Алтынай Нұрбек: Алматыға алғаш келгенімде театр мені баурап алды

Қайырлы күн! Алтынай ханым, сіздің атамекенге келуіңіздің өзі бір қызық оқиға екен. Әңгімені содан бастайықшы?

Мен негізі Алтайдың аржағында дүниеге келгенмін. Сонда мектеп пен колледжді бітіріп, «әнші боламын» деген арманмен атамекенге келдім. Бірақ келген кезде оқуға құжат тапсыратын уақыт өтіп кетіпті. Сосын сабырсыз мінезіме салып «Тағы бір жылға қалып қойдым, Қытайға қайтамын» деп ата-анама хабарласты, өзімнің келгеніме 4-5 күн ғана болған. Әкем «Шыдай тұр, мен келемін» деді. Осы кезде бір танысым «Сенің ән айтатын өнерің бар еді ғой, Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойы болайын деп жатыр. Соған әнші, ақынды іріктеуде, Жүрсін Ерманов деген кісіге жолығасың, барып көрсеңші» деді. Мен Жүрсін Ермановты бұрын тек айтыстың касеталарынан көргенмін ғой, алып-ұшып іріктеу болып жатқан Аграрлық университетке бардым. Кезегім келгенде «Қазақ вальсін» орындап берген едім, бірден «Сен, барып аранжировка жасата ғой. Екі күннен кейін Райымбек батырдың мерейтойына Қарасазға кетеміз, сосын Республика сарайында концерт болады» деді. Сол кезде өмірімде бірінші рет аранжировка жасаттым (күліп), әрі қарай ұйымдастырушылар «Еркенұрдан» костюм алып берді. Солай жолым болып, өзім сүйіп тыңдайтын әншілердің кештері өтетін Республика сарайында ән айттым. Сол шақта менен бақытты адам болмаған шығар?! Нәтижесінде Қазақстанда қалдым.

Сол концертте ән айтқан өнеріңізді бағалап, оқуға шақырған университтерде болған екен ғой?

Иә, ол кезді есіме алсам кейде таң қаламын. Концертте Жүрсін Ерман ағамыз: «Елге келгеніне 10 күн ғана болды. Оқуға тапсырып үлгере алмай қалған, мына жерде ректорлар болса грант беруге болады» деп айтып барып, мен хабарлады. Ән салып болғаннан кейін, сахнаның сыртында «Қыздар университеті» мен «Аграрлық университеттің» адамдары әпкеммен сөйлескені есімде. Өйткені ол кезде мен қазақшаның өзін жартылай түсінетін едім, ал орыс тілін мүлде білмеймін. Олар орысша сөйлесті, себебі мен өнерден келгесін басқа мамандыққа барғым келмейтін еді. Аграрлық университеттен бір кісі «Оқуға түскенше подкурсты оқы, бізде барлық жағдай жасалады» деді. Шынымды айтсам, ол университте нені оқытатынын да білмеймін экономика мамандығына түсіппін. Бірақ сол жерден оқу, жазуды үйреніп шықтым, әрі көптеген концерттерге қатыстым. Екінші жылы жан-жақты болу үшін Жүргеновке муздрамаға тапсырып, оқуға түстім. Маған тіл сындыру, әрі ән айтқанда сахнадағы харизмамды қалыптастыру аса қажет еді. Солай муздрамадан көп дүние үйреніп, білімімді толықтырып шықтым.

Ал балалық шығыңыз өткен Алтай өлкесін еске алғанда ойыңызға бірінші не оралады. Қандай бала болған едіңіз?

Мен негізі «Қарты бар үй – қазыналы үй» дейді ғой, сол сияқты атамның әкесі үлкен атамыз бар, әжелері бар шаңырақта өскен ерке қыз болдым. Үлкен кісілерімсіз болған соң той-жиын жиі болып, қонақтар көп келетін. Есімде қалғаны қонақтар келсе домбыра тартылып, ән айтылып көңілді отырыс болатын. Сосын арасында маған ән айтқызатын еді. Неше түрлі әндерді анам үйрететін, былайша айтқанда әнмен оянып, әнмен ұйықтайтын едік қой. Қазіргі әнге деген құмарлығым сол кезде оянған шығар деп ойлаймын.

Сосын қатты есімде қалғаны, атам молда болған. Күн сайын азан шақыратын еді, сонда мен де барып азан шақыруға аңсарым ауатын. Бірақ «қыз бала азан шақырмайды» деп қарсы болатын. Мен ініммен таласып, атам маған тыйым салғанда қатты ренжігенмін.

Ән айтудан бөлек менің спортқа да қызығушылығым болды, әрі біздің жақта спортқа көбірек баулитын сияқты. Күзде мақта теруден жарыс болса, жазда жүгіру дегендей. Сондай спорттық жарыстарға көп қатысатынмын. Егер жүлдемен келсең, өнерлі болсаң дәрежең бір сатыға көтерліп қалатынын сол кезде түсінетінмін. Тағы да басқа қызық кездер ойға оралады ғой. Сірә, оны бір сұқбатта тауыса алмаспыз… (күліп).

Жақсы, бірақ әдетте қыздардың өнер жолына түсуге ата-анасы қарсы болып жатады ғой. Ал сізді өздері баулып, әкеңіз келіп оқуға түсірген екен. Ата-анаңыз бен бауырларыңыз туралы айта кетейікші?

Әуелде менің спортқа барғым келген. Өйткені спорттық жарыстарға жиі қатысып, бәрінен жүлдемен қайтатынмын. Қазір бойымның ұзын болғандығы сол бала кезден спортпен айналысқандықтан шығар (күліп)?! Ал өнерге келуім қызықтау, алғашында кішкентай кезімде Қытайдың басқа қаласындағы би мектебіне қабылданған едім, бірақ ата-анам жібермей қойған. Кейін 15 жасымда әкем «осы қыздан бір нәрсе шығады» деп мені өнерге жіберді. Сөйтіп өнердегі өмірім Қытайдағы Санджук қаласында басталды. Онда мен аккордеон бөлімінде оқыдым, оған қоса біз ол жерден жалпы музыкалық білім алып шықтым. Иә, бірақ әкем де, анам да ұзақ ойланып, бір жіберіп алған соң кейін бетімнен қақпай, маған, өнеріме сеніп келісімін берді. Оларға үлкен рахмет!  Менің әке – шешем өте қарапайым жандар, әкем азын аулақ сауда-сатықпен айналысады, ал анам қарапайым үй қамқоршысы. Үйде Данияр, Гүлнар деген бауырларым бар, екеуі де маған еліктеп өсті десем болады. Себебі мен барлық іс-шаралардың басында жүретін едім.   Мен атамекенге келген соң байырларымды да осында жіберген болатын. Бірақ қазір бәрі сол Қытайда тұрады. Ұл қай жақта болса отбасы сол жақта болады дейді ғой, бауырым үйленгенен соң сонда кетті. Ал, сіңілім өкінішке орай, Қытайға барып келем деп, ерекше саяси жағдайларға байланысты келе алмай жатыр. Бірақ келеді деген үмітім бар.

Елге келген соң актерлік мамандыққа оқуға түсіпсіз. Бірақ даусыңыз ерекше, неге вокалыңыз керемет бола тұра, актерлік мамандықты таңдадыңыз?

Өмірде бәрі жайдан жай бола бермейді, осылай болуы керек болған шығар?! Елге келген күнімнің ертесіне мені әпкем Әуезов театрына алып барды. Шыны керек, Қытайда театр болмады, мүлде барған емеспін. Сол үшін маған театр қызық әлем болды. Біз барған күні «Сыған серенадасы» қойылымы болып жатыр екен, маған қатты әсер еткені сонша «Актриса боламын» деп шештім. Өйткені сахнаға қарасам би, ән, поэзия, актерлық шеберлік бәрі бар екен. Қазір актерлік мамандыққа түскеніме, ұстазымның Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбаев болғаны үшін қуанамын, шүкір етемін. Бұлар мені шыңдады, өсірді, пісірді. Оған қазіргі таңда қызмет етіп жүрген «Жастар» театры мен академияда жүрген жылдарым куә. Бір образға кіру үшін өзін – өзі ұстауың, сахналық шеберлігің мен тілің, ән мен биің сай болып, жан-жақты болуың керек. Ол адамды дамыта түседі.

Бірақ академияны бітір болғаннан кейін, Нұр-сұлтан қаласына келіп «Шабыт» Өнер Университтінде магистратураны вокал бөлімінде жалғасытрдым. Одан бөлек білімімді жетілдіру үшін Қытайдың Шанхай қаласында тағылымдамадан өтіп келдім. Онда даусым дұрыс қойылса деген арманыма жетіп қайттым. Білімді қусаң құдық секілді қаза береді екенсің, әлі де оқығым келеді. Себебі білетінімізден білмейтініміз көп.

«Театр мені бірден баурады» дейсіз ғой, қазір өзіңіз театрда қызмет етесіз. Әр актер бір рөлі үшін қанша уақыт сарп етіп дайындалады, соның жай-күйін түсінуге тырысады. Сіз үшін де әр рөл сондай бағалы шығар, дегенмен сізге сомдау қызық әрі қиын болған рөліңіз қандай еді? Болашақта қай рөлді сомдауды армандайсыз?

Иә, театрдың адамды баурамауы мүмкін емес қой. Ондағы ән рөл актер үшін қымбат, бағалы. Маған тарихи-мюзиклдің қойылымдаға Мария деген образыма кіру қиын болған. Ол кезде екінші курс оқимыз ғой, Мария деген біреуге ғашық кейіпкер болатын. Ғашық болып көрмегендіктен ба, осы сахна қиын болды, серіктесіме «ғашық» бола алмай қиналғанмын (күліп). Бірақ кейін үйреніп кеттік қой. Осыф жерде бір қызық оқиғамды айта кетейінші. Осы қойылым Нұр-сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында сахналатын болды. Дайындық кезі болатын, сахна сыртында секіріп дайындалып жатамыз, сол екпінмен жүгіріп сахнаға шықсам жер су екен, аяғым тайып шалқамннан құлағанмын. Бірден есімді жинауға тырыстым. Сол кезде ағайлар: «Сахнаның киесі бар! Сен оны қабылдамасаң, ол да сені қабылдамайды» деп айтқан болатын. Кейін түсіндім ғой, шынымен сол кезде «Осы Мария, бәле болды» ғой деп тұрған едім.

Екінші мамандығыңыз вокалист, сол сала бойынша да тоқтала кетейікші. Даусыңыз керемет, конкурстық дауыс деп айтуға болады. Бала кезімде тек жүлдемен қайтатынмын деп едіңіз. Қазір де өзіңізді халықаралық байқауларда сынау ойыңызда бар ма?

Жаңа айтқанымдай бала кезімнен ән байқауларына жиі қатыстым. Колледж оқып жүрген кезде де жыл сайын бас жүлде алып жүрдім. Кейіннен Қазақстанға келген соң театрға кіріп, ол дүниелерді ақсатып алдым. Мойындау керек оған кейде ішім қынжылады.

Бірақ ән әлеміне келу жоспарыңызда бар ғой. Бағытыңыз классика, бірақ бұл бәрінің көңілінен шығатын жанр емес. Оны қай жағынан ерекшелегіңіз келеді?

Қай бағытта ән айтатынымды, нендей өзгеріс боларын алда көре жатармыз. Бірақ өзіме классиканың ұнайтыны рас. Мен эстрада, дәстүр деп бөлінетінін білмеген кезде-ақ, классикалық әндерді жақсы көретінмін. Сондықтан сол бағытты таңдадым. Арманым – әлемдік шығармалардың ерекшеліктерін ұлттық музыкамен қабыстыру.

Әрине маған да қазіргі музыкалар ұнайды, бірақ ол уақытша дүние. Оны тыңдап болған соң бәрібір ұлттық болмысы бар әндерді тыңдағың келіп тұрады. Сондықтан классика мен ұлттық әндер мәңгілік деп есептеймін.

Осы жерде жақында шу болған «Бұлбұл» әнінің жайы не болғанын біле кетсек… Сіздің дауысыңызбен ән айтып жүрген қыз жауап берді ме?

Ал «Бұлбұл» әнінің басқа біреу шырқап жүргенін осыған дейін өнердегі достарым тойға барғанда, іссапарға шыққанда айтып келеті, өзіме келіп «Бұл сенің дауысың ба?» дегендер де бар. «Бір қыз сенің дауысыңмен айтып жүр» деген әңгімені соңғы 3-4 жылдан бері естіп жүрмін. Бірақ өзім көзіммен көріп, құлағыммен естімегесін аса сене қоймадым. Өнерде ондай лас дүние болады деп ойламаған екенмін. Дәл осы оқиға былай басталды, желіде тараған күні видеоны кешкісін құрбым жіберді. Бірінші баланың актерлік шеберлігіне тәнті болып, тамсанып отырдым. Сосын «Мен қай тойда айттым» деп ойланып отырсам, видеода басқа қыз тұр. Таң қалып қайта-қайта көрдім, бүлдіршінің пародиясына риза болып отырғанда басқа қыздың түрін көріп көңілім түсті. «Қалай айтып тұр» деңізші, менің плюсімді қосып, тек аузын жыбырлатып тұр. Ол видео менде сақтаулы.т Ол қызды дос-таныстар арқылы таптым. Мен хабарласқан кезде «Біз дұрыс істемедік, ұят іс жасадық. Қазір жолда келе жатырмыз, сосын хабарласайық» деген еді, бірақ қайта хабарласқан жоқ. Мен күттім, қазақтың қыздары болғасын тартысып, қырылып жатпайық, тек «Қателігін мойындап видеоүндеу жіберсін» деген ғана шартым болған. Өйткені ол да, мен де өнерде жүргендіктен, халықтан ұят болады ғой. Өнерде жүріп халықты алдауға болмайды, өзіне де осылай айтып, «видео жібер, басқа ештеңе керек емес» дедім. Әйтпесе, ақшасын ал, сотқа жүгін деген сияқты кеңестер айтылды ғой… Дегенмен ол қыз маған мүлде хабарласпады. Енді қазір сот арқылы шешуге тырысып жатырмын. Осы орайда мен өнерді бқлас ластамайық деп айта кеткім келеді.

Барлығы оңынан шешілсін. Енді біз актриса Алтынайдың жеке өмірі туралы да білгіміз келеді?

Рақмет! Ал жеке өммірге келер болсақ, өнер деп жүріп өз өмірімізді ұмытып кеткен сияқтымыз… Бірақ, бұрын мен отбасы құруға дайын болмаған секілдімін. Дәл қазір өзімнің толыққанды түсінетінімді, дайын екенімді сезіп жүрмін. Сондықтан жақын арада бәлкім жақсылық болып қалар деген үміт бар. Өнерімді шектемейтін азамат болса деймін.

Жақсы, сізге табыстар тілейміз. Сұқбатқа келіскеніңізге рақмет!

 

Автор: Қарашаш Есенбай

Дереккөз: “Жұлдыздар отбасы” журналы

Фото: Жеке мұрағаттан

 

Total
0
Shares
Previous Post

Əкем бай болсын демеңіз, бар болсын деңіз…

Next Post

Ойлаудың өзі ұмытпау екен ғой…