Желтоқсан 2, 2020
Banner Content
Бөлісу

Адам болмысының қалыптасуы оның балалық шағынан бастау алады. Оған тек пен қанның да әсері бары ақиқат. Мұны ғылым да дәлелдейді. 

Жас ғалым Амалбектің де бүгінгі болмысының қалыптасуына атасының еңбегінің орасан екенін мына естеліктен аңғаруға болады. 

                                                                                                                              

Киелі Қазығұрт тауының баурайы, сол таудың қала жақ беткейіндегі, Әңгірата ауылы менің ата-бабаларымның өсіп-өнген құтты мекені. Ауыл маңындағы Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиесі мекендеген киелі жердің дәл етегінде мен үшін ең қымбат және ең аяулы жандар Өміртай атам мен Алтынкүл апамның бейіті көрінеді. Біз туған жерге барған сайын осы бір киелі мекенге тоқтап, өмірден өткен жандарға қол жайып, құран бағыштаймыз.

Атам Өміртай Танабайұлы адамгершілік ар-ұжданымен, өнегелі қадір-қасиетімен елге, өз ортасына сыйлы болған жан. Жүрегімде ұмытылмастай боп ізін қалдырған атам жайында тебіренбей ойтолғау мүмкін емес.

Балалық шағымның ең бір шуақты сәттеріне айналған сол жылдар да ата тағылымы, апа өнегесі менің өмірімнің бастау бұлағы еді. Атамның ақ батасы, асыл тілектері, апамның еркелеткен балдай тәтті сөздері жанымда жатталып қалып, саналы ғұмырыма жол ашқандай.

Ұлағатты ұстаздықтың ұлы жолында жүрген атам немерелеріне ең мейірбан ата еді. Әр сенбіде біздерді ауылға апаратын. Ауылға жақындаған сайын атам жайдары қалпымен: «міне, балам, біздің ата қонысымыз, кең жайлауымыз»,- дейтін. Осы кездерде Қазығұрт тауы, біздің шағын ғана ауылымыз және Қырық Шілтен әулиесі алақанға салғандай анық көрініп жатады. Мені табиғаттың осы бір әдемі көрінісі қатты қызықтыратын. Атам әркез: «ей, менің кішкентай балапаным»,- деп айналып қоятын да, ыңылдап:

Туған жерім Қазығұрт етегінде,

Өмір кештім тағдырдың жетегінде…..деп, жай ғана әндететін. Біздер атамның әніне  жымиып күліп отырамыз. Ауылға жеткенше  атам, Қазығұрт тауын, Кеме қалған шыңын, аңыз болып таралған киелі бұлақтарды әңгімелейтін. Туған жердің қадір-қасиетін танытудан еш жалықпайтын. Үйге жеткен соң атамның арқасы кеңіп, өз қолымен қабырғасын  қалаған қара шаңырағында рахаттана дем алатын. Ал, дастархан басында бәріміз Қарлығаш жеңшемнің айранын тамсана ішіп, тандыр нанын сүйсіне жейтінбіз. Қаланың тар қапасынан арылған біздер, бұдан соң, бау аралап, мал қайырып, ауыл тіршілігіне араласып кетеміз.

Бірде апам мені көрші үйдің құдайысына ертіп барған. Үш-төрт бала бір есекті қоршап тұр екен, мен де тұра қалдым. Бір кезде есектің егесі болу керек, бір кісі мен ұстай алып, мұрнымнан шертіп жіберді. Мен жылап үйге қайттым. Атам: «кімнің баласысың  деп сұрады ма?»,- деді ашуланып. Мен: «жоқ, Жұмабай деген ата екен»,- дедім. Кейін атам: «қап, мына Жұмабайды қайтсек екен»,- дейтін күліп. Жаздың жайма шуақ күндерінің бірінде атам ортамызда отырып: «-Әй, Жұмабай, Жұмабай,

Қалдың маған ұнамай.

Немеремді ұрыпсың,

Аты-жөнін сұрамай.

Бұл қорлыққа шыдамай,

Балам келіп жыладай.

Тұмсығыңнан бір ұрсам,

Қаласың ғой тұрамай»,- деп өлең шығарды. Өлеңнің соңғы екі жолын даусын көтеріп, қабағын түйіп, жұдырығын көрсете, қайта-қайта айтады. Апам да атамды қостап өлеңге риза болып: «ол шалдың менің баламда несі бар ей»,- деп күлетін. Жұмабай атадан менің ақымды атам, осылай алған болатын. Атам осындай көңілі көтеріліп отырған кездерде, өлеңді әдемі ұйқастыратын. Бізде шала-шұрпы қосыла кететінбіз. Бірде екі жасар Ақберенді алдына алып:

«Ақберен -ау, Ақберен, Алатаудай бақ берем, аппақ тұлпар ап берем» -деді.

Мен де атама ілесе: «Ақберен-ау, Ақберен, саған машина ап берем, қалтаңа кәмпит сап берем», – дедім. Осы кезде  әкем: «Ақберен-ау, Ақберен, саған сұлу келіншек ап берем», -деді. Атам: «Дәркен озып кетті», – деп балаша қуанған.

Иә, атамның жаздай жадыраған көңілі, шуағы мол жан жылуы, біздерді әрдайым осылай жылытатын. Атам таудай тұлғасымен өте балажан адам еді. Барлық немерелерін жақсы көретін. Бәрін де туған күнімен құттықтап, айналып, еркелететін. Ал, бізді «менің достарым»,-деп қоятын.Әлі есімде бірде ауламызда серуендеп жүргенбіз. Атам ақ бұлттарға қарап: «қараңдар, мына бұлттар біздің ауылға кетіп бара жатыр екен»,-деді де:

«Ақ бұлттар, көк бұлттар,

Ауылға сәлем айта бар.

Дәрменнің көңілі хош болса,

Атаңның көңілі жай табар»…деген. Атам шығарған осы бір өлең бізге қатты ұнайтын. Одан кейін : «Енді, сендер шығарыңдар»,- деп, біздерді ізденуге, қиялдауға жетелейтін. Біз де өзімізше ақ бұлттарға сәлем айтатынбыз. Есейе келе түсінгенім, атам сөз асылының кәусар бұлағынан сусындатып қана қоймай, өз бойындағы табиғат берген ақынжандылық қасиетті де біздерге үлгі етеді  екен.

Біз қалада тұрдық. Атам үлкен оқу орнында дәріс беретін. Кешкісін жұмыстан шаршап келсе де, қабақ шытпай үйге көңілді кіреді. Кешкі астан соң  атамызға ілесіп кішкене ғана ауламызға серуендеуге шығамыз. Атам жеңіл көйлегін шешіп, үнемі қолын арқасына айқастыра жүретін. Біраз жүріп,  өзінің секілдеуік кереуетіне жатып дем алатын. Ал біз атамның айналасын қоршай отырамыз. Бізден: «Ал, балапандарым, бүгін не істедіңдер?»,-дейтін. Әдеттегідей осындай сәттер қызық әңгімелерге ұласатын. Атамның алпамсадай кесек бітімін күш атасы Қажымұқанға  ұқсатамыз. Сондай кездерде риясыз күлетін де: «Сендердің аталарың да палуан болған»,- дейтін. Кереуетінде жайлы жатқан атам, түрлі ертегілерді, аңыздарды асықпай айтатын. Біздерге қызық ат қойып, ертегі кейіпкерлеріне айналатынбыз. Шапағат екеумізді: «баяғыда қурай қыз бен қаңылтыр бала болыпты»,-деп күлдіретін. Атамның күлкісі жарқын да мейірлі еді. Үнемі біздерді мақал-мәтелден жарыстыратын. Кейде: «кәне, қайсың менімен жарысатын»,- дейді. Атам біз сияқты жаттанды мақалдарды емес, өз жанынан шығарған мақалдарды айтатын. Болмасаң да ұқсап бақ деп, мен де өзімше мақал құрастырып жіберемін. Сонда атам: -Ойһой! «менің, балам мықты»,-дейді. Кейде келіспей: «ой, сондай да мақал бола ма?», -дейтін. Жұмбақтарды да қызықты етіп құрастыратын. Одан соң атамның алдында тік тұрып, түрлі өлеңдерді жатқа оқитынбыз. Осындай қайталанбас сәттерді еске ала келе, өмірі өнегеге толы атамыз біздің бойымызға  халықтық сөз өнерінің інжу-маржанын сіңіре отырып, өресі кең, өрісі биік ұрпақ тәрбиелеуді көздеген секілді.

Кешкісін атам өз бөлмесінде ұзақ-сонар жазу жазатын. Кейде мені шақырып: «кел, балам, біраз әңгімелесейік»,-дейтін. Сондай кездерде шешендік сөздерді, жыл қайыруды, жеті ата жайында айтатын. Кейбір уақыттарда өзінің бала кезінде қолына түскен кітаптарды талғамай оқып тауысқанын, өз балаларының да мектеп қабырғасында үлгілі болғандығын әңгімелейтін. Біршама уақыт өткен соң,  балам: «мен жазуымды аяқтайын»- дейтін. Ал, дастархан басында әкем екеуі әдебиет жайынды, тарих жайында әңгіме қозғайтын. Әсіресе хандар мен билер тарихы маған қатты ұнайтын.

Біз атамның көңіл-күйін қас-қабағынан білетінбіз. Бізге әрдайым салмақты, сабырлы болуды ескертетін. Теріс қылықты қаламайтын атам: «өзім жақсы болғанмен, ашуым жаман»,-дейтін. Бірде атам Астана қаласынан «Астана» деген жазуы бар қораптағы шокалад әкелген. Апам оны: «барлығы жиналғанда ашамыз»,-деп тығып қойды. Көп ұзамай мен сол қораптағы шокаладты тауып, шетінен біреуін ғана алып, жеп көргем. Өте тәтті екен. Одан соң, күнде бір-екеуден қалай жеп қойғанымды білмей қалдым. Бір күні шай ішіп отырғанымызда апам келіп: «әй, мына шокаладты кім ашқан»,-деді.  Мен үндемей қалдым. Апам менің жегенімді сезіп, дауыс көтеріп ұрыспады. Атам жай ғана: «кеше бір тышқан жүрген еді, ақылды екен, сендерге де қалдырыпты»,-деп әзілге айналдырып жіберді. Мен өз ісіме қатты ұялдым.

Міне, ата рухына арнаған осы бір шағын естелігімде, өзімді аялап өсірген аяулы апамды айтпай кетуім мүмкін емес. Маған мына ғажайып дүниенің сырын, өмір жайлы, ненің жақсы, ненің жаман екенін ұқтырған, қолыма қалам ұстатып жазу үйреткен, әліппе оқытып, білім әлеміне жетелеген Алтынкүл апамның орны менің өмірімде айрықша еді. Тоғыз жасқа аяқ бассам да апамның ып-ыстық құшағында тәтті ұйқыға кететінмін. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, балалығымды кешіріп, қайда барса да мені жетелеп жүретін апашым, мезгілсіз дүниеден озды. Бұл біз үшін орны толмас қайғы еді.

Жаз мезгілі, атам ауырғалы үйімізді ауыр үнсіздік басқан. Шілде айының аптап ыстығы атама ауыр тиді. Үйді қанша салқындатсақ та халі нашарлай түскен атам, Өркен көкеме: «енді келгенде  ауылдың суынан әкелші»-деген. Атам соңғы деміне дейін туған жердің суын қасиет тұтып, жүзін шайып: «бұл ауылдың суы ма?»-деп сұрап жатыпты.

Осыдай қиын күндердің бірінде әкем: «Амалбек, атаңа кіріп шықшы»,-деді. Мен ойланып тұрып қалдым. Себебі, соңғы уақыттарда атамның бөлмесіне бізді кіргізбей де қойған. Алып-ұшып баратын әдетімді тиып, ақырын басып,  бөлмеге кірдім. Атам, адам танымастай жүдеп кетіпті. Мен жақындап бардым. Атам әп-әлсіз қолымен басымнан сипады. Одан соң көзін жұмып бара ғой дегендей болды. Бір кездері еркелей барып, мойнына асылатын, дархан дария көңілді атаммен мен осылай қоштастым. Бірер күннен соң атам өмір атты ұлы көштен өтті.

Міне, содан бері жеті жыл желдей жүйіткіп өте шықты.Үйдегі үлкен кітапханадан қай кітапты алып, қай бетін ашып қарасам да атамның өзіне ғана тән қаламмен салған белгісін көремін. Көз алдыма көзілдірігін киіп, бір қолына қалам ұстап, кітаптан бас алмай оқып отырған атамның бейнесі елестейді.

Жаратылысынан жаны таза, жүрегі нәзік  атамның тағдыр жолындағы «ой-толғаныстары»  жазылған жазбаларын оқып отырамын. Өз  науқасынан сезіктенген атам, күнделігіне мынадай тілек жазып қалдырған екен.

«19.IX.02  Алты балапаным!.. алты серігіңмен, өндіріп өсірген шөжелеріңе тілегім. Денсаулықтарыңды күтіңдер. Тату болыңдар. Үлкендерің Назираны тыңдаңдар»-депті. Атамның ұрпағы үшін арнайы жазған соңғы тілхаты біз үшін өте қымбат көрінеді.  Сонымен қатар өзім туралы жазылған ойлар да мені қатты толғандырады. «22.XII.01 Ең қысқа күн. Кішкентай досымды мектебіне дейін апарып салдым. Оның үлкен досқа  айналуын тілеймін. Келешекте алып тірегім болса деп үміт артамын.», «11.II.02 Амалбектің айтқаны…. Өзі сыншыл, байқампаз, жомарт болады… Аман, өмірлі болсын!», «27.II.02 Бүгін аздап қатал болдым. Амалбек пен Сымбат орынға таласып… Шайды үн-түнсіз іштік.» Иә, қай жолдарды оқысам да атамның жан тебіренісін, жүрек лүпілін естігендей боламын. Айналасында жүрген өрімдей балапандарының ой-өрісіне, сөз саптауына, аяқ алысына мән беріп отырғандығын  ұғамын.

Уақыт деген зымыран емес пе. Асыл атамның кең қанатының астында күліп-ойнап, алаңсыз жүретін  балалығыма сағынышпен қараймын. Міне, биыл он бірінші сыныптың табалдырығын да аттадым. Ата  көрген оқ жонар демекші, ата өнегесінің нәрі бойыма дарыған болар, қалалық және облыстық білім байқауларында ешкімге дес бермей, алдыңғы орындарды иемденіп келемін. Арманым, ата үмітін ақтайтын азамат болсам деймін.

Асқар тау алыстаған сайын биіктей беретіні секілді,  атамның жұмбақ болмысы уақыт өткен сайын жаңа қырынан көріне бермек. Менің жадымда Өміртай атам, мейірбан кіршіксіз көңілімен, нар тұлғалы кескін-келбетімен, биік парасатымен, даладай кең құшағымен, «айналайын» деген асыл сөзімен мәңгі сақталмақ. Асыл ата!  Мекенің бейіштен болғай!

2010 жыл, қыркүйек


Бөлісу
Banner Content
Тегтер: , , , ,

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

5 × three =

kkKazakh
kkKazakh