетті ғой. Үлкен арналардың кәдімгідей суфлерді айналдыратын адамдары бар. Сол аяқтың астындағы суфлердің жүргізетін, тоқтататын басқыштарын шатаспай табудың өзі үлкен бір жұмыс болды маған. Әйтеуір таптым. Содан кейін ойладым «енді шатаспайтын шығармын» деп (күліп). Жақсы енді бірінші эфирім солай өтті.

Енді көбіне маған қарағанда әріптестерімде көп болатын сияқты ондай жағдайлар. Бір күні эфир үстінде менің қалта телефоным қосулы қалыпты. Дыбыссыз режимге қойылмаған. Бұрындары естеріңіз де ме, Баханың бір әні болды ғой «Crazy frog» деген. Сол менің қоңырауымда тұратын. Мен негізі өзім естімей қалмайын деп сондай қатты, елең еткізетін  әуендерді қойып қоятынмын. Сол кезде жаңалық оқып отырып Мейіржанның көзі үлкейіп кеткен ғой. Мен қасында отырмын не істерімді білмей. Ондай болып тұрады енді. Есіме түспей тұр… Қазір сұқбат барысында есіме түссе, айтармын… А, міне, міне, түсті. Менің жарым Бас прокуратураға аппарат жетекшісінің орынбасары болып бекітілді. Баспасөз қызметімен, сол жақтың жұмысын насихаттаумен айналысады. Бір күні эфирге келдім. Шеф-редактор «Эфирге бүгін Нұрділдә келеді» дейді. Мен «Менің кезегімде сол кісіні шақыру міндетті ме екен?» деймін (күліп). Оларға да қызық. Мен айтамын, «Одан да Елбасыдан алайын, басқа министрлерден алайын сұқбат» деп (күліп).  Бірақ жолдасыммен ресми тілде сұқбаттасу қызық болды. Әрине біздің әңгімеміз қашан да таусылған емес. Сосын эфирге қонақ келетін болса, біз алдын ала міндетті түрде жазып алатынбыз, тікелей эфирге келмейтін. Ал ол кісімен тікелей эфирде сөйлесуіміз керек. Сөйтіп сондай қызық болған. Тақырыпқа сай эфирдің ортасында, кіріп келді, отырды. Қалай болар екен деп қоямын. Жұрттың бәрі біледі ғой, біздің ерлі-зайыпты екенімізді. Басында не айтарымды білмей, «Сәлеметсіз бе!» деппін ғой (күліп). Әрине келген қонақпен амандасып, қал-жағдайын сұрауымыз керек қой, бірден сұраққа көшпей. Кейін әлеуметтік желіде жазып жатыр, «Ең қызығы «Сәлеметсіз бе!» деп амандасқаныңыз болды», «Ұялып отырғандығыңыз байқалды» деп. Қанша дегенмен, ол – менің жарым ғой. Одан кейін барып мемлекеттік қызметкер. Сол кезде сәл енді ыңғайсыздық болған сияқты. Бірақ енді соңына дейін алып шықтық сұқбатты. Оның алдында бірге мемлекеттік қызметке кетпей тұрып жүргізіп жүрдік қой. Бірақ ол кезде одан сұқбат алған жоқпын. Жақын арада осындай бір ерекше жағдай болды.

– Жеке кәсіптеріңізді тоқтатып қойған едіңіз. Соларды қайта қолға аласыз ба?

– Енді қазіргі заманда әркімнің жеке кәсібі болуы тиіс деп ойлаймын. Қолынан келсе. Негізі осыдан 3-4 жыл бұрын Алматы, ел аумағы деп атпай-ақ қояйын, бірақ Астанада ең алғаш журналистік курсты ашқан мен болатынмын. Ол сөзден қорықпаймын. Одан кейін, өздеріңіз білесіздер, көптеп ашылды, жұмыс істеп жатыр. Дұрыс. Ондай бәсекелестік болуы керек қашан да. Мен сондай бастама жасап, ауқымды мектеп ашқаныма өте қуанамын. Әрине жарымның қолдауымен. Өйткені біз екеуміз сән салонын аша алмаймыз, көлік жуатын салон аша алмаймыз. Біздің қолымыздан келетін дүние осы болды. Сөйтіп, аштық, өте жақсы, әлі күнге дейін сұраныс бар. Бірақ енді мен кішкене шетелден келіп сәл тосылып қалған сияқтымын. Өйткені біз екі жылдай елде болмадық. Нұрділдә бірден жұмысына кірісіп кетті, ал менің мойнымда отбасылық шаруалар көп болды. Үйді-жайды, бәрін қалыпқа келтіру, балаларды мектепке орналастыру, кішкентайымыз бар. Сондай-сондай жағдайлармен кішкене кідіріп қалған шығармын. Ана жақтың өмірі мен мына жақтың өмірі кішкене стресс болды басында. Сөйтіп жүргенде, мінеки, жаңа жыл да келіпті. Әрине, ұсыныстар болды. Телеарнадан басқа да жерлерге. Бірақ мен әзірге оның барлығын ысырып қойдым. Бәлкім болашақта, жарты жылдықта деп қояйын. Ойымда бірнеше жобалар бар. Мектеп жабылған жоқ, құжат жүзінде барлығы дұрыс. Енді соны жаңаша бағытта түрлендіріп, басқаша үлгіде ұсынғым келеді. Тек мен оған білек сыбана кірісуім керек. Жүрдім-бардым қарағым келмейді. Көптеген шаруаларым болды, эфирге шыққаннан кейін де, сәл аялдау керек болды. Болашақта Құдай қаласа басқаша бір стильде ашылуы мүмкін. Қазір ой үстіндемін.

– Үй шаруасының бәріне өзім үлгеремін дейсіз. Той агенттігіңіз бар, мектеп-студияңыз бар, қала берді эфирге шығасыз. Кейде кешкілік эфирде боласыз. Ондайда бала-шағаның, отағасының ас-суы кімнің мойнында болады?  

– Ата-енем қолымызда, бізбен бірге тұрады. Бірақ ол кісілер де жұмыста. Біз балаларымызды ешқашан да күтушілерге сеніп тапсырған емеспіз, әлі күнге дейін сондай позициядамыз. Ата-әжелері бар, сол кісілердің тәрбиесін көріп өсіп келе жатыр. Ертегісін тыңдап, әлди естіп. Бала күтіміне келген кезде ол кісілердің маған көмегі зор. Ал енді үй шаруасына келген кезде, барлығын өзім жасаймын. Көбісі ойлайды екен, мен тамақ дайындамайды, үй жинамайды деген сияқты. Мен оларды бір адамдай-ақ жасаймын. Мен шашылып жатқан үйге ешқашан қонақ шақырмаймын. Қазір кез келген үйде кір жуғыш мәшине бар. Ол айналмай тұрса, ағаттық болар еді. Кезінде мәшине болмаған заманда да аналарымыз, әжелеріміз бәріне үлгерді ғой. Тамағымды міндетті түрде дайындап кетемін. Күні бойы жұмыста емеспін. Таңертең келіп, аңдатпаларымды жазып кетемін. Арасында түскі үзіліске барамын. Жолдасым түскі асқа міндетті түрде үйге келеді. Қашаннан да ол өзінің принципі. Жарымның, балаларымның тамағын беремін. Сосын қайтадан жұмысқа келемін. Қазір маған ыңғайлысы – эфир сегізде басталады, тоғыздарға қарай бітеді. Бұрын жай басталып, үйге ондарға қарай барғанда балалар ұйықтап жататын. Қазір жақсы, жолдасым екеуміз үйге бірге қайтамыз. Оның да жұмысы сол уақытта бітеді. Үйге барған кезде ата-енем балалардың тамағын беріп, сабақтарын қарап жатады. Және балалар кешке дейін мектепте. Сол жерде үйірмелеріне барады. Өздеріне кесте жасап қойғанбыз. Ағылшын мектебіне барады екеуі де. Ағылшын тілдерін жоғалтып алмасын деп, тілдік мектепке бердік.

– Біздің сайтымыздың оқырмандарына тілегіңіз, ниетіңіз немесе ұсынысыңыз болса.

– Үйде отырып еріккеннің ісін жасауға болмайды деп ойлаймын. Қазір әлеуметтік желі, ғаламтор деген белең алып жатқан заман. Ондағы ақпараттарды аларда алдымен қажет не қажетсіз екенін ой елегінен өткізіп алуымыз керек. Анау сөйтіп жатыр екен деп, кез келген дүниенің соңынан кетуге болмайды. Ол үшін бізге не керек? Ол үшін көп оқу керек, іздену керек, білім керек. Балаға дейін телефон шұқылап отырады. Оның бәрі тәрбиеден, бала көргенін істеп отыр. Сондықтан абай болғанымыз дұрыс. Мысалы, Нұрділдә екеуміз дастарқан басында отырғанда телефонды қолданбаймыз. Осы жерде мен батысты айтқым келіп отыр, яғни Американы. Бізде мысалы, лифтіге кірсін, қызметте жүрсін, басқа қылсын, барлығы телефонға шұқшиып жүреді. Америкаға барғанда да тура сондайға кезігетін шығармын деп ойлағанмын. Бірақ ондай әрекетті көп байқамадым. Олар ол этаптан өткен. Ал бізде нағыз қызып, белең алып тұрған кезі. Біз ақпаратқа сусап жатырмыз ба, я сол қыз-келіншектерге көңіл бөлу  жетіспей ме, білмеймін неге? Балаларымыздың не істеп жүргеніне де мән бермейміз. Өзіміздің шаруамыз бітсе, бала тыныш отырса болды. Біз үйде балаларымызға ұялы телефон ұстатпаймыз. Сағат телефон алып бердік. Иә, ол да бала, ол да көргісі келеді, арасында береміз. Бірақ одан кейін мен оның не істеп, қандай ойын ойнайтынын, қайда кіргенін, не қарағанын біліп отырамын.. Біздің үйде компьютер жоқ. Ноутбукты керек кезде алып келіп, сосын қайтадан алып кетеміз. Өйткені үйде оған аса қажеттілік жоқ. Мен Америкада  бір кездері инстаграмды мүлде қолданбай кеткен кездерім болды. Егер сіз ол тобырға ере берсеңіз, ере бересіз. Өз-өзіңе жауап бере білуіңіз керек. Маған тағамдардың құрамын қарауға қажет болуы мүмкін. Және маған жарнама құралы ретінде қатты ұнады. Себебі қазір ешкім теледидарды, газетті ашып жарнама көрмейді. Көпшілігі инстаграмды қарайды. Сосын фейсбукте өзім оқитын кейбір адамдар бар салмақты мақалалар жазатын. Ал жалпы бұл дүние жақсылыққа апармайды. Осының салдарынан ажырасқан отбасылар да бар, осының арқасында қосылғандар да бар. Өз бақытынан өзі айырылып жатқандар бар.

Адамның бесіктен алған тәрбиесі қашан да қылаң беріп тұрады. Оны ешқандай Гарвард, Оксфорд секілді әлемнің мен, мен деген университеттері бере алмайды. Енді бұл заман сондай, мұның да уақыты өтер, кетер, АҚШ-тағы сияқты қызығушылығы басылар. Уақыт өте тез өтіп кетеді. Адам соны тиімді пайдалана білу керек. Оқу, іздену керек. Неліктен Нұрділдә екеуміз шетелге барып оқып келгіміз келді? Бізге де «осы күнге дейін жинаған абыройларың, еңбектерің жетеді, қайда барасыңдар?» дегендер де болды. Бұл дегеніңіз – бір орында тұрғымыз келмейді. Қазір мемлекет бізге көп жағдай жасап отыр. Білім алып, өзің бәріне қол жеткізуіңе болады.

Cұқбатыңызға рақмет!

IKERIM.KZ

архив 2016 ЖЫЛ
Total
0
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Previous Post

Қандай іш киім киіп жүрсіз?

Next Post

Шугаринг: Нені білу керек, қалай жасалуы тиіс?