Мамыр 26, 2020
Banner Content
Бөлісу

#ЗорлыққаЖолЖоқ

Біз үйде үш қызбыз. Бала кезде үйде болатұғын мерекелік дастархандар басында жиналған жұрт әке-шешеме ұмытпастан ұл тілейтін үнемі. Кей келіншек міндеті санайтын ба еді, әйтеуір, анама ұл табудың небір ырым-жырымын кеңес ететін. Кей еркек кіндікті әкеме «холостыми стреляешь» (аудармасы – оқсыз зарядпен ғана атады екенсің) сынды біртүрлі әзілдер айтатын. Біз осы іспеттілерге құлақ етіміз үйреніп өстік. Бірақ, бала санамызбен сонда былай ойлайтынбыз: перзентті беретін Құдай болса, сәби жынысын жоспарлап туу адам қолынан келмесе, мыналардың бәрі не ақыл айта береді дер едік. Біреу мөлшерінен артық көлгірсіп кетсе, әкем «Үш қызым үш ұлға бергісіз» деп сарт кесетін. Сондайда, әлгі көптің алдында еңсеміз одан бетер тіктеліп, «Көрсетеміз әлі» деп жарқ қарап, найзағай көздерімізбен бір-ақ ататынбыз. Баламыз ғой) Әр орынсыз айтылған сөзді жүрекке жақын қабылдап, ызаға булыққан сәттерде, анам «миының жетер биігі сол болса, оған ашуланып та абырой таппайсың, қызым» дейтін. Бірақ, «кінәміз – қыз боп туғаннан ба», жұрт қалауын өз қалауымыз еткеннен бе, біз де Құдайдан іні сұрадық. Бермеді. Қайыры.



Кейін сана толысты. Біз есейдік. Бір жағы, сол жұрттың сөзі қайрады ма, әйтеуір, шынында кей ұлға бергісіз боп бойжеттік. Шүкір. Ата-анамның биологиялық жасы артқандығынан шығар, жұрт та бұрынғы жырын тоқтатты. Бірақ, оның орнына «енді әке-шешелеріңді үшеуің үш жақтап демейсіңдер да» деген соңы үш нүктелі пікір һәм демонстрациялық күрсіну естиміз кейде. Әкем сондайда «Күнімізді бұл үшеуіне қаратпасын» дейді. Анам екеуі «бізді қартайғанда бағасыңдар» деп айтып көрген емес. Есесіне, қолымыздан келгенше, осы екеуді разы қылудың шын ниеті бар.

Бақытымызға орай, Құдай біз үшеуді екі ғажап адамға перзент етіпті. Себебі, қыздың көптігін ақау санайтын талай ата-ананы көрдік. Қыздың дамуына салынатын инвестицияны әурешілік деп білетін, қыз пікірімен еш санаспайтын надандар да бар. Миссияң – күйеуге тию, бала табу деп, он екіден бір гүлі ашылмаған қыздың тағдырына қалауынша төрелік ететіндер бар. Дайынсың ба, жоқ па, бәрібір, «жасың келді, байға ти» деп құт-құттайтындар да тола. Адам құрлы көрмей, алып қашатындар – бөлек әңгіме. Үрейі ұшқан қызды одан әрі басынып, «ал, атта менен» деп, табалдырық алдына жата қалатын, қарттығынан ақылы емес, басындағы самайы ғана хабар беретін әжелердің алдыңғылардан артықшылығы да жоқ. Сұлуға үйленіп алып, оның қалауын тұншықтырып, «жұмыс істемейсің» деу еркекке тән емес не деген сенімсіздік һәм пасықтық?! Еңбегі орасан, білікті әйелді көз көре тұра, мансаптық игілікті бар өмірлік жетістігі – еркек боп туғанға ұсынатындардыкы қай сасқаны? Осының бәрі – әйелге жасалған зорлық емей немене?! Зорлық – физикалық қана емес, психологиялық әрекет. Түбі адамның өзін жегідей жеуіне апаратын, ми түбіне дейін таралатын у.

Менің бұл жазбам, акцияға үлесім феминистік сипатта ма, басқа ма, білмеймін. Өзімді еш абсолютті тарапқа жатқызбаймын да. Тек ұлды ұл болғаны үшін асырып, қызды қыз болғаны үшін түсіретін қоғамды мойындамаймын. Қыз бен ұлдың тәрбиесін қазақ екі бөліп қараған шығар, бірақ, қызды кемсіту үшін, тынысын тарылту үшін емес. Қыздың орны қашанда төрде болған. Себебі, қазақ нәзік жандыны құт жағалайды деп сенген, құрметтеген. Ендеше, өз құтын өз қолымен ұшыруға айналған бұ қазаққа не көрінді екен дейсің кейде еріксіз…

 

Автор: Назгүл Назар

Инстаграм: nazgul_nazar

Фото: Жеке мұрағаттан


Бөлісу
Banner Content

0 Пікірлер

Пікір қалдыру

16 − 7 =

kkKazakh
kkKazakh