«Махаббат пен кәсіп – өмір құндылықтарының негізгі бөлшегі. Ал сүйікті жұмыс махаббаттың ерекше формасы», – дейді Мэрилин Монро. Шынында, сүйікті кәсіп тіршілігіңе мән беретіндей. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз өз кәсібі арқылы рахат алатын және сонымен өзін қалыптырған жан.
Осы аптадағы IKERIM-дердің жаңа бейнесі – мейірім мен ақылды болмысына сіңірген жеке кәсіпкер, «SA’BI Health» сәбилерге массаж орталығының басшысы, массаж жасаушы Ботагөз Айқынқызы.
Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Ботагөз ханым. Бүгін сізбен танысып отырғаныма қуаныштымын, әңгімені массаж саласына қалай келгеніңізден бастайықшы. Әдетте адамдар өзіне деген қажеттілік туындағанда келеді ғой, сізде де солай болған ба еді?
Ботакөз Айқынқызы: Иә, менің де массажды үйренуіме балам себепкер болды. Өйткені невропатолог балама массаж алуды ұсынды. Ол 2007 жыл, Ақтөбе қаласында тұратын кезіміз. Ол жақта массаж жасайтын маманды табу өте қиын болды, сосын өзім осы салаға тереңірек үңіле түстім. Нәтижесінде бұл қызметтің маған ұнайтынын түсіндім әрі өзімнің медициналық білімінің бары да тиімді болды. Негізі Ақтөбеде емханада жұмыс істейтінмін, арасында ұсыныспен массаж жасауға да барып жүрдім. Бірақ ниетіміздің бәрі Астанаға келу болды, өйткені осында көші жолдасымның арманы еді. Ол кісінің жұмыс бабымен көшіп келдік. Астанаға қаласына бұрын келмесем де, дұрыс білмесем де «массаж жасаймын» деген жарнама бердім (күліп). Нәтидесінде мұнда да сұраныс жақсы екенін білдім.
Қарашаш Есенбай: Ақтөбеден кетіп, ниеттің бәрі Елордаға бұрылуына не себеп болды?
Ботакөз Айқынқызы: Негізі мен табиғатымнан бір орында отыра алмайтын, ізденімпаз адаммын. Үнемі білімімді жетілдіріп, дамып отырған ұнайды. Исламға келіп, намазға бет бұрдым, сол жолға түскеннен кейін дамуды тоқтатпау керектігін ұқтым. Бұл сала менің тұлға ретінде қалыптасуыма негіз болатынына деп сендім. Өйткені массаж жасаған әрі сәбилермен жұмыс істеген өзіме ұнайды. Ал үйде отырсаң адамды «Мен баланы дұрыс тәрбиеледім бе?», «мынау дұрыс болды ма?» деген секілді негізсіз сұрақтар мазалай береді ғой.
Жаңа айтқанымда алдын ала Астана тұрғындарына жарнама беру арқылы сұраныстың бар екеніне көзім жетті. Ол кезде қазіргідей ғаламтор дамымаған кезі ғой, массажды өз бетінше үйреніп алатындар жоқ еді деуге болады. Оларды үйрететін орталықтар да санаулы кез, ал мен өз бетімше көп іздендім. Алғашқы кезде физиопроцедура, электрофореза секілді қызметтерімді ұсынып, үй-үйді аралап жүрдім. Сосын бір-бірінен есту арқылы массажға шақырушылар көбейе бастады.
Қарашаш Есенбай: Ал қазіргі таңдағы ахуал қалай?
Ботакөз Айқынқызы: Қазірдің өзінде массаж жасауды үйрететін курстар жоқтың қасы, ал өз бетіңше үйрену өте қиын. Бірақ менің осы кәсіпке деген махаббатымның күштілігі болар өзім көп іздендім, жеке мұрағатымда түрлі сертификаттар бар, қазір де шеберлік сыныптарынан қалмауға тырысамын. Нұр-сұлтан қаласынан орталығымда ашқан кезде мұндағы кадр тапшылығына көзім анық жетті. Сол себепті жас аналарға, кәсіби шұғылданғысы келетіндерге арнап оқу курсын жүргізуді бастадым.
Қарашаш Есенбай: Жалпы осы салаға деген ниетіңіздің күшті болғаны көрініп тұр. Өзіңіз сияқты кадрлардың жеткіліксіз екенін де көз көріп жүр. Осы орайда, кеңес ретінде айта кетейішкі, жас аналар, баласына массаж керекті әйелдер массаж жасаушы маманды қалай таңдауы керек? Олардың біліктілігін қалай бағалаймыз?
Ботакөз Айқынқызы: Дұрыс айтасыз, қазіргі таңда дәрігерлер балаға массаж алуды жиі ұсынады. Осының себебінен массажға деген сұраныс та артып отыр. «Кімге массаж жасатамын» деген үрей билеген жас аналар емхананың есігін екі-үш ай ерте қағып, кезекке тұруға мәжбүр. Әрине емханадағы массаж жасаушылар да жақсы жұмыс істейді, бірақ адам көп болғандықтан салғырттық танытады. Ал бізде талап жоғары! Біріншіден, массаж жасаушының медициналық білімі болуы керек, одан кейін біздің орталықтағы қызметкерлерге әр балаға ерекше назар аударуды ескертіп отырамын. Мысалы, күніне жазылған 15 баланы олар жақсы таниды, қай жеріне акцентті көбірек беру керек екенін жатқа біледі. Ал әртүрлі жарнама арқылы, арзан бағадағы сылаушыны (массажист) шақырып, сан соғып қалатындар көп. Себебі ғаламторға жарнама беруші өзінің жұмыс өтілін көбейтіп, әртүрлі етіп жаза береді. Одан кейін олардың медициналық тексерістен өткенін, не қандай да бір вирус жұқтырғанын ешкі біле алмайды, оны тексеріп те жатқан жоқ. Тіпті бір сайттағы жарнама арқылы массажға шақырып, үйін тонатып алғандар да бар екен. Бізге келген аналардан осындай оқиғаларды жиі естиміз…
Мысалы, кейбірі сырттан келіп киімін ауыстырмай балаға массаж жасауға кірісіп кетеді, ондайлардың медициналық білімі жоқ, сондықтан заңдылықтарды білмейді. Енді біреулері әңгіме айтып, не шай ішіп отырып алады екен, енді әр адам әртүрлі ғой. Жалпы сенімді болу үшін кәсіби орталықтарға жүгінген дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, біз үйге жіберетін маманды кепілдікпен, арнайы ұсыныс хатпен жібереміз. Яғни біздің «SA’BI Health» сәбилерге массаж орталығына келуіне, не маманды үйіне шақыруына болады.
Қарашаш Есенбай: Қазір Астанада екі орталығыңыз бар екен, дәл сол жердегі әр жұмысқа тоқталып кетсеңіз? Оқырмандарымызға нақтырақ ақпарат бере кетсек…
Нұр-сұлтан қаласында бірінші ашылған орталығымыз қазір Қордай көшесінде жұмыс істеп жатыр. Екіншісі осы – жақында ашқан, Бөкейханов көшесінде орналасқан орталығымыз. Екі жақта да білікті, тәжірибелі мамандар қызмет көрсетеді, бәрі нәтиже үшін жұмыс істейді деп сеніммен айта аламын. Одан кейін біз тұрақты тұтынушыларымызға арнап түрлі жеңілдіктер жасап қойғанбыз. Мысалы, бір жылдық абонементтердің бағасы өте тиімді. Егер екінші, үшінші балаңызға да массаж жасатқыңыз келсе үлкен жеңілдіктер болады, ал төртінші балаға тіпті тегін қызмет көрсетеміз. Орталыққа келу ыңғайсыздық тудырса, маманды үйге құрал-жабдықтарымен бірге жібере аламыз. Бізде 0-3, 3-6, 6-9, 9-12 айлық сәбилерге және балаларға арналған арнайы бағдарламалар бар. Қазіргі көп балалар сары болып, яғни «желтушка» болып туады, одан кейін көбінің басының қысымы бар. Біз осы секілді ауруларды емдеу мақсатында жұмыс істейміз әрі ол нәтижелі болады.
Қарашаш Есенбай: «Ауруларды емдеу мақсатында» деп қалдыңыз. Нақты тоқталсақ, массаждың қандай ауруларға қаншалықты пайдасы бар?
Ботакөз Айқынқызы: Бір жасқа дейін массаждың барлық ауруларға пайдасы болады. Мысалы, кей неврологиялық ауруларға дәрі ішпей, массаж алған жақсы. Одан кейін ДЦП-ның жеңіл формаларында да массаж жақсы көмектеседі. Кейде бір бұлшық ет әлсіз, енді бірі қатты болуы мүмкін, сондайда бұлшық етті қозғап, босату керек. Негізі ішкі ағза, баланың денесі өте «ақылды». Біздің бағыттауымыз жеткілікті, сонда ол дене өзі әрі қарай дами түседі. Себебі ол жаратылысынан сондай бағдарлама барын біледі, сезінеді. Мысалы, баланың жүруінде проблема болса, аяғына акцент салып, табандарына массаж жасаймыз, нәтижесінде бала жүру жеделдейді. Ал бастағы қысым кезінде, миға оттегі жіберу керек. Ондайда массаж сәбидің табанынан бастап жасалады. Осы сияқты әр аурудың өзіне арналған жаттығулары болады. Тағы бір айта кетерлігі, мен баласының басында ауруы бар аналарына үйде емес, орталыққа келіп массаж алуды ұсынамын. Себебі бастағы аурудің көбі оттегі жетпегендіктен болады, ал сыртқа шыққан бала ауа жұтады, яғни оттегі алмасуы жақсарады. Осыны өзім сынақтан өткізіп көрдім, расында тысқа үнемі шығатын балада нәтиже жақсы болады екен. Негізі үйге шақыратын массаждар қымбатқа шығады, бірақ мен қалтамның қамын емес, баланың денсаулығын жоғары қоямын.
Қарашаш Есенбай: Массаж ДЦП-ға пайдалы деп қалдыңыз. Ғаламторда соларға арналған массаж түрлері өте көп. Осыны ана өз бетінше жасай беруіне бола ма, сіз маман ретінде қандай ойдасыз?
Ботакөз Айқынқызы: Әрине, қандай жағдай болса да массаждың жеңіл үлгілерін кез келген ана білуі тиіс. Оның үстіне бала «ерекше» болып туса, міндетті түрде үйрену керек. Кейде баланы алып жүру ауыр болуы мүмкін, сондайда анасы өзі үйде үздіксіз жасап отыруына ыңғайды. Кәсіби маманға тапсырған жақсы, бірақ ананың білуі де артық етпейді.
Қарашаш Есенбай: Менің есімде бұрындары массажды әжелеріміз жасай салушы еді ғой. Қазір жаңа өзіңіз айтқан дәрігер барлық дерлік балаға массаж тағайындайды, өйткені көбі әлсіз. Осының салдары неден болып жатыр?
Ботакөз Айқынқызы: Қазіргі балалар әлсіз, кальций жетіспейді, өйткені бізде аналардың денсаулығы нашар. Бірақ тек денсаулығында кінарат бар балалалр ғана массаж алсын деген түсінік болмауы керек, ол бәріне пайдалы. Десе де баланың саулығы анасына тікелей байланысты. Ал аналардың көбісінде жүктілік кезінде уайым, күйзеліс болады, оған экология да, тамақтануы да кері әсер етіп жатыр. Осының салдарынан да аурулар көбеюде.
Қарашаш Есенбай: Байқайсыз ба, Ботагөз ханым, қазір өзімен айналысатын аналар саны көбейді. Күйзеліс кезінде өздерін күтіп, өзімен жұмыс істейтін болды. Осы жағдай балаларың денсаулығы жақсаруына әсер етіп жатыр ма?
Ботакөз Айқынқызы: Әрине, қазіргі аналар өздерімен айналысады. Бұл өте жақсы қозғалыс деп есептеймін. Мен де үйдегі төрт балама жұмыстағы шаршауымды білдіргім келмейді. Өйткені ана бақытты болса, бала бақытты! Баланы туған соң емес, оған дейін ана өзінің саулығын ескергені жөн. Осы себептен де аналардың дамуынан оң өзгеріс болады деп ойлаймын.
Қарашаш Есенбай: Білуімше, сіздің орталығыңыз тек массаж жасаумен ғана емес, әйелдердің де дамуы үшін қызмет етеді екен?
Ботакөз Айқынқызы: Біз аналарға арнап кофе-брейк жасап, апта сайын түрлі тренерлерді шақырып отырамыз. Оған аналар жиі келеді әрі өте белсенді. Қазіргі аналар көбінесе онлайн жұмыс істеп, барлығына үлгеруге тырысып жатады. Мысалы, бізге келгенде бала массаж қабылдап жатқанда, өзі фитнеспен айналысады. Бұрындары күйеуімізге, үйге қызмет етеміз дейтін еді, қазір бәріне қызмет етуге үлгереді.
Қарашаш Есенбай: Өзіңіз қызметкерлерді қалай таңдайсыз?
Ботакөз Айқынқызы: Массаж жасаушыларды қатаң түрде өзім таңдаймын. Өйткені олар сәби үшін жауапкершілік алады, қателесуіне болмайды. Маған 10 адам келсе, біреуін әрең таңдаймын (күліп). Содан кейін ол адамға массажды өзім оқытып, одан соң ғана жұмысқа қабылдаймын. Себебі мамандарыма сенімді болып, біліктіліктеріне көз жеткізгім келеді. Өйткені олар періштемен жұмыс істейтін адамдар ғой, жан-жақты болуы шарт
Қарашаш Есенбай: Қазір үлкен орталыққа айналып отырсыздар, қаншама қызметкеріңіз бар. Жаңа қаталмын деп айтып қалдыңыз, үлкен орталық болған соң шағымдар да арасында болатын шығар?! Сондай бір оқиғалармен қызметкерді жұмыстан шығарып жіберетін кездер бола ма?
Ботакөз Айқынқызы: Тұтынушыдан шағым түссе, қызметкермен міндетті түрде жеке сөйлесемін. Әр жиналыста “Клиент әрқашан дұрыс” дегенді айтып отырамын. Қазіргі жаңа бизнес-пландарда «Тұтынушы үнемі дұрыс айтпауы мүмкін» деген заңдылықтар пайда болды ғой. Бірақ, мен ол пікірмен аса келіспеймін, керісінше тұтынушыны құрмет тұтамын. Сол үшін біз осы девиз бойынша жұмыс істейміз. Мен адамдарға үміт, махаббат, сенім сыйлаймын, осы үшін кәсібіме Құдайдың нұры түсіп жатыр деп сенемін.
Қарашаш Есенбай: Массаждан кейін адамдардың энергиясы болады, кейде өзіңді нашар сезінесің деп жиі айтады. Осы қаншалықты рас?
Ботакөз Айқынқызы: Жоқ, бұрын үй аралап жүргенде физикалық шаршау болатын, ал қазір ондайды мүлде сезінбеймін. Керісінше, жақсы энергияны сол балалардан алатын сияқтымын. Балалармен жұмыс істеу – бақыт!
Қарашаш Есенбай. Массаж жасауға болмайтын кездер бар ма? Мысалы, бала қандай жағдайда болғанда массаж қабылдамауы керек?
Ботакөз Айқынқызы: Әрине ондай кездер болуы мүмкін. Біз қоңырау шалған кезде алдын ала баланың жағдайын сұрап, біліп аламыз. «Баламның үсті бөртіп тұр» десе, мүлде қабылдай алмаймыз. Тағы бірнеше күн күтуін өтінеміз. Қайталап айта кетейін, бізге маңыздысы ақша емес, баланың саулығы. Сосын балалар ем қабылдап, егу салдырған кезде де массаж жасауға болмайды.
Қарашаш Есенбай: Баланы дамыту үшін де, өздеріңіз үздіксіз дамып отыратын шығарсыздар? Біліктіліктеріңізді қалай арттырып жүрсіздер?
Ботакөз Айқынқызы: Міндетті түрде массажға қатысты шеберлік сыныптарынан, конференция секілді жиындардан қалмауға тырысамын. Жақында ғана «Ұлы дала емі» деген Алматыдағы іш шараға қатысып келдім, енді алдағы уақытта шетелдік тәжірибелерді көруді көздеп жүрмін.
Қарашаш Есенбай: Рақмет, Ботакөз ханым! Ісіңіз алға баса берсін, бастысы барлық баланың дені сау болғай!
https://youtu.be/L7AbfxEuJNE
Фото: Жеке мұрағаттан
Instagram: detyam.massazh.astana
Ikerim.kz