Перде… - Ikerim.kz

Перде…

Бұл жолы терезенің де қыздың да емес, беттің пердесі хақында…

Бізге оңай жек көріп тұрып жақсы көру, ұнатпай тұрып күле қарау, мақтап тұрып жамандау, құшақтап тұрып пышақтау оңай…. себебі біз айуаннан өткен айлалы адамбыз. Түсінгім келмейді. Қабылдаудан қашамын. Мойындауға батылым бармайды. Айналамыздағы арда тұтып жүрген ардақтыларымыз, алдыңғы арба боп жол көрсетер ізашарларымыз пердесін шешкен кездегі бейнесінен қорқамын. Көрдім… өз көзіммен көрдім де «Мұндайда бола ма, әлде мен әлі баламын ба?!» дегеннен басқа ешнәрсе айта алмадым, айта алмаймын да. О не дегеніңіз, ол ӨНЕР ғой! Таңданысымды жасыра алмаған маған олар тың дәріс оқыды. 5 минут бұрын дастарханынан асын ішіп, бетіне «сеннен асқан адам жоқ» деген жанды бір-ақ сәт құзға құлата салу, бір-ақ сәт батпаққа батыра салу. Жаманның жамандығын айтқаннан сен жақсы боласың ба?! Басқа келер пәленің неден екенін білсек те, «О, құдай, бұл маған не үшін?!» дейміз. Ал сен біреуді қараларда, жамандарда не үшін екенін ойландың ба?! Жо-жоқ, мен кіршіксіз, мінсіз емеспін. Бірақ соған ұмтыламын. Себебі емген сүтім ақ, ішкен асым адал, киген киімім таза, ал жаным неге қара, сөзім неге лас болуы керек?! Себеп бар ма?! Дұрыс, бәріміз пендеміз. Ал пенденің жақсылығынан жаман қыры көп деп кім айтты. Өлтіреміз тіліміз бен сөзімізбен, сосын өзіміз де өлеміз. Себебі жүрегімізде иман, сөзімізде пәтуа, ісімізде береке қалмады. Ендеше өлік болмай немене?! Құр сүлдерімізді сүйреткеннен не пайда?!

Қазір екі сөз айтылса, соның бірі – жамандық. Діннен, дәстүрден іргемізді әліміз келгенше алыстаттық. Мен ешкімге ақыл айтпаймын. Айта да алмаймын. Себебі жасым небәрі 24-те. Әркім өзінің дұрыс деп таңдап алған жолымен ғана жүреді. Ол өзгеге алыс, шоқалақ не сүрлеу болып көрінуі мүмкін. Өмірде де сол.

Егер маған адамнан ең алдымен нені талап етесің десе, АДАЛДЫҚТЫ деуші едім. Онсыз махаббат та, берген серт те, айтқан сөз де, жасаған іс те мағынасыз. Неге дейсіз бе?! Өзіңіз ойлап көріңізші, сізді біреу сүйем деп тұрып, бірақ өзгемен ойнап-күлсе, бұл махаббат па?! Немесе ешкімге айтпаймын деген сырыңызды жұртқа жайып жүрсе бұл сырлас дос па?! Мүмкін! Бірақ адалдық жоқ қой. Қиын иә?! Сондықтан маған алтыннан бұрын адалдық артық.

Неше түрлі перденің шешілетін уақыты келер. Құздан құлаған құстай болсаң, ауыр болмас қанатың бар ғой. Алайда сен құс емес, адамсың ғой. Биік деп бағалап жүрген адамыңның аласа боп шыққаны жүректі ауыртады. Себебі көңілдің күмбезі құлап, тауы шағылды. Ол көңіл сол биікке шығу үшін бірнеше уақытты қажет етті. Ал бір-ақ сәтте құлай салды. Енді оны қайта құрап көр. Сондықтан адалдықтың әр істе болғаны оңайырақ

Total
1
Shares
Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Previous Post

Түркия «очерктері»

Next Post

Жас ғұмырдың келешегін күйретті…