Динара Болат: “Өмірдің мақсаты – “бақытты боламын” деген ұстаным болуы шарт” - Ikerim.kz

Динара Болат: “Өмірдің мақсаты – “бақытты боламын” деген ұстаным болуы шарт”

-Қайырлы күн, Динара ханым. Сұқбатымызды өзіңіз айтқандай «бір түрлі сұрақтан» бастайықшы, әлемдегі ең соңғы адам болсаңыз не істер едіңіз және өмір сүру үшін қай елді таңдар едіңіз? Неліктен?

-Дүниедегі ең соңғы адам болсам, жағдай қиындау, себебі адамның күні адаммен. Тек қана мәселе шешу үшін емес, жалпы адами қарым – қатынассыз қиын…

Бірақ сондай жайт болса, барынша өмір сүрген күндерімді қуанышты күймен өткізуге тырысар едім. Көргенімді зерделеп, мүмкін жердің астына кейін табылатындай етіп соңғы көрген сәттерімнен ақпарат жазып кетермін. Ал өмір сүру үшін Индонезиядағы Бали аралын таңдаған болар едім, себебі ол жер жұмаққа ұқсайды. Әрине, жұмақты көрген жоқпын, бірақ сипаттауы бойынша ұқсайды. Табиғаты өте әдемі, адамдары жылы жүзді, ешкім-ешкімді сөкпейді, сынамайды, әркім өз шаруасымен және өте бақытты!

-Сізді көпшілік «блогер Динара», «психолог Динара», «журналист Динара», «2 баланың анасы Динара» деп қабылдайды. Ал тұлға Динара өзін ең бірінші кім деп қабылдайды?

– Бірінші кезекте өзін бақытқа лайықты жан – «Тұлға Динара» деп қабылдайды.

-Сіздің жазбаларыңыздан біздің қоғамдағы адамдардың өздерін қабылдай алмайтынына, көбі өз қалауынан тыс өмір кешіп кететіндеріне қарныңыз ашатынын байқаймын. Өзіңізге өзіңізді қабылдау үшін, бәріне сабырмен қарап, қазіргідей гармонияда жүру үшін қанша уақыт кетті?

-«Үйлесімді өмір сүруді үйрену үшін осынша уақыт кетті» деп айта алмаймын, мені осы күнге жеткізген, яғни бүгінгі Динараны жасап шығарған не дейтін болсақ, ол бір нәрседен тұрмайды.

Ол – тәрбие, ол – тәжірибие, ол – қиындық, ол – оқылған кітаптар, ол – өмір жолында кездескен адамдар. Әр нәрсе бір-біріне себепші. Барлығы кешенді түрде осы күнге жеткізді деуге болады.

-Біздің қоғамдағы адамдар өзгенің пікірін құрметтей алатын және өз қалауын жасай алатын шақ қашатын туады деп ойлайсыз? Психолог маман ретінде адамның өзін бағалауын көтеру үшін қандай кеңес берер едіңіз?

-Біздің қоғамдағы ұят деген нәрсе кісінің көңіліне қарап әрекет ету, бізге үлкендер берген тәрбиеден шығады. Яғни қонақ шақыру, тойға бару деген дүниелер бізге тәрбиемен сіңген. Бұдан қашан арыламыз? Соны бізге үйреткен үлкен буындар өмірден өткен соң, бірте-бірте өз қалауымызша өмір сүруге келетін шығармыз. Дегенмен бұл жерде эгоизм емес, адамгершіліктен аспаған жөн. Үлкен буын бар кезде бұл түсінік бола береді.

Ал өзін бағалап үйрену үшін ең алдымен адам өзіне және өмірге деген қатынасын өзгерту керек. Біздің өмірге келуіміз өте күрделі процесс, әркім бұл өмірді күреспен жеңіп алады. Ал одан соң оған немқұрайлы қарай алмайды. Яғни осы отбасында дүниеге келуі, жылы үйдің ішінде отыруы, дәмді тағам жеуі бұл – оған берілген мүмкіндік. Оны бағалау және пайдалану керек. Әр адамның өмірлік мәні, мақсаты – “бақытты боламын” деген ұстаным болуы шарт. Осы мақсатқа жеткенше, осыларды орындағанша адам өзіне «Не үшін өмір сүріп жатырмын?» деген сұрақ қоюы керек. Сонда ғана осы мақсатқа жету жолында еңсесін жиып, іске кірісетін болады.

-«Қазақ әйелі күйеуіне бағынған, одан төмен тұрады» деген тыйымдар бұрын көп айтылатын еді, қазір «әйел адам да таңдауын айтуы керек, құқын білуі керек» деген сөздер жиі айтылады. Қалай ойлайсыз, бұл біздегі еркектер мәртебесін тіпті төмен түсіріп жібермей ме?

-Бұл мәселе ер адамдар мәртебесін түсіріп жібермейді, егер әйел адам өзінің орнын білсе. Әйел адам қанша алға шапқанымен,  «мен», «менің құқығым» дегенімен, бәрібір ер адамнан бір саты төмен тұруы керек. Ал “әйел адамның құқығы” деген кезде ер адамдардың басым бөлігі қарсы шығады. Демек оларға сенімділік жетпейді деп айтар едім. Өйткені олар тізгінді әлсіретіп аламыз деп ойлайды, ал бұл – сенімсіздіктен туатын нәрсе. Меніңше, қазіргі заманда ер адам да өзіңің тәрбиесі мен білімін толықтырумен, іскерлікпен, табыс табумен көбірек айналысуы керек. Әйтпесе, қазір олар әйелді «сенің орның үйде» деген әңгімемен ғана тізгіндей алып отыр, ал бұл – әлсіздік пен сенімсіздіктің белгісі.

-Жақында сіздің парақшаңыздан «күйеуімнің табысының қанша екенін білмеймін» деген жазба оқып едім. Әдетте отбасының бюджеті бір жерде болуы керек дейді ғой. Ал сіздің ұстанымыңыз араны алшақтатпай ма, әлде тиімді тұстары бар ма?

-Жолдасымның табысынан хабарым жоқ, мен оған сенемін және ол отбасына деген жауапкершілікті жақсы білетін адам. Отбасындағы мәселе екеуара шешілетін нәрсе, ол жерде ерлі-зайыптылардың өзіңдік  ерекшеліктері ескерілуі керек. Мысалы, менің жолдасым жауапты адам, ол ұл-қызының болашағын қамтамасыз ету керек деген нәрсені жақсы түсінеді. Мүмкін кейбір ер адамдар құмар ойнап немесе табысын достарына беріп жіберетін шығар. Ондай жағдайда отбасылық бюджет ортақ болу керек және әйел адам одан хабардар болуы керек. Сондықтан “мына заңды жалпы отбасына қолданыңыз” деген қағида жоқ. Әр отбасының өз ерекшелігі  бар, соған байланысты орнымен қолданылып отырса болды.

-Бір жазбаңызда күйеуіңіздің  отбасымен алыстан сыйласатыңызды айтыңыз, кейін балаңызбен де сондай байланыста боласыз ба?

-Болашақта келінім мені сыйласа болды. Қазір өзімнің енеммен қарым-қатынасым қандай болса, келінім дәл солай қарым-қатынас жасаса жетеді. Маған артық жалпылдау немесе іші-бауырыма кіру деген мінездер ұнамайды. Бұйыртса мен оны сыйлаймын, әулеттің образын, келбетін, мәртебесін алып жүретін адам болғандықтан, әлбетте көңіл бөлемін. Оны киіндіру, оқыту,  өзіңмен тең ұстау деген кеңестерімді ұлыма айтып отырамын. Ең бірінші кезекте ұлымның таңдауы сол себепті ұлыма таңдауыңның мықты екенін көрсете біл деймін (күліп). Бірақ мені бақсын, шаруамды істесін деген ешқандай мақсат жоқ.

-Сіздің парақшадан қызыңызды жиі көреміз, қыз балаға ерекше көңіл бөлетін сияқтысыз. Бұл бала кезде өзіңіз сондай көңілді қалады деген сөз бе?

-Иә, мен қызыма көп көңіл бөлемін  себебі, қыз – қонақ, ол ертең оқуға кетеді, тұрмысқа кетеді. Әйел адамның жалпы өміріңде қиындық көп деп ойлаймын. Сондықтан ең болмағанда, бала кезіңде, өзінің отбасында махаббатқа, сүйіспеншілікке қанып өсіп-өнуі керек. Ал менің өмірімде анамның тарапынан жылулық жетіспеді, ол тек менің басымдағы нәрсе емес, менің қатарластарымның бойында жиі кездеседі. Маған консултатцияға келетін көп адамның, көп қыздың уайымы, уәжі анасымен кезінде және қазір де қарым-қатынас құра алмауы.

-Енді әңгімені саяхатшы Динараға бұрайықшы, үш-төрт жыл ішінде 34-35 елді аралаған екенсіз, осы елдер ішінде өзіңізге ерекше сезім қалдырған ел, қызықты оқиға болса?

-Саяхатымда ерекше әсер қалдырған елдер көп, бұған дейін де айтқан Индонезия, Үндістан, Италия, Норвегия, Америка, Жапония сынды елдер. Мені, көзқарасымды, дүниетанымымды өзгерткен, кеңейткен елдер – осылар. Мысалы, Үндістанда бірнеше ұлт, бірнеше дін өкілдері жоқшылыққа қарамастан тату-тәтті, өте көңілді өмір сүреді. Америкада ұлтқа бөлу мәселесі жоқ, ол елде бірнеше тілде қызмет көрсетіледі. Бұл елде адамдар өздерін анағұрлым бақытты сезінеді. Себебі ешкім ешқандай сын айтпайды. Комплимент айтуы мүмкін, бірақ «мынау басқаша киініп жүр», «анау көшеде сүйісіп тұр» деген сияқты әңгіме айтылмайды. Жапония – ізгі қоғам туралы түсінік қалыптастырған ел, ал Сингапур – болашақтың елі. Маған ерекше әсер қалдырды және қайта-қайта оралғым келетін елдер деп айтар едім.

-Үндістанды жақсы көретініңізді байқадым… Қазір біздің қоғамда «үндістанданып бара жатырмыз» деген қорқыныш бар ғой, сіздің ойыңызша олардың киносын көру, әндерін тыңдау шынымен біздің мәдениетімізге әсер ете ме?

-Үндістанды жақсы көрем, бірақ “үндістанданып бара жатыр…” дегенге келіспеймін. Жастарға Кореяның әсері мықты, Американың әсері де әлсіреген жоқ. Анда-санда кино қарағаннан діні, тілі өзгермейді. Адам қандай елдің музыкасын тыңдап, киносын көрсе де, отбасындағы тәрбие, қазақы орта, өзінің қазығынан ажырай алмайды. Егер тілі қазақша болса, ортасы қазақы болса, үйдегі ата-анасы қазақша тәрбие беріп отырса болды.

-Шығын шығармай тегін саяхаттауға болады дейді, яғни Автостопқа қалай қарайсыз? Өзіңіз сондай тәуекелмен саяхатқа шыққан кезіңіз бар ма?

-Мен автостоппен әлі бірде-бір саяхатқа шықпадым, себебі мен екі баланың анасы болғандықтан үйге аман-есен келуім керек. Сол екі балам үшін автостоппен саяхаттауға тәуекел ете алмай жүрмін. Ал егер жас болсам, мойнымда ана деген ешқандай жүк болмаса, ойланбастан кете берер едім.

Кітабыңыз жарыққа шыққалы жатыр, қазір байқасаңыз, блогерлердің бәрі кітап шығарып кетті ғой. Сіздің кітабыңыздың ерекшелігі неде болмақ?

-Жанға жайлы кітап болмақ. Онда 10 тармақтан немесе бірнеше нұсқаулықтан тұратын ақылдар айтылмайды. Басымнан өткен жағдайлар, менің сезінгенім, менің әдемі әсерлерім және тәжірибиеден шығарған қорытындыларым. Оқыған адам рахаттанып, ойланып, ерекше бір күй кешіп отыратындай кітап болмақ.

Сұқбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет! Табыс тілеймін!

 

Автор: Хамит Ақкүн

Фото: @dinarabolat

Total
32
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Previous Post

Арқаңыздағы безеуден қалай арылуға болады?

Next Post

Нумеролог болжамы: Үйіңізде үйлесімділік болсын!